Кейде бәрі жақсы әрі бір қалыпты көрінгенімен, төсек қатынасы мәселесі қиын тақырыпқа айналуы мүмкін. Тіпті ең үйлесімді қарым-қатынастарда да кей уақыттарда «құрғақшылық кезеңі» басталады. Жан жарыңызды көргенде жүрегіңіз қатты соғуын азайтады, ал құмарлық бұрынғыдай еселенбеуі мүмкін. Бұған көптеген себептер бар — тіпті серіктеспен жыныстық қатынас жалықтырып жіберуі де мүмкін. Алайда сарапшылар мұндай жағдайдың қалыпты екенін алға тартады. Жас ұлғайған сайын ер адамдардың жыныстық құштарлығы төмендеуі мүмкін. Егер сіз осындай мәселемен бетпе-бет келсеңіз және оны шешу үшін төсектегі өмірге «дәмдеуіштер» қосуға тырысып жатсаңыз бірден өзіңізді кінәламаңыз. Төменде серігіңіздің енді сізді неге қаламайтынының бірнеше себебін ұсынамыз. Мұны сіз мүлде байқамауыңыз да мүмкін.
Ол тым көп жұмыс істейді
«Ер адамдар мансапқа құмар болса, жыныстық энергиясын да сол арнаға бұруы мүмкін», — дейді нейропсихолог Сидни Серуто. Жыныстық құштарлығы әйелі емес, жұмысы болып кететін сәттер болады. Мұндай жағдайда серігіңізбен ашық сөйлесіп, оның жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдігін қалай ұстай алатыныңызды бірге талқылаған жөн. Төсек — жұмыстан демалатын орын екенін екеуіңіз де ұғынуыңыз маңызды.
Тестостерон деңгейінің төмендеуі
Көптеген ер адам бұл мәселемен бетпе-бет келеді. Себебі медицина деректеріне сүйенсек, 30 жастан кейін ер адамның тестостерон деңгейі жыл сайын төмендей береді. Бұл тек жыныстық құштарлықтың азаюына емес, сонымен қатар жалпы шаршағыштық, бұлшық ет массасының жоғалуы және көңіл-күйдің нашарлауына әкеледі. Егер дәрігер тестостерон деңгейінің төмен екенін растаса, қатты уайымдаудың қажеті жоқ — гормоналды терапия арқылы бұл мәселені шешуге болады.
Ерлердің менопауза кезеңі
Иә, мұндай да болады! Бұл құбылыс — андропауза деп аталады. Бұл – жыныстық гормон деңгейінің жасқа байланысты табиғи төмендеуі. Бұрын сіз үйге кіргенде серігіңіз киіміңізді жыртып алғысы келетіндей әсер қалдырса, енді жаңа белдемшеңізге де назар аудармайтын болса — бұған сіз емес, оның биологиясы кінәлі болуы мүмкін. Мұндайда екеуара ашық сөйлесіп, бір-біріңіздің интимдік қажеттіліктеріңіз туралы айту маңызды.
Секс орнына порно көретін болуы мүмкін
Индиана және Гавайи университеттерінің зерттеуіне сәйкес, жиі порно көретін ер адамдар өз серіктестерімен жыныстық өмірде ғана емес, эмоционалдық жақындықта да қанағаттанбайтыны анықталған. Бұл махаббат, сенім мен қарым-қатынасты бағалауға кері әсерін тигізеді. Ең жаманы — порноға деген тәуелділік кейде нақты жыныстық қатынасқа деген ынтаны толықтай жойып жібереді. Мұндай жағдайда сексологқа немесе психотерапевтке жүгінген дұрыс.
Артық салмақ
Медицина зерттеулері көрсеткендей, артық салмақ пен физикалық белсенділіктің төмендігі 43% әйел мен 31% ер адамның жыныстық бұзылыстарына себеп болған. Майлы, тәтті немесе ауыр тағамдарды көп тұтынатын адам өзін шаршаңқы, баяу сезінеді — ал бұл жағдай сексуалдық белсенділікке кері әсер етеді.
Автор. Harper's BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Shutterstock.com.