Қаңтар айында күн салқындап, нағыз қыс мезгілі келгені сезіле бастағандай. Осындай уақытта жақындарыңызбен жылы кинотеатрда отырып, отандық жаңа фильмдерді тамашалау – таптырмас идея. Harper’s BAZAAR Kazakhstan редакциясы қаңтар айында жарық көретін ерекше кинокартиналарды жинақтады.
«Жұмақтан билет» - 15 қаңтар 2026 жыл
Режиссер Асқар Бисембиннің оралуы – киносүйерлер үшін үлкен оқиға. 5 жыл үнсіздік сақтағаннан кейін ол жеке өміріне уақыт арнаған болатын. Бұл фильм – Асқардың сыр сандықта сақтаған жобасы. Туынды әке мен баланың арасындағы қарым-қатынасты баяндайды. Басты рөлдерді Марат Амираев пен Еркебұлан Дайыров сомдайды.
«Құшақташы, мама» - 15 қаңтар 2026 жыл
Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін жүрекке жететін драма. Фильмді көргенде көзіңізге еріксіз жас келеді. Лента баланың анасына деген махаббатты бейнелейді, әр көрерменді терең ойға жетелейді.
«Гипноз» - 15 қаңтар
2026 жыл
Режиссер Олжас Баялбаев бұл жолы криминалды драманы ұсынды. Тамирис Жанғазинова, Дулыға Ақмолда, Әбілмансұр Серіков, Төлепберген Байсақалов бас кейіпкерлерді сомдайды. Сюжет отбасындағы қаржылық қиындықтарға төтеп бере алмай, жеңіл ақша іздейтін Аянат есімді кейіпкер жайлы. Ол табыс табуды гипноз арқылы шешпек болады.
«Тәубе» - 22 қаңтар 2026 жыл
Психологиялық драма. Актер Еркебұлан Дайыров басты рөлде. Ол Азамат есімді шахтердің бейнесінде: мінезі қатал, билікті отбасынан жоғары қоятын кейіпкер. Бір күні шахтада апат болып, 40 адам жер астында қалады. Шерхан барлығын құтқарып, соңғы адамды аман алып қалу үшін өзі үйінді астында қалып қояды. Ел оны өлдіге санайды, бірақ Шерхан тірі қалады, ал апаттан кейін оның өмірі мүлде өзгереді.
«Көз тимесін» - 22
қаңтар 2026 жыл
КВН-нің майталмандары ұсынған комедиялық-драма. Төрт баласымен тар пәтерде тұратын Ерлан мен Үміттің отбасы жайлы. Ақша тапшылығы мен күнделікті күйбең тірлік ұрыс-керіске апарады. Бірақ ерлі-зайыптылар жағдайды өзгертуді шешіп, өмірге батыл қадам жасайды.
«Қызым» - 29 қаңтар 2026 жыл
Әкесінің денсаулығы сыр бергенде үш қыз әкесіне жар табуға бел буады. Бірақ бұл әрекет тек махаббатты емес, сондай-ақ олардың ішкі жараларын, шешілмеген сезімдерін де ашады.
«Қолымнан ұста» - 29 қаңтар 2026 жыл
Романтикалық комедия.
Рамазан Амантай бұл жобада кинопродюсер әрі актер ретінде өнер көрсеткен. Бір
қызығы, ол рөлге 145 келі салмақпен түскен. Фантастикалық элементтері бар
фильмде Мейіржан мен Арай есімді кейіпкерлердің қолдары ерекше құбылыстан
бірігіп, енді олар бір-бірімен бірге өмір сүруге мәжбүр болады.