Өміріңізді жақсартатын ритуалдар — өте қарапайым және көп күш-жігерді қажет етпейді. Тәжірибеге сүйенсек, ең бастысы — тұрақтылық пен саналы көзқарас. Міне, сондай пайдалы велнесс-әдеттердің оны.
Тілді тазалағыш
Таңертеңгі ең бағаланбай жүрген ритуалдардың бірі — тілді тазалау. Иә, аса гламур естілмейді, бірақ әсері бірден сезіледі: ауыздағы тазалықтың сезімі мүлде бөлек болады. Көпшілік бұл қадамды тісін тазалау тәртібіне ояна салысымен де, кешке де қосып, күнін онсыз елестете алмайды.
Таңертеңгі жасыл ұнтақтар
Рационда көкөніс жеткіліксіз болса, көмекке жасыл қоспалар мен суперфуд-ұнтақтар келеді. Оларды суға, смузиге қосады немесе таңертеңгі сусын ретінде жай ғана араластырады. Мұндай ритуал пайдалы заттарды тезірек толықтырудың, ас қорытуға дем берудің және күнді «кем дегенде бір дұрыс іс атқарылды» деген сезіммен бастауымыздың оңай тәсілі ретінде қабылданады.
Лимфодренаж
Кейбіреулер үшін лимфодренаж — тұтас жүйе. Бәрі таңертең былай басталады: әуелі виброплатформа, сосын душқа дейін құрғақ щетка, одан кейін — банкамен немесе арнайы массаж тостағанымен уқалау. Ал кешке — әсіресе іш тұсында маймен жұмсақ самомассаж. Мұндай кешен ісінуді азайтуға, денеге жеңілдік сезімін беруге және ағзаны оятуға көмектеседі.
Оянғаннан кейінгі алғашқы сағаттағы күн сәулесі
Кейде ең жақсы велнесс-ритуал — ең қарапайымы. Мәселен, оянғаннан көп ұзамай терезе алдына шығу, балконға немесе қысқа серуенге барып, денеге табиғи жарық сыйлау. Бұл амал циркадтық ырғақтарды қолдаумен, күнді сергек бастаумен және тіпті жалпы хал-ахуалдың жақсаруымен жиі байланыстырылады.
Дене үшін қыздырғыш гель
Батылырақ нұсқалар да бар. Мысалы, душтан кейін аяққа немесе «проблемалық» аймақтарға жағылатын қыздырғыш әсері бар құралдар. Көбіне олар айқын қызаруды және едәуір жылуды тудырады. Дегенмен мұндай өнімдер микроциркуляцияны ынталандыру және антицеллюлит күтімнің бір бөлігі ретінде жиі қолданылады.
Шашқа маймен демалыс
Алда тыныш, үйде өтетін күндер тұрса, шашқа шағын ретрит жасаудың тап уақыты. Майды ұзындыққа да, бас терісіне де жағып, шашты өріп не түйінге жинап қояды — әрі мұны ұзаққа қалдырады, кейде толық жуудан бір-екі күн бұрын да. Мұндай ритуалдан кейін шаш әдетте көзге көрінерлік жұмсақ, тығыз әрі күтілген болып көрінеді.
Үйде қайнатылған шай
Ең пайдалы сауықтырушы сусындардың бірі — имбирь, лимон немесе лайм қосылған, аздап алма сірке суы тамызылған ыстық су. Мұндай таңертеңгі сусынды көпшілік ас қорытуға дем беру тәсілі ретінде таңдайды, әсіресе таңды кофесіз, денеге жайлырақ бірдеңеден бастағысы келетін күндері.
Ұйқы алдындағы манифестациялар
Ұзақ күннен кейін миыңыз «өшпесе», көмекке XXI ғасырдың интернет-сиқыры келеді: манифестациялар, бинауралды ритмдер және гипнотикалық жиіліктері бар аудио. Егер ол тезірек ұйықтауға көмектессе, бәлкім, бұл тәжірибе тілектерді орындай ма, жоқ па — онша маңызды емес те шығар.
Үйге арналған массажер
Мойын, иық және арқаның жоғарғы бөлігі — жиналған стресстің классикалық аймағы, әсіресе күн ноутбук алдында өтсе. Сондықтан үйге арналған массажер — әрбір үйде болуы тиіс құрал. Ол қысылып тұрған бұлшықеттерді босаңсытуға, кернеуді азайтуға және егер бас ауруының себебі тұрақты түйілу болса, оның жиілігін де төмендетуге көмектеседі.
Күн ішінде би үзілістері
Кейде өзіңді сергітудің ең жақсы жолы — музыканы қосып, күннің қақ ортасында 15–20 минут би билеу. Мұндай мини-ритуал қан айналымын жылдамдатады, стрессті түсіреді, ойды ауыстырады және энергияны тез қайтарады.
Harper's BAZAAR материалын түпнұсқа күйінде осында оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.