Отандық кино әлемдік фестивальдерде өз орнын нықтап келеді. Соның жарқын дәлелі – режиссер Әділхан Ержановтың «Тургауд» фильмінің Нью-Йорк Азия кинофестивалінің бағдарламасына енуі. Бұл – қазақстандық кинематографияның халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, отандық режиссерлердің туындылары әлемдік көрерменнің қызығушылығын арттырып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістік.
Қазақстандық режиссерлердің екі туындысы 10–26 шілде аралығында өтетін 25-ші Нью-Йорк Азия кинофестивалінің (NYAFF) бағдарламасына енді. Байқаудың негізгі жүлделерінің бірі - Uncaged Award үшін режиссер Әділхан Ержановтың «Тургауд» толықметражды фильмі бақ сынайды. Еске салсақ, картинаның Солтүстік Америкадағы тұсаукесері дәл осы фестиваль аясында өтпек. Бұған дейін фильмнің әлемдік премьерасы Берлиндегі Сыншылар апталығында өткен болатын.
Ал режиссер Зере Тұрлыханованың «Гроботерапия» қысқаметражды қара комедиясы «Үздік қысқаметражды фильм» аталымы бойынша дәл осы шарада ұсынылды. Бұл туынды бұған дейін АҚШ-тағы Палм-Спрингс кинофестивалінде де көрсетіліп, халықаралық көрерменнің назарына іліккен еді. Олай болса, қазақстандық кино өнерінің абыройын халықаралық аренада асқақтатып жүрген жоба авторларына сәттілік тілейміз!