Блогер әрі дипломды трихолог Эбби Янг (майлы шаш түбін мицеллярлы сумен тазарту идеясын алғаш ұсынған маман) шаш күтіміне арналған жаңа әдісін таныстырды. Бұл жүйе тұтас 11 қадамнан тұрады! Төмендегі видеодан инфлюенсер ұсынған нақты өнімдерді таба аласыз. Ал оған дейін біздің гидпен танысып шығыңыз.
Эбби әдісінің негізі — бондинг технологиясы. Бұл шаш құрылымындағы дисульфидті молекулалық байланыстарды қалпына келтіруге бағытталған заманауи күтім тәсілі. Мұндай байланыстар жиі бояу, ағарту және ыстық құралдармен сәндеу салдарынан бұзылады. Трихолог бүкіл күтім процесін төрт негізгі кезеңге бөледі: жуынар алдындағы күтім, жуыну кезіндегі күтім, жуынғаннан кейінгі күтім және шаш жуу аралығындағы күтім.
Дайындық кезеңі (душқа дейін)
Бұл кезең шаштың нәзік құрылымын ағын су мен агрессивті ПАВ әсерінен қорғайды.
1-қадам: Бондинг-база
Құрғақ немесе сәл дымқыл шашқа күшейтетін pre-shampoo өнімдері жағылады. Олар көзге көрінбейтін қорғаныс қабатын жасап, шаштың жуу кезінде сынуын болдырмайды.
2-қадам: Табиғи майлар
Кокос, арган немесе кез келген нәрлендіруші майды шаштың ұзындығына жағуға болады (қалауыңызша). Бұл — кеуекті, қатты әрі қатты құрғаған шашқа арналған тамаша күтім. Майлар шаштың серпімділігін қайтарады.
Тазарту және қалпына келтіру (душ кезінде)
Бұл кезеңде күтім күшейе түседі, ал өнім таңдау шаштың қазіргі жағдайына байланысты болады.
3-қадам: Дұрыс сусабын таңдау
Эбби бірнеше сусабынды алмастырып қолдануға кеңес береді:
– жұмсақ базалық сусабын — күнделікті күтімге;
– терең тазартатын сусабын — аптасына бір рет стайлинг қалдықтарын кетіру үшін;
– емдік сусабын — бас терісі сезімтал немесе қайызғақ болған жағдайда курспен қолдануға.
4-қадам: Интенсивті бондинг
Қалпына келтірудің екінші кезеңі. Бұл жолы маска немесе leave-in күтім форматында жүзеге асады. Мысалы, K18 қолданғаннан кейін пептидтердің белсендірілуі үшін 4 минут күту қажет.
5-қадам: Кондиционер қолдану
Тазарту кезеңінің соңғы әрі маңызды қадамы. Бұл кәдімгі бальзам, қою маска немесе low-pH деңгейіндегі өнім болуы мүмкін. Мұндай құралдар кутикуланы жылдам жауып, шашқа айнадай жылтыр береді.
Қорғау және сәндеу (душтан кейін)
Бұл кезең шаш текстурасы мен кептіру кезіндегі қауіпсіздікке жауап береді.
6-қадам: Leave-in бондинг
Жеңіл сарысу немесе флюид алғашқы қорғаныс қабатын қалыптастырады.
7-қадам: Праймер
Шашты оңай тарауға арналған классикалық leave-in кондиционер.
8-қадам: Термоқорғаныс
Фен немесе плойка қолданар алдында міндетті түрде қажет өнім.
9-қадам: Текстура беру
Түбіне көлем беретін мусс немесе шаш ұзындығын тегістейтін крем.
10-қадам: Фиништік май
Құрғақ ұштарға аз ғана сарысу жағылып, шаштың үрпиюын басып, қосымша жылтыр береді.
Сергектікті сақтау (жуу аралығында)
11-қадам: Құрғақ сусабынды дұрыс қолдану
Бұл өнім шаш түбіндегі көлем мен тазалық әсерін сақтау үшін пайдаланылады.
Маңызды!
Эбби Янг әдісі — күнделікті әмбебап күтім емес, керісінше интенсивті SPA-терапияға жақын жүйе. Егер барлық 11 өнімді бір мезетте жұқа немесе майлануға бейім шашқа қолдансаңыз, шаш ауырлап, «артық қоректенген» әсер беруі мүмкін.
Бұл әдістің басты құпиясы — оны өз шашыңыздың типіне бейімдеу.
Майлы түпті шаш үшін
Мұндай шашқа күтімді 8 қадамға дейін қысқартқан дұрыс. Душқа дейінгі табиғи майлар мен фиништік майдан толықтай бас тарту қажет. Негізгі назарды бас терісін тұрақты терең тазартуға және құрғақ сусабын қолдануға аударыңыз. Leave-in күтімнің барлығы (бондинг, праймер, термоқорғаныс) тек ультражеңіл спрей текстурасында болғаны дұрыс.
Құрғақ, кеуекті және қатты шаш үшін
Мұндай шашқа 10 қадамдық жүйе мінсіз сәйкес келеді. Бұл жағдайда құрғақ сусабынды алып тастаған жөн, өйткені ол шашты одан әрі құрғатуы мүмкін. Ал душқа дейінгі бондинг-база мен нәрлендіруші майлар міндетті күтімге айналады. Сәндеу кезінде қою кремдер мен фиништік майларды бірнеше қабаттап қолдануға болады — кеуекті құрылым оларды толық сіңіріп, шашқа жұмсақтық береді.
Жұқа әрі көлемсіз шаш үшін
8–9 қадам жеткілікті болады. Жуу алдындағы ауыр майлардан бас тартып, классикалық праймердің орнына көпфункциялы жеңіл термоқорғаныс таңдаңыз. Душ кезінде low-pH кондиционерлерін қолданған дұрыс: олар шашты тегістейді, бірақ ауырлатпайды. Сонымен қатар кептірер алдында дымқыл шашқа көлем беретін мусс жағуды ұмытпаңыз.
Қатты зақымданған және ағартылған шаш үшін
Эбби Янгтың толық классикалық жүйесі дәл осындай шашқа арналған. Қатты зақымданған блонд иелеріне ешбір қадамды алып тастаудың қажеті жоқ — көпқабатты күтім дәл осындай жағдайда барынша тиімді нәтиже береді. Әсіресе бондингтің үш кезеңіне ерекше көңіл бөліңіз: дайындық, душтағы интенсивті маска және душтан кейінгі сарысу. Бұл химиялық әсерден бұзылған молекулалық байланыстарды біртіндеп қалпына келтіруге көмектеседі.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.