Пептидтер косметология мен дерматологияда әлдеқашан маңызды орынға ие. Олар терінің қорғаныштық (барьерлік) қызметін қолдау, серпімділігін арттыру және қалпына келу үдерістерін ынталандыру қабілетінің арқасында күтім құралдарының құрамында кеңінен қолданылады. Соңғы жылдары бұл молекулаларға деген қызығушылық тіпті күшейе түсті. Әлеуметтік желілерде «пептидтік стекинг» деп аталатын құбылыс қызу талқылануда. Адамдар бірнеше компонентті қатар біріктіріп, оларды инъекциялық жолмен енгізу арқылы салмақ тастауды, бұлшықет массасын арттыруды, тері жағдайын жақсартуды және тіпті зат алмасуды «қайта іске қосуды» көздейді. Әрине, бұл әсерлі естіледі. Алайда сарапшылардың айтуынша, мұндай ынта ғылыми дәлелдерден озып кеткен. Бұл нені білдіреді? Бұл туралы Harper’s BAZAAR Kazakhstan төменде түсіндіреді.
Пептидтік стекинг деген не?
Негізінде, бәрі қарапайым: бұл — ағзадағы әртүрлі үдерістерге ықпал ететін пептидтерді бір мезгілде қолдану. Мұндағы мақсат — бірнеше міндетті қатар шешу. Мысалы, бұлшықет массасын жоғалтпай майды жағу немесе қалпына келуді жеделдетіп, зат алмасуды жақсарту. Алайда маңызды бір жайт бар: мұндай комбинациялардың басым бөлігі ауқымды клиникалық зерттеулердің нәтижесінде емес, жеке медициналық орталықтар мен интернет-қоғамдастықтарда пайда болған.
Пептидтер дегеніміз не?
Химиялық тұрғыдан алғанда, пептидтер — аминқышқылдарының қысқа тізбектері. Олар сигналдық молекулалар ретінде әрекет етеді: жасушаларға қашан қалпына келу, коллаген өндіру, күйзеліске немесе қабынуға жауап беру керектігін «хабарлайды».
Пептидтер ағзадағы көптеген үдерістерді — энергия алмасудан және ұйқыдан бастап иммунитет пен тіндердің қалпына келуіне дейін — реттеуге қатысады. Бұл қосылыстардың кейбірі медицинада әлдеқашан қолданылып келеді. Алайда әлі де зерттелу үстіндегі заттардың үлкен тобы бар — дәл осы топқа жататындары көбіне танымал «стекинг» құрамына енеді.
Комбинацияланған протоколдардың әсер ету қағидаты
Стекингті қолдаушылардың пікірінше, физиологиялық үдерістердің басым бөлігі өзара байланысты бірнеше жүйе арқылы реттеледі. Мысалы, май массасының азаюы тәбетті реттеу, инсулинге сезімталдық, энергия алмасу және бұлшықет тінін сақтау үдерістерімен бір мезгілде тығыз байланысты.
Әртүрлі механизмдерге әсер ететін пептидтерді біріктіру теориялық тұрғыдан кешенді нәтиже беруі мүмкін. Бейресми протоколдарда тіндердің жазылуын жеделдетуге, өсу гормонын ынталандыруға немесе метаболизмді реттеуге бағытталған қосылыстардың комбинациялары қолданылады.
Алайда мұндай заттардың бірқатары әлі де тәжірибелік деңгейде қалып отыр, ал оларды адамдарға ұзақ мерзім қолдану жөніндегі деректер шектеулі.
Неліктен дәрігерлер бұған сақтықпен қарайды?
Басты мәселе — болжап болмайтындығында.
Адам бір мезгілде бірнеше пептид енгізгенде, олар әртүрлі гормоналдық және метаболикалық жүйелерге қатар әсер етеді. Бірақ бұл заттардың өзара қалай әрекеттесетінін көрсететін зерттеулер көбіне жоқ.
Мүмкін қауіп-қатерлердің қатарында гормоналдық теңгерімсіздік, қандағы қант деңгейіне қатысты мәселелер, ағзада сұйықтықтың жиналуы, буындардың ауыруы, инъекция жасалған жердегі қабыну және инфекциялар бар.
Тағы бір маңызды мәселе — препараттардың сапасы. Көптеген пептидтер интернетте зерттеу мақсатында сатылады және дәрілік заттар сияқты қатаң бақылаудан өтпейді. Бұл олардың құрамы мен стерильділігіне кепілдік берілмейтінін білдіреді.
Пептидтер салауатты өмір салтын алмастыра ала ма?
Мамандардың қысқа жауабы — жоқ. Денсаулықты жақсартудың және қартаю үдерісін баяулатудың әлдеқашан дәлелденген сенімді жолдары бар: сапалы ұйқы, күштік жаттығулар, кардиожүктемелер, ақуызы жеткілікті теңгерімді тамақтану, қандағы қант деңгейін бақылау және күйзелісті басқару.
Пептидтер, егер мүлде қолданылатын болса, тек қосымша құрал ретінде және міндетті түрде дәрігердің бақылауымен ғана пайдаланылуы тиіс.
Мамандар шын мәнінде нені ұсынады?
Сарапшылардың пікірінше, адамдардың басым бөлігі ең алдымен негізгі әдеттерді қалыптастырмаған:
- тұрақты әрі құнарлы тамақтану;
- тағам құрамында жеткілікті мөлшерде талшық пен ақуыздың болуы;
- күн сайын қозғалыс белсенділігі;
- сапалы ұйқы;
- созылмалы күйзелісті азайту.
Дәл осы факторлар зат алмасуға, энергия деңгейіне және сыртқы келбетке ең күшті әсер етеді.
Қорытынды
Пептидтік стекинг болашақтың технологиясындай көрінеді — жекелендірілген, нақты бағытталған және үміт күттіретін әдіс. Алайда қазіргі таңда бұл дәлелденген терапиядан гөрі тәжірибелік бағытқа жақынырақ. Ұзақ мерзімді салдары туралы деректер аз, ал ықтимал қауіптері жеткілікті.
Сондықтан сарапшылардың басты түйіні қарапайым: денсаулықты оңтайландыру инъекциялардан емес, әрдайым нәтиже беретін негізгі өмірлік әдеттерден басталады.
Harper's BAZAAR UK жариялаған түпнұсқа мақаланы сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.