Кроссовкалар өміріміздің соншалық ажырамас бөлігіне айналды, онсыз гардеробты елестету қиын. Соңғы жылдары ыңғайлы аяқ киім стильді ғана емес, қоғамның философиясын да айқындап жүр. Сол арада көпшілік үнемі жаңа үлгі мен дизайн іздейді. Түстер, текстуралар мен шешімдер маусымнан маусымға өзгеріп отырады, кейде ұзағырақ тұрақтайды да. Harper’s BAZAAR Kazakhstan 2026 жылғы кроссовкалардың ең басты әрі ең әсерлі трендтерін іріктеді.
Жарқын шешімдер
Қанық палитра кез келген образға лезде жан бітіреді. Сондықтан көптеген it-girl қыздар әлдеқашан көзге түсетін жұптарды таңдайды. Жылы мезгілде жарқын реңктер бейнеңізге ойнақылық пен қылықтылық сыйлайды. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.
Атлас кроссовкалар
Атлас үлгілер өзектілігін ұзақ жоғалтпайды: бұған Balletcore тренді себеп. Ыңғайлы әрі талғампаз сникерстер луктердің нәзіктігін сақтап, балетка мен Мэри Джейнге бәсекелес болып жүр.
Ескі де жақсы классика
Классика деп біз 2000-жылдардағы — аэродинамикалық пішінді әрі минималистік жұптарды айтамыз. Айтпақшы, осы трендке ілесіп, кейбір бренд командалары өзектілігін жоғалтқан кроссовкаларға жаңа өмір сыйлап, архивтегі кей үлгілерді қайта жандандырды. Мысалы, Adidas пен Prada солай етті.
Жүгіруге арналған ретро кроссовкалар
Әрине, бүгінде жүгіруге арналған арнайы сникерстер бар. Бірақ өткеннің «әке-шешеміз киген» кроссовкалары күнделікті бейнелеріңізге мінсіз серік болу үшін қайта оралуда. Қазір оларды Хейли Бибер мен Дженнифер Лоуренс жиі киеді, ал бір кездері марқұм ханшайым Диана да оларды ерекше жақсы көрген.
Анималистік принттер
Дизайнерлерге шабытты тек леопард қана бермейді. 2026 жылғы кроссовка трендтері соны дәлелдейді: зебра, питон, сиыр дақтары, қар барысы, керік және бенгал жолбарысы принттері де басты мотивке айналды.
Күміс түсті спринтерлер
Күміс реңктегі спринтер кроссовкалар танымалдық рекордтарын жаңартып жатыр. Мұндай «ғарыштық» жұпты таңдағандардың киімінде жеңіл атлетиканың рухы анық сезіледі. Оның үстіне, футуризм қандай жағдайда да сән әлемінің бір бөлігі болып қала береді.
Қоңыр замша
Замша бізге сәнқой көшпенді бейнесін еске салады. Өйткені ол сөмке мен күртеден бастап аяқ киім мен шалбарға дейін «көшіп-қонып», әр жолы маусымның басты трендіне айналып үлгереді. Жұмсақ, қолға жағымды бұл материал баяғыда-ақ өз орнын тапқан, ал сәнқойлар одан айрылғысы келмейді.
Harper's BAZAAR мақаласының түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.