Елдана Алмамбет — Париждегі көрсетілім туралы: «Үйің әрқашан сенімен бірге саяхаттайды»
Қазақстандық дизайнер Елдана Алмамбет Paris Fashion Week аясында The Last Nomad топтамасын ұсынды. Көрсетілім тәуелсіз дизайнерлерді біріктіретін Flying Solo платформасында өтті. Топтамада қазақ киімінің дәстүрлі элементтері — шапан, сәукеле, ұлттық өрнектер мен күміс әшекейлер — заманауи силуэттермен, жібекпен, кашемирмен және жартылай мөлдір маталармен үйлеседі. Біз дизайнермен қазақ мәдениетінің оның шығармашылығына қалай әсер еткені, ұлттық мотивтерді неге жай сәндік ретінде қолданбай, қайта пайымдау маңызды екені және Париждегі сән апталығына қатысу Eldana Ethnic брендінің дамуына қалай ықпал еткені туралы сөйлестік.
Париж — жаһандық сән индустриясының басты орталықтарының бірі. Осы тәжірибеден кейін халықаралық fashion-нарық жөніндегі көзқарасыңыз өзгерді ме?
Иә, әрі айтарлықтай. Бұрын Париж маған алыс, дерлік қолжетпес болып көрінетін, ал барған соң бұл нарықта тұтас тарихы және өзіндік болмысы бар жаңа есімдерге ашық екеніне көзім жетті. Олар мәдени контекстке қаншалықты мұқият қарайтыны таң қалдырды. Топтамаға «экзотика» арқылы түсіндірме қажет болған жоқ: адамдарды силуэттер, ұсақ-түйек детальдар және образдың артында бір шынайы нәрсе тұрғанын сезінуі баурап алды.
Иә, әрі айтарлықтай. Бұрын Париж маған алыс, дерлік қолжетпес болып көрінетін, ал барған соң бұл нарықта тұтас тарихы және өзіндік болмысы бар жаңа есімдерге ашық екеніне көзім жетті. Олар мәдени контекстке қаншалықты мұқият қарайтыны таң қалдырды. Топтамаға «экзотика» арқылы түсіндірме қажет болған жоқ: адамдарды силуэттер, ұсақ-түйек детальдар және образдың артында бір шынайы нәрсе тұрғанын сезінуі баурап алды.
Flying Solo бағдарламасына қалай ендіңіз және сіздің презентацияңыз қандай болды?
Алғаш рет таныс ортадан тыс жерде топтаманы көрсету және біздің тарихтың халықаралық сахнада қалай оқылатынын тексеру маған қызық болды. Біз қазақ эстетикасымен Алматы мен Дубайда көптен бері жұмыс істеп келеміз, ал бұл контексті алғаш көретін адамдардың реакциясын білгім келді.
Flying Solo бағдарламасына мені шақырды. Әр елден тәуелсіз дизайнерлерді қолдайтын платформаның командасы бізбен байланысқа шықты. Көрсетілім Paris Fashion Week аясында өтті, бұл — Париждегі менің алғашқы подиумым. Біз The Last Nomad топтамасын жеке-жеке заттар жиынтығы емес, тұтас бір тарих ретінде ұсындық. Оны зәйтүн реңктеріндегі корсет пен өрнекті жакеті бар образ ашты, ал жабу ретінде сәукелелі образ шықты. Араларында мінезі әртүрлі кейіптер болды: қатаң әрі қалалықтан бастап ең салтанаттысына дейін.
Неліктен дәл The Last Nomad атауын таңдадыңыз? Соңғы көшпенді деп кімді меңзейсіз және бұл әңгімені киім арқылы қалай жеткізгіңіз келді?
The Last Nomad — жаңа заман адамы. Оның бір тұрақты мекенжайы жоқ, бірақ жады мен тамыры бар, және дәл осысы оны кез келген қалада нықтайды. Киім арқылы мен мына сезімді жеткізгім келді: сенің үйің — бір орын емес, үстіңдегі және ішіңдегі нәрсе. Сол себепті топтамада дәстүрлі элементтер заманауи силуэттерде «тірі» және оларды тек ерекше күндерде ғана емес, күнделікті де киюге болады. Мысалы, топтаманы ашатын образда корсет пен шорт өрнекті жакет пен күміс әшекейлермен қатар келеді: силуэт заманауи, ал жады — детальдарда.
Топтама сипаттамасында заманауи әйелдің екіұдай болмысы — жұмсақтық пен күш үйлесімі айтылады. Бұл идея силуэттерде, материалдарда және детальдарда қалай көрініс тапты? Жалпы қандай материалдарды қолдандыңыз және неге?
Екіұдайлықты мен контрастқа құрдым. Киімдер әуе сияқты жеңіл, нәзік: самалдай ағатын силуэттер, салмақсыз алтын түсті тоқымалар, жібек, мөлдір қабаттар. Ал аяқ киімдер дөрекірек, «еркектің» мәнерінде: ковбой етіктері мен биік сапталы етіктер. Ол образға күш пен мінез қосып, бұл нәзіктіктің артында жерге нық тұрған әйел барын еске салады. Дәл осы тәсіл бұйымдардың өз ішінде де жұмыс істейді: эко-тері тоқымамен қатар, қатаң корсет еркін жакетпен қатар келеді.
Топтамада біз өте әртүрлі материалдармен жұмыс істедік: жібек, кашемир, жүн, трикотаж, барқыт, джинса және эко-тері, сондай-ақ фатаға арналған жеңіл жартылай мөлдір маталар мен жібек астарына тігілген кристалдары бар тор юбка. Маған жылмағай мен фактуралыны, мөлдір мен тығызды, нәзік пен қатаңды қатар қою маңызды болды — контрасттың матаның өз деңгейінде сезілгенін қаладым. Ал детальдар (күміс әшекейлер, шашақ, өрнек және силуэттің өзі) мұның бәрін қазақ мәдениетімен байланыстырады.
Шапан топтаманың өзегіне айналды. Оны заманауи гардеробқа табиғи түрде енгізу үшін дәстүрлі құрылымына қандай өзгерістер енгіздіңіз?
Шапан табиғатынан-ақ өте заманауи дүние: бәрінің үстінен іле салатын, мүсінге тәуелді емес еркін силуэт. Сондықтан оны костюмге айналдырмай, күн сайын киюге болатындай еткім келді.
Топтамада шапан төрт образда көрінеді, әрі әр жолы жаңа материалда: жеңінде өрнегі бар ақ және кашемирден тігілген қара, жұмсақ тоқымадан алтын түсті және көрсетілімді сәукелемен бірге аяқтайтын жібектен тігілген фуксия. Бір форма әртүрлі естіледі: бір жерде жайлы пальто секілді, бір жерде ауадай жеңіл накидкадай, бір жерде салтанатты киімдей. Оны джинсінің, көйлектің немесе шорттың үстінен киюге болады, әрі ол танымал пішінін сақтайды, бірақ костюм болып көрінбейді.
Топтамамен жұмыс істегенде қандай да бір тарихи киімдерді, мұрағат фотосуреттерін, өрнектерді немесе қазақ мәдениетінің заттарын зерттедіңіз бе?
Мұрағаттық бейнелерді мен бала кезімнен білемін: тарихымыз, мұражайлар, дәстүрлі силуэттер арқылы. Олар мен үшін сырттан келетін шабыт көзі емес, өзімнің бір бөлшегім. Маған мәдениетімізде барды алып, оны заманауи модаға көшіру, дәстүрлі бейнелерді жеңілдету маңызды болды.
Ең дәл мысал — финалдағы сәукеле. Тарихи тұрғыдан бұл шамамен жетпіс сантиметр биіктіктегі, үкі қауырсынымен көмкерілген, оберег қызметін атқарған, кейде тұтас бір табын жылқыға бағаланған келінсап киімі. Біз дәстүрлі силуэтті сақтадық, бірақ сәукелені минималистік әрі нәзік еттік. Күміс алқалар мен белдіктер тарихи әшекейлерді қайталайды, олар Қазақстаннан әкелінді. Қалғанының бәрі — менің көзқарасым: дәстүрлі пішіндер мен өрнектерді заманауи бұйымдар және маталармен ұштастырамын.
Бүгінде ұлттық сарындарды Жапониядан бастап Таяу Шығысқа дейін әр елдің дизайнерлері белсенді қолданады. Қазақ эстетикасы заманауи модада танымал қалпын сақтап, жәй ғана декоративті тәсілге айналып кетпеуі үшін не істеу керек?
Мен үшін бұл — қарым-қатынас мәселесі: дәстүр әшекей емес, тіл болуы керек. Оны жүзеге асыру үшін менде үш қағида бар.
Біріншісі: дәстүрде мәні барын алу, жәй ғана әдемі суретті емес. Мысалы, қытайдың дәстүрлі түймелі ілгегі киімді әсемдеу үшін ғана емес: ол — пішімнің бір бөлігі, өз тарихы бар, сондықтан оны қарапайым жилетте де бірден танып қоясың.
Екіншісі: пішінді өзгертуге қорықпау, бірақ оның қайдан шыққанын ұмытпау. Менің коллекцияларымда шапан кейде дәстүрліге жақын, кейде мүлде бөлек болады, әрі оны әрқалай киеді: қыста жылы пальто, жазда жеңіл жамылғы, ерекше жағдайға сәндік киім ретінде. Бірақ қайнар көзі әрдайым шынайы, және әр өзгерістің артында не тұрғанын білемін.
Үшіншісі: мұны іштен сезініп жасау. Мен осы мәдениетте өстім, оны ана тілімдей түйсінемін, сондықтан бұл мен үшін бір коллекцияның тақырыбы емес, менің өз тарихымның жалғасы.
Ұлттық костюммен жұмыс істегенде тарихи шынайылықты сақтау сіз үшін қаншалықты маңызды? Дәстүрді қайта пайымдау мен шектен тыс еркін интерпретацияның арасы қай жерден бөлінеді?
Мен музейлік костюм жасамаймын, мен заманауи киім жасаймын, сондықтан тарихты сөзбе-сөз қайталау қажет емес. Бірақ менің бастапқы нүктем әрдайым шынайы: мәдениетіміздегі бар дүние. Одан әрі қиялға ерік беремін: пішімді, мата түрлерін өзгертемін, кейде өте қатты.
Шекара, меніңше, қарапайым: бұйымнан өз мәдениетіміз сезіліп, оны тануға болса — бұл қайта пайымдау. Ал дәстүрден тек атауы ғана қалса — ол мүлде басқа нәрсе. Мен үшін өз бұйымдарым осы сезімді жоғалтпауы маңызды.
Коллекцияға арналған түстер палитрасын қалай анықтадыңыз және маталарды қалай таңдадыңыз? Қазақ мәдениеті үшін айрықша мағынасы бар материалдар бар ма?
Палитраны табиғаттан алдым: дала, алтын, күннің бату сәті. Зәйтүн, терракота және охра — даланың шөбі мен топырағынан, алтын — батқан күннің нұрынан, ал ақ пен крем реңктері ауаны қосады. Қара және фуксия сияқты акценттер образға мінез бен контраст береді. Маталар көбіне Қазақстаннан, ал кейбірін дәл қалағанымдай текстура мен түсті алу үшін арнайы тапсырыспен әзірлеттік.
Коллекцияда ақ түстің орны ерек. Біздің мәдениетте бұл — тазалық пен ізгі тілек түсі, оның тыныштығы маған өте жақын.
Бұған дейін сіз бренд өндірісі анаңыздың тігін цехымен байланысты екенін айтқан едіңіз. Қазіргі кезде өндірістік процесс қалай жолға қойылған? Марка құрылғаннан бері өндіріс ауқымы өзгерді ме?
Иә, өндіріс әлі де отбасылық: бізде мен қатты жақсы көретін отбасылық цех бар. Қазір ол толықтай Eldana Ethnic-ке бейімделген, бірақ брендке қатысы жоқ тапсырыстарды да қабылдаймыз: тапсырыспен тігу және киім қысқарту. Жақында Алматыда Жамакаев, 152 мекенжайындағы кеңірек жаңа орынға көштік, қонақтарға әрдайым қуаныштымыз. Онда бірден өлшем алып, бірге мата таңдауға ыңғайлы.
Процесс былай жүреді: маусымға арналған коллекция идеясын ойлап тауып, эскиздерін жасаймын. Сосын командамен лекалаларды талқылаймыз, әр бұйымға ең лайық маталарды таңдаймын, ал ары қарай шеберлер идеяны дайын киімге айналдырады. 2023 жылдан бері тапсырыстар артты, көлемдер өсті, сонымен бірге команда да көбейді — бұған қатты мақтанамын. Біз жер шарының кез келген нүктесінен тапсырыс қабылдаймыз және тіпті жарқын түстер мен ірі өрнектерден гөрі минимализмді ұнататындар үшін “ed_form” деп аталатын шағын екінші желіні аштық.
Бүгін сіз үшін қайсысы күрделірек: жаңа коллекция ойлап табу ма, әлде шығармашылық идеяны коммерциялық тұрғыдан сәтті өнімге айналдырудың жолын табу ма?
Шынымды айтсам, екеуі де маған қиын көрінбейді. Коллекция ойлау — қызық, ал эскиздерім мен идеяларымның шынайы бұйымға айналғанын көру — мен үшін үлкен қуаныш.
Ал коммерциялық жағында «бәріне ұнайтын болуы керек» дегенге құмартпауға тырысамын: әркімнің талғамы бөлек, бұл — табиғи. Мен үшін ең бастысы — өз аудиториямды табу, біздің визуалды тілімізге жақын адамдарды. Сондықтан бізде екінші, барынша минималистік желі де пайда болды: ол сабырлы образдарды қалайтындарға арналған.
Философиясы сізге ерекше жақын дизайнерлер не сән үйлері бар ма? Қай стиль сізге жақын?
Философиясын бірден қабылдар дизайнерді атау маған қиын: мен брендті өзіміздің дәстүрлер мен ұлттық костюмге деген жеке қызығушылығымнан өзім қалыптастырдым. Менің басты шабыт көзі — мәдениеттің өзі.
Ал визуалды тұрғыда маған Maison Margiela жақын: батылдығы, силуэттері және оның бұйымдарында мінсіз үтіктелген «картинка» жоқтығы, олардың тірі екені үшін. Киімде мінез бен қолдың ізі сезілгенін, стерильдік болмағанын ұнатамын.
Eldana Ethnic-ті бес жылдан кейін қалай елестетесіз? Брендті халықаралық ready-to-wear не couture бағытына дамытқыңыз келе ме, әлде авторлық марканың камералық форматында қалдырғыңыз келе ме?
Eldana Ethnic авторлық бренд болып қалуын қалаймын, онда менің шығармашылық табиғатыма орын бар. Париждегі көрсетілім ол үшін жақсы бастау болды: өзінің бірегейлігіне сүйенген брендтің көзге түсе алатынын көрсетті. Өскен сайын аудитория да кеңейеді — менің визуалды тілім мен жасап жүрген киім стилі үйлесетін адамдар көбейеді.
Сонымен қатар брендті тірі ететін дүниені жоғалтқым келмейді: отбасылық цех, әр бұйымға мұқият қарау, сатып алушымен жеке байланыс. Ауқым — мен үшін мақсат емес, салдар ғана, және цех брендпен бірге өсіп, рухымен отбасылық күйінде қалады деп сенемін.