Бүгінде әйелдер өздерінің физикалық және психикалық денсаулығына бұрынғыдан да көбірек мән бере бастады. Бұл әсіресе босану процесіне қатысты анық байқалады. Өмірдегі ең күрделі әрі ең маңызды сәттердің бірінде әр әйел қасында не болып жатқанын түсіндіріп, қалай әрекет ету керегін айтып, рухани демеу болатын жанның болғанын қалайды. Осылайша доула мамандығына сұраныс артты. Бірақ доула нақты немен айналысады? Қазақстанда мұндай мамандар бар ма? Harper's BAZAAR Kazakhstan толығырақ айтып береміз.
Дәрігер де емес, акушерка да емес — онда кім?
Доулаға бір ауыз сөзбен анықтама берсек, ол — әйелге өміріндегі ең нәзік әрі ең қуатты кезеңде кәсіби эмоционалдық және физикалық қолдау көрсететін маман.
Доуланың медициналық білімі болмайды (кейде бар болуы мүмкін, бірақ бұл міндетті емес) және ол клиникалық процеске араласпайды. Диагноз қоймайды, босануды қабылдамайды және медициналық ұсынымдар бермейді. Есесіне көмектеседі:
- Қорқыныш пен уайымды еңсеруге,
- денеде не болып жатқанын түсінуге,
- толғақты жеңілірек өткеруге,
- дәрігерлермен тиімді қарым-қатынас орнатуға,
- жиі басқаруға келмейтіндей көрінетін үдеріске бақылау барын сезінуге.
Қысқасы: мұндай маман перзентханадағы «өз адамыңызға» айналады.
Неге дәл қазір олар жайлы әңгіме көбейді?
Доулаға деген қызығушылық әлемдік деңгейдегі саналылық пен өз-өзіне қамқорлық трендімен тікелей байланысты. Босану «әйтеуір өткеретін кезеңнен» шығып, өмірдегі маңызды тәжірибеге айналып келеді.
Бұдан бөлек, әйелдер барған сайын жиі мынадай дүниелерді қалайды:
- Көрсеткішсіз медициналық араласулардың аз болуын,
- өз шешімдеріне көбірек құрмет болуын,
- серіктеспен босану (әрдайым жұбайы болуы шарт емес),
- құр нұсқаулық емес, түсіністік.
Доула іс жүзінде не істейді?
Жұмыс перзентханаға дейін-ақ басталады. Әдетте жүктілік кезінде бірнеше кездесу өтеді, онда күтулер, қорқыныштар және босану сценарийлері талқыланады. Доула «босану жоспарын» жасауға көмектесе алады.
Босану кезінде ол:
- Жанында болады (кейде толғақ басталған сәттен-ақ),
- тыныс алу тәсілдерін үйретеді,
- массаж жасайды,
- қалпын ауыстыруға көмектеседі,
- сөзімен және жанында болуымен қолдайды.
Көптеген доулалар босанғаннан кейінгі алғашқы апталарда да әйелге серік болады: бейімделуге көмектеседі, емізуді жолға қоюға (негізгі қолдау аясында) жәрдемдеседі, эмоциялық ауытқулармен күресуге дем береді.
Қазақстанда доулалар бар ма?
Иә, бар және олардың қатары көбейіп келеді. Ірі қалаларда — Астанада, Алматыда, Шымкентте — доулалар қауымдастығы қалыптасып үлгерді. Олардың көбі халықаралық ұйымдарда немесе жергілікті мектептерде оқып, кәсіби бірлестіктерге бірігеді.
Дегенмен маңыздысы: елімізде доула мамандығы ресми түрде реттелмеген. Яғни бірыңғай сертификаттау стандарты жоқ, дайындық деңгейі айтарлықтай әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан маман таңдауда мұқият болу қажет.
Соған қарамастан, сұраныс өсіп келеді. Әйелдер тәжірибесімен бөлісіп, бір-біріне доулаларды ұсынады, ал кейбір перзентханалар олардың қатысуына барынша лоялды қарай бастады.
Дәрігерлер оларды қалай қабылдайды?
Қарым-қатынас әрқилы. Медициналық қауымның бір бөлігі доулаларға сақ қарайды — оларды үдерістегі артық қатысушы деп көреді. Негізгі қауіп — медициналық шешімдерге араласу.
Бірақ басқа қыры да бар: пациенттің жайлылығына бағытталған заманауи перзентханалар мұндай қолдаудың құндылығын түсінеді. Бұған қоса, зерттеулер де доуланың қатысуы босанушы әйелдің стресс деңгейін төмендетіп, кесар тілігінің ықтималдығын азайтып, босануды анағұрлым жағымды тәжірибеге айналдыратынын көрсетеді. Сондықтан ең дұрысы — доула мен дәрігер бәсекелес емес, одақтас.
Бұл қанша тұрады?
Қазақстандағы доула қызметтері әзірге жоғары бағалы сегментке жатады. Маманның тәжірибесіне және қызмет топтамасына қарай сүйемелдеу құны орташа деңгейден едәуір қымбатқа дейін барады. Әдетте бағаға: босануға дейінгі кеңестер, босануда жанында болу және босанғаннан кейінгі кездесу кіреді.
Кейбір доулалар икемді форматтар ұсынады. Мәселен, тек онлайн қолдау немесе перзентханада жеке қатысусыз сүйемелдеу.
Бұл кімге шынымен керек?
Доула — босанудың міндетті бөлшегі емес, алайда кейбір жағдайларда айрықша пайдалы болуы мүмкін:
- Егер бұл алғашқы босану болса,
- алдыңғы тәжірибе травматикалық болса,
- әйел босанудан қорқатын болса,
- серіктесі жоқ не ол белсенді қатысуға дайын емес болса,
- бақылау мен саналылықты көбірек қалағанда.
Тренд пе, жаңа норма ма?
Көбірек екіншісі. Бір кездері серіктеспен босану тосындау көрінсе, қазір доулаға да үйрене бастады. Ал жалпы бағыт айқын: босану барған сайын жекеленіп, әйел — жай ғана пациент емес, үдерістің басты тұлғасына айналып келеді.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.