Соңғы жылдары гормондар сырт келбет пен көңіл күйдегі кез келген өзгерістің әмбебап түсіндірмесіне айналды. Шаршау, салмақ қосу, терідегі бөртпелер, ісіну — мұның бәрі әлеуметтік желілерде жиі «гормоналды теңгерімсіздікпен» байланыстырылып жүр. Бұл ұғым көп жағдайда айқын шындық ретінде ұсынылады, ал сонымен бірге ағзаны тез қалпына келтіруге уәде беретін сусындар, биоқоспалар мен арнайы тамақтану жүйелері белсенді түрде насихатталады.
Мұндай тақырыптың танымал болуының басты себебі — гормондық жүйенің күрделі әрі арнайы медициналық білімсіз түсінуге қиын болуында. Гормондар — ағзадағы маңызды процестерді реттейтін химиялық сигналдар. Олар зат алмасуға, энергия деңгейіне, ұйқыға, репродуктивті функцияға және эмоционалдық күйге әсер етеді. Алайда олар жеке-жеке емес, өзара тығыз байланысқан жүйе ретінде жұмыс істейді. Яғни бір өзгеріс екіншісіне әсер етіп, тұтас тізбекті реакция тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар көп айтылатын «мінсіз гормоналды баланс» ұғымы да шынайы өмірден алыс. Гормон деңгейі тәулік бойы, етеккір циклінің әртүрлі кезеңдерінде, сондай-ақ жас ұлғайған сайын үнемі өзгеріп отырады. Әсіресе перименопауза кезеңінде бұл өзгерістер анық байқалады: ағза қайта бейімделіп, ыстық басу, көңіл күйдің құбылуы сияқты түрлі белгілерді көрсетуі мүмкін.
Осы тұста заңды сұрақ туындайды: онда неге жай ғана талдау тапсырмасқа? Мәселе мынада — бір реттік анализ көп жағдайда нақты жағдайды толық көрсете бермейді. Гормон деңгейі өте жылдам өзгеретіндіктен, жалғыз талдау ағзадағы шынайы процестерді дәл бейнелей алмайды. Әрине, кейбір жағдайда тексерілу қажет: мысалы, қалқанша безіне қатысты мәселелер, бедеулік немесе белгілі бір ауруларға күдік болғанда. Алайда жаппай анализ тапсыруға деген әуестік көбіне нақты пайда әкелмейді.
Соған қарамастан мұндай тексерулер мен түрлі гаджеттерге деген сұраныс артып келеді. Себебі адамдарға өз денсаулығын бақылауда ұстап отырғандай сезім мен жеке тәсіл ұнайды. Бұған денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің азаюы да әсер етеді: қабылдаудың қысқалығы мен мамандарға қолжетімділіктің шектеулі болуы көпшілікті жауапты өз бетінше іздеуге итермелейді. Нәтижесінде әлеуметтік желі негізгі ақпарат көзіне айналады — әрі дәл сол жерде жеңілдетілген немесе шындыққа жанаспайтын түсіндірмелер де кең таралады
Әсіресе көп талқыланатын гормондардың бірі — кортизол, яғни стресс гормоны. Оны ісінуге, тері проблемаларына, тіпті бет пішінінің өзгеруіне дейін кінәлап жатады. Алайда шын мәнінде кортизол деңгейінің айтарлықтай бұзылуы сирек кездеседі және көбіне нақты медициналық жағдайлармен байланысты болады. Иә, стресс, ұйқының жетіспеуі немесе тым қарқынды жаттығулар кортизол деңгейін уақытша көтеруі мүмкін. Бірақ бұл міндетті түрде интернетте айтылатын барлық салдарға алып келеді деген сөз емес. Көптеген белгілердің себебі әлдеқайда қарапайым болуы мүмкін: тамақтану, өмір салты, генетика немесе терінің жалпы жағдайы.
Тері мәселелеріне қатысты жағдай да осыған ұқсас. Безеу, шаш түсу немесе пигментация кей жағдайда гормоналды процестермен ішінара байланысты болуы мүмкін. Бірақ бұл олардың жалғыз себебі емес. Тері жағдайына қабыну реакциялары, генетикалық ерекшеліктер, күтім, тамақтану және жалпы өмір салты да тікелей әсер етеді.
Адам барлық мәселенің түп-төркіні гормондарда деп сенген сәтте, ол автоматты түрде үлкен «шешімдер» нарығына тап болады. Биоқоспалар, шөптен жасалған кешендер, арнайы диеталар — мұның бәрі ішкі тепе-теңдікті қалпына келтірудің оңай жолы ретінде ұсынылады. Кейбір тәсілдер зиянсыз болуы мүмкін, бірақ олардың тиімділігі жиі күмән тудырады. Ал кейбірі қауіпсіз емес: құрамының ашық көрсетілмеуі және сапа бақылауының әлсіздігі денсаулыққа қауіп төндіруі ықтимал. Кей жағдайда мұндай өнімдер бауырға және басқа да ағзаларға салмақ түсіріп, жанама әсерлерге әкелуі мүмкін.
Бір қызығы, оң пікірлердің едәуір бөлігі плацебо әсерімен түсіндірілуі мүмкін. Яғни адам жақсарамын деп күтсе, құрал нақты физиологиялық әсер етпесе де өзін жақсырақ сезінуі ықтимал.
Адамның жалпы жағдайына әсер ететін негізгі факторлар өзгермейді. Сапалы ұйқы, әртүрлі әрі теңгерімді тамақтану, күйзелісті басқару және әлеуметтік байланысты сақтау — ағзаға кез келген трендке айналған тәжірибеден әлдеқайда тұрақты әрі пайдалы әсер етеді.
Сондықтан иә, гормондар шынымен маңызды рөл атқарады. Бірақ денедегі және көңіл күйдегі кез келген өзгерісті тек соған тіреп қою — тым үстірт көзқарас. Ал жылдам нәтиже уәде ететін әмбебап шешімдер көп жағдайда ғылыми негізделген әдіс емес, жақсы ойластырылған маркетингтің бір бөлігі болып шығады.
Егер сіз жоғарыда аталған жағымсыз белгілердің бірін байқасаңыз, ең дұрысы — нақты әрі жеке ұсыныс алу үшін дәрігерге жүгіну.
Harper’s BAZAAR басылымы ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.