Қазақстандық модельдер әлемдік сән индустриясында өз орнын нықтап келеді. Silence Models агенттігі атынан шыққан жас таланттар Милан мен Париждегі ерлер сән апталықтарында беделді брендтердің жаңа коллекцияларын таныстырып, халықаралық подиумдарды бағындыруын жалғастыруда.
Prada подиумындағы тұрақты есім
Silence Models агенттігінің моделі Асанәлі Данияров биыл Миланда өткен ерлер сән апталығы аясындағы Prada шоуына төртінші рет қатарынан қатысты. Бұл — халықаралық сән сахнасында модельдің кәсіби деңгейі мен тұрақты сұранысқа ие екенін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.
Louis Vuitton-дағы жарқын дебют
Ал Silence Models агенттігінің тағы бір өкілі Әлжан Жандарбеков кеше Парижде өткен ерлер сән апталығы аясында Louis Vuitton шоуында алғаш рет дебют жасады. Бұл — кез келген модель үшін армандайтын деңгей.
Louis Vuitton подиумына шығу — әлемдік сән индустриясындағы ең беделді белестердің бірі. Әлжанның Париждегі алғашқы көрсетілімі қазақстандық жаңа буын модельдерінің халықаралық нарықта сұранысқа ие бола бастағанын айқын көрсетеді.
Әлжан Жандарбеков сондай-ақ, күні кеше Парижде өткен Dior брендінің көрсетіліміне қатысты. Бұл — Әлжанның Paris Fashion Week 2026 аясындағы екінші мәрте шығуы.
Rick Owens подимуындағы дебют
Арман Смайл Париждегі сән апталығы аясында өткен Rick Owens бренді көрсетілімінде бой көрсетті. Айта кету керек, ол — бұл брендтің шоуына қатысқан алғашқы қазақстандық модель.
Арманның дефилеге дейінгі жолы да ерекше қызық. Павлодар қаласынан шыққан 20 жастағы жігіт музыкалық колледжде «джаз барабаншысы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал үш ай бұрын оған Bacca Models Kazakhstan модельдік агенттігі қызығушылық танытып, нәтижесінде Париждегі IMG Models халықаралық агенттігімен келісімшартқа қол қойылды.
Louis Vuitton-нан келген екінші мүмкіндік
2026–2027 жылдардың күз–қыс маусымына арналған ерлердің ready-to-wear топтамаларын ұсынатын Париж сән апталығы қызу өтіп жатқаны сөзсіз. Әлемдік деңгейдегі фэшн мерекесінің көптеген көрсетілімдері тікелей эфирде көрсетілуде. Олардың қатарында Louis Vuitton, Givenchy, Dior және Hermès сынды әйгілі сән үйлері бар.
Бұл күні подиумға алғашқылардың бірі болып Эрик Ильин шықты.Еске салсақ, бұл оның Louis Vuitton бренді үшін екінші рет подиум төрінен табылуы. Модель көрермен алдына көлемді терракот түсті пальто, бантик-галстукпен толықтырылған қатаң батпақты реңктегі костюм киіп шықты. Таланытты сері образ арқылы бет-жүзін жауып тұратын былғары кепка киіп ерекше әрі батыл сипатқа бөлеп, көрсетілімге айрықша драматизм қосқан.