Инесіз сұлулық: эстетикалық косметологиядағы жаңа дәуір
Фото. Shutterstock.com. Автор. Studio Romantic.

Инесіз сұлулық: эстетикалық косметологиядағы жаңа дәуір

13 февраля 2026

Эстетикалық медицина әлемі күн санап өзгеріп келеді. Бұрын жасарудың басты құралы саналған инъекциялар — ботокс, филлерлер мен биостимуляторлар — бүгінде назар барған сайын инесіз процедураларға ауысып жатыр.

Бұған бірнеше себеп бар: регенеративті медицинаға қызығушылықтың артуы, нәтижені табиғи көрінуге ұмтылу және, әрине, ауырсыну, оңалту кезеңі мен иненің өзінен қашу тілегі.

Қазіргі технологиялар терінің үстірт жарқырауымен шектелмейді. Жаңа әдістер жасушалық деңгейде жаңару үдерістерін іске қосып, коллаген синтезін ынталандырады және ұзаққа созылатын нәтиже береді — кейде инъекцияларға тең, тіпті кейде асып түседі. Айтпақшы, дәрігерлер пациенттердің эпидермиске өз бетінше қалпына келуге көмектесетін процедураларды жиі таңдайтынын атап өтеді. Бүгін ең уәделі саналатын технологияларды қарастырамыз.

Ultherapy Prime — терінің өз қорын іске қосатын лифтинг

Сарапшылардың айтуынша, филлерлерге сұраныс біртіндеп кеміп келеді. Көпшілік өз коллагенін өндіруді ынталандыратын әдістерге көбірек бет бұрды. Ultherapy Prime дәл осылай әсер етеді. Процедура микрофокусталған ультрадыбысты қолданады, ол терінің қалпына келу үдерістерін іске қосады. Нәтижесінде бет овалы тартылады, дерма тығыздалып, босаңсуы азаяды. Айтпақшы, әдіс мойын мен декольте аймағына да лайық.

Ультрадыбыс тіндерде микроскопиялық жылу ошақтарын түзеді, ағза оны қалпына келу сигналы ретінде қабылдайды. Осылайша тері жаңару үдерісін бастап, коллаген белсенді түзіледі. Процедура, әдетте, жайлы өтеді — көбіне тек жылу не жеңіл шаншу сезімі болады.

Красота без уколов: новая эра эстетической косметологии
Фото. Shutterstock.com. Автор. MBLifestyle.

Қызыл жарық терапиясы — жасушалық деңгейде қалпына келтіру

Технологиялық жетілдірулер мен ғылыми зерттеулердің арқасында бұл әдіс жаңа танымалдық толқынын бастан кешіруде.

Әсер ету принципі қарапайым: жарық толқындары жасушаларға еніп, митохондрияларды — ағзаның «энергетикалық станцияларын» — белсендіреді. Соның нәтижесінде жасушалар тиімдірек жұмыс істеп, тезірек қалпына келеді.

Процедураның берері не?

  • коллаген түзілуін ынталандыру,
  • қабынуды азайту,
  • терінің қалпына келуін жеделдету,
  • шаш өсуін жақсарту.

Сеанс шамамен 30 минутқа созылады әрі оңалтуды қажет етпейді. Бұл — тері сапасын қолдаудың ең жұмсақ әрі әмбебап тәсілдерінің бірі.

Thermage — отасыз серпімділік

Бұл — радиожиілікті энергияға негізделген тағы бір инвазивті емес технология. Ол ультрадыбыстан гөрі үстірт әсер етеді, бірақ коллаген түзілуін де ынталандырады. Нәтижесінде тері тығызырақ әрі тартылғандай болады.

Тіндердің серпімділігі төмендегенде бұл әдіс ерекше тиімді. Дәрігерлердің айтуынша, оны жиі өзге тәсілдермен біріктіріп, терінің әр деңгейінде кешенді жасарту үшін қолданады.

Красота без уколов: новая эра эстетической косметологии
Фото. Shutterstock.com. Автор. Peakstock.

Halo BBL — эпидермисті кешенді жаңарту

Егер басты мақсат — терінің жалпы сапасын жақсарту болса, көптеген маман Halo BBL жүйесін ұсынады. Бұл технология кеңжолақты жарық пен фракциялық лазерді біріктіреді. Ол дерманың үстіңгі қабаттарына әсер етіп, бірден бірнеше мәселені шешуге көмектеседі: әжімдерді азайту, кеуектерді тарылту, бедерін тегістеу, терінің жарқылын арттыру.

Әдіс қалпына келу кезеңі ең қысқа бола тұра, тері бетін жаңартуда ең тиімділердің бірі саналады.

Инесіз процедуралар не себепті трендке айналды?

Қазіргі эстетиканың басты идеясы — жас ерекшеліктерін жай бүркемелеу емес, терінің өз бетінше жақсырақ жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сондықтан клиенттер мұндай процедураларды таңдайды: олар уколды қажет етпейді, дерлік ауыртпайды, ұзақ оңалтуды талап етпейді, табиғи нәтиже береді және ұзақ мерзімді жаңару үдерістерін іске қосады.

Индустрия, көріп отырғанымыздай, жылдам түзетулерден регенерация мен биостимуляцияға біртіндеп ауысып келеді. Технологиялардың даму қарқынына қарағанда, бұл — әлі басы ғана.

Harper's BAZAAR UK ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше