Киносүйер қауым үшін жағымды жаңалық. Мереке қарсаңында отандық прокатта шетелдік картиналардан бөлек, қазақстандық жобалар да жарық көрмек. Жаңа жылда отбасыңызбен уақытты тиімді әрі қызықты өткізгіңіз келсе, киноға баруға кеңес береміз. Ендеше дәл осы аптаның ең айтулы кинопремьераларын тізімін ұсынамыз.

Дәл осы апта жарық көрген отандық фильмнің бірі –  «Бишарашки 2». Tiger Films ұсынған комедия отбасылық құндылықтарды дәріптейді. Туындыда Жан Байжанбаев, Әсел Сағатова, Еркебұлан Тоқтар және Адина Бажан басты рөлді сомдайды. Еске салсақ, лентаның алғашқы бөлімі былтыр көрермен назарына ұсынылып, жағымды пікірлерге ие болған еді.

Hola Amigos! 2023 жылғы «Қазақша бизнес – Бразилияда»! Нұрлан Қоянбаев 218 миллион халқы бар Оңтүстік Америкаға барып, Рио-де-Жанейро қаласында франшизаның кезекті бөлімін таспалап келді. Комедия дәстүрінен жаңылмай 28-желтоқсаннан бастап, Жаңа жыл қарсаңында үлкен экрандарға шықты.

«Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар»! «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Алдияр Жапарханов пен режиссер Қуаныш Бейсек дәл сол тозығы жеткен дәстүрлерге қарсы шықпақ! Ұят ұғымын ашып көрсететін «Дәстүр» атты тырнақалды жобаларын ұсынды. Кинонарыққа қосылған алғашқы хоррорда сондай-ақ, педофилия, зорлық-зомбылық және жемқорлық сынды қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалған.

Үлкен экрандарда отандық туындылармен қатар, шетелдік жобалардың да тұсауы кесілді. Соның бірі — «Миграция» (Migration) атты американдық компьютерлік-анимация. Режиссер Бенджамин Реннер таспалаған мультфильмді АҚШ, Канада және Франция елдері бірігіп ұсынып отыр.

Кішкентай көрермендер үшін таптырмас мүмкіндік ол – мультфильм. Мәселен, осы апта жарық көретін «Великолепная пятерка» соның бір дәлелі.  Ресей елі ұсынған анимация достық, сатқындық, алдап-арбау сынды тақырыптарды қозғайды.


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan.

Поделиться: