2026 жылдың күзінде шаш сәніндегі басты бағыт — бет пішіні мен шаш құрылымына бейімделген көпқабатты қию. Енді шаш бір ғана қалыппен қиылмайды: қабаттар бет сүйегі, жақ сызығы мен бұғана тұсына қарай үйлестіріліп, бет әлпетінің ерекшелігін айқындай түседі. Сонымен қатар мұндай тәсіл табиғи бұйраның құрылымын ашып, тік шаштың қалыңдығы мен көлемін тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Назарларыңызға осы күзде өзекті болатын шаш үлгілерін ұсынамыз.
Жұмсақ контурлы француз бобы
Иекке немесе ерін бұрышына дейін жететін ұзындық пен ұштарындағы нәзік градуировка — бұл үлгінің басты ерекшелігі. Классикалық бобқа тән қатаң геометриялық сызықтар мұнда жұмсартылған: шашты ұштарын ішке қарай сәл қайырып немесе табиғи, жеңіл текстурамен сәндеуге болады. Мұндай қию мойын сызығын айқындап, сопақ және ұзынша бет пішінінің пропорциясын үйлестіреді. Сондай-ақ күзгі қалың жакеттермен және водолазкалармен жарасымды көрінеді.
«Көбелек» үлгісіндегі шаш қию
Бұл — төбе тұсында қысқа қабаттардан басталып, төмен қарай ұзын әрі жеңіл сатыларға ұласатын каскадты қию техникасы. Алдыңғы жағынан каре әсерін беретін үлгі артқы бөліктегі шаш ұзындығын сақтап қалады. Оның тағы бір артықшылығы — брашингпен сәндегенде шашқа айқын әрі әсерлі көлем беруі.
90-жылдар стиліндегі бикси
Пикси мен бобтың үйлесімінен туған бұл шаш үлгісі қысқа қиюға дайын, бірақ сәндеудің бірнеше нұсқасын сақтап қалғысы келетіндерге арналған. Шашты құлақ артына жинауға, қиғаш айырым жасауға немесе «дымқыл» эффектімен сәндеуге болады. Желке тұсы қысқалау қиылып, самайдағы шаш пен кекіл ұзындау қалдырылады. Соның арқасында бет айналасында жұмсақ әрі жинақы контур қалыптасады.
Клэвикат
Бұл үлгіде шаш ұзындығы дәл бұғана тұсына дейін жетеді. Классикалық ұзын бобтан басты айырмашылығы — шаш ұштарының жеңіл микротекстурамен өңделуінде. Мұндай әдіс пальто немесе басқа сырт киімнің жағасына үйкелген кезде шаш ұштарының қайырылып, пішінін жоғалтуына жол бермейді. Клэвикат — кареден кейін шашын өсіріп жүргендерге немесе ұзындығын бірден айтарлықтай қысқартуға дайын емес жандарға арналған ең практикалық нұсқалардың бірі.
Жаға тұсына дейінгі тік боб
Шашты визуалды түрде қалың етіп көрсететін түзу әрі тығыз қиылған сызық — бұл бобтың басты ерекшелігі. Дегенмен оны мінсіз тегістеп қою міндетті емес. Керісінше, жеңіл толқын немесе ұштарын ішке қарай жұмсақ қайыру үлгіге заманауи сипат береді. Мұндай шаш қию әсіресе жұқа әрі көлемі аз шашқа жарасады: анық контур шашты қалың әрі жинақы етіп көрсетеді.
Перде-кекілді каскад
Екі жаққа табиғи бөлініп, бет айналасындағы қабаттарға біртіндеп ұласатын француз стиліндегі кекіл биыл да өзектілігін жоғалтпайды. 2026 жылғы нұсқасында кекіл ұзынырақ қиылады — иек немесе мойынның жоғарғы бөлігіне дейін жетеді. Соның арқасында оны қажет кезде құлақ артына оңай жинауға болады. Бұл — дөңгелек, төртбұрыш және жүрек пішінді бетке жарасатын әмбебап шешім. Ұзын кекіл бет әлпетінің өткір сызықтарын жұмсартып, образға жеңілдік береді.
Текстуралы бұйра шег
Табиғи бұйраның пішіні мен бағытын ескеретін бұл шаш үлгісі көбіне құрғақ шашты қию әдісімен (dry cut) жасалады. Қабаттар төбе тұсына көлем беріп, ал шаш ұштары жеңіл күйінде қалады. Нәтижесінде бұйра шашқа жиі тән төмен қарай кеңейіп кететін «үшбұрыш» эффектісі жойылып, шаштың табиғи құрылымы әдемі айқындалады.
Авторы. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.