Әдетте Met Gala кешінде ерлердің образы әйелдердің сән-салтанатынан сәл төмен көрініп жатады. Дегенмен, олар да жеке назарға әбден лайық. Иә, танымал дендилер көбіне тәуекелге бармай, классикалық стильді ұстанады, бірақ кейбірі өз киіміне ерекше «дәм» қоса біледі. Бәлкім, ер азаматтар ханымдарды көлеңкеде қалдырғысы келмейтін шығар — бұл нағыз джентльменге тән қасиет. Harper’s BAZAAR Kazakhstan Met Gala 2026-да кімдер жарқырап шыққанын көрсетеді.
Сөзсіз, A$AP Rocky — қазіргі заманның ең сәнді рэперлерінің бірі. Ол бұл мәртебесін жыл сайын Институт балына қатысу арқылы дәлелдеп келеді. Биыл ол Chanel образында және өзінің PAVĒ NITEŌ брендіне тиесілі әшекейлерімен көзге түсті.
Коннор Сторри Голливудтың жаңа it-boy жұлдызы атанып үлгергендей. Бұған оның Saint Laurent образы мен Omega сағаты үлкен үлес қосты.
«Американдық махаббат тарихы» жұлдызы Пол Энтони Келли мұндай ірі сән шарасын өткізіп жібере алмады. Dior командасы ұсынған қанық жүзім түстес барқыт фрак оның келбетіне ерекше сән берді.
Николас Холт сән әлемінің тұрақты қонағы болмаса да, Prada-ның былғары образы арқылы «Супермен» фильміндегі әріптестерінен асып түсті.
Оған компанияны тағы бір актер — Дэмсон Идрис құрады. Ол да Prada таңдаған.
Хиро Файнс Тиффин тәуекелге бармай, Valentino-ның классикалық стилін таңдады. Смокингтің басты ерекшелігі — нәзік әрі поэтикалық жаға бөлігі.
Bad Bunny командасы Met Gala 2026 тақырыбын сөзбе-сөз қабылдап, музыканттың образын әдейі «ескіртті». Орындаушы Zara брендімен әріптестігін Super Bowl 2026 кезіндегідей жалғастырды.
Эдриен Броуди Dior-дың ерекше образымен келіп, рок-н-ролл элементтерін классикалық стильмен үйлестірді.
Симон Порт Жакмюс минимализмнің де өнер екенін тағы бір дәлелдеді. Дизайнер мен оның сүйікті музасы — әжесі Лилин Жакмюс — Jacquemus брендінен қарапайым әрі стильді образ таңдады.
Дуэйн Джонсон Met Gala-ның сирек қонағы болса да, бұл жолы Thom Browne-нан батыл әрі ерекше образ таңдады.
Патрик Шварценеггер тәуекелді жақсы көретіндердің қатарында. Public School бренді оған заманауи денди стиліндегі ерекше киім дайындады.
Ал рэпер Skepta Thom Browne-ның жарқын әрі батыл костюмімен келіп, туған Ұлыбританиясына құрмет көрсетті.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.