Көктемнің алғашқы айы биыл да киномен басталмақ. Наурызда қазақстандық режиссерлер мен продюсерлер көрерменге бірнеше жаңа туынды ұсынғалы отыр. Отбасылық құндылықтар, махаббат, достық, сатқындық пен кешірім — осы айдағы фильмдердің негізгі арқауы. Harper’s BAZAAR Kazakhstan редакциясы назар аударуға тұрарлық премьераларды шолып шықты.
«Мама», 5 наурыз
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды продюсер әрі актер ретінде ұсынған бұл экшн-драма 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аналарға арналады. Сюжет бойынша, жазасын өтеп бостандыққа шыққан Темір өмірін жаңадан бастағысы келеді. Алайда өткен күнәлары оның соңынан қалмайды. Ең ауыр сынақ — анасының деменцияға шалдығуы. Фильм қателік пен кешірім, парыз бен ар арасындағы күресті көрсетеді. Өткен мен бүгін бетпе-бет келгенде адам өз көлеңкесінен қашып құтыла ала ма?
«Ол сен емес», 5 наурыз
Фильм ерекше сұрақтан бастау алады: егер бір күнге әйел ер адам болып оянса, не істер еді? Комедиялық элементтері бар туынды гендерлік рөлдер мен қоғамдағы стереотиптерге өзгеше көзқарас ұсынады.
«Үйлену оңай», 12 наурыз
Бұл мелодрама — махаббат пен некеден кейінгі шынайы өмір жайлы хикая. Басты рөлдерде Берік Айтжанов, Әсел Сағатова және өзге де танымал актерлер ойнайды. Жас сценарист Айдар қарым-қатынас туралы фильм жазу үшін психологпен бірге махаббаттың «мәңгілік» сезімнен күнделікті өмір сынағына қалай ұласатынын зерттейді. Олардың назарында бірнеше отбасының тағдыры бар:
– табысты менеджер Жанар мен үй шаруасын мойнына алған Жандос;
– опасыздықпен бетпе-бет келген Қарлығаш;
– сәби сүйгісі келетін жас жұп. Кім сезімді сақтап қалады, ал кім бәрін жаңадан бастауға бел буады?
«Черный Двор», 12 наурыз
Культке айналған
сериалдың жалғасы. Түрмедегі Мұха қашуды жоспарлайды. Бірақ оның жолын балалық
шағындағы досы — түрме қызметкері Боб кес-кестейді. Бірі еркіндікті армандайды,
бірі заңды қорғауға міндетті. Фильм достық пен жүйе арасындағы тартысты көрсетеді.
«Ерекше», 19 наурыз
«ЕРЕКШЕ» — паралимпиадалық бочча спорты туралы түсірілген алғашқы отандық көркем фильм. Туынды Tiger Films продюсерлік компаниясы тарапынан Қазақстан Бочча федерациясының қолдауымен түсірілген. Бас демеуші — Kinopark Theatres. Фильм жігер, төзім және шектеусіз мүмкіндіктер туралы баяндайды.
«Байқа алаяқ», 19 наурыз
Детективті комедия жанрындағы туынды қоғамдағы өзекті мәселені — интернет алаяқтықты көтереді. Талғат пен Катя — қарапайым зейнеткер ерлі-зайыпты. Балалары пәтердің алғашқы жарнасын жинап береді. Алайда банк картасына салынған ақша алаяқтардың құрбанына айналады: «код айтыңыз» деген бір қоңырау — бар қаржыдан айырылуға жеткілікті. Фильм күлкі арқылы күрделі әлеуметтік проблеманы қозғайды.
«Таптым-ау сені 3», 26 наурыз
Танымал франшизаның
үшінші бөлімі. Бұл жолы Жексен мен Сәуленің қарым-қатынасы жаңа кезеңге аяқ
басады. Балалары өсіп келеді, ал отбасылық өмір жаңа сынақтарға толы.
Комедиялық сарында өрбитін фильм махаббаттың уақыт өте қалай өзгеретінін
көрсетеді.
Наурыз айы қазақстандық кино үшін мазмұнды болмақ. Көрермен махаббат пен адалдықты, достық пен сатқындықты, отбасы құндылықтарын әр қырынан тамашалай алады. Әр жанрға арналған туындылар ұсынылғандықтан, өзіңізге жақын фильмді табу қиын емес. Көктемді жақсы кинофильммен қарсы алыңыз!