Деним шалбарларындағы трендтер күн мен түннің алмасуындай жиі өзгеріп отырады (кейде керісінше). Harper’s BAZAAR España хабарлауынша, алдағы маусымда принті бар джинсылар ең қалаулы әрі сұранысқа ие болмақ. Жолақтар, гүлді өрнектер, бұршақтар немесе басқа да түрлі паттерндер бәйшешектей «гүлдеп», әртүрлі үлгідегі шалбарларда көрініс табуда. Harper’s BAZAAR Kazakhstan басылымы мұндай ерекше әрі түпнұсқа модельдер табиғат ұзақ қыстан кейін қайта жандана бастайтын кезеңге мінсіз үйлесетінін атап өтеді.
Трендтегі джинстер қазірдің өзінде Etro, Dior, Diesel, Ulla Johnson және Marine Serre топтамаларында бой көрсетті. Сарапшылар (мұны жалаң көзбен-ақ көруге болады) мұндай бұйымдар кез келген «луктың» жарқын акцентіне айналатынына сенімді. Олармен минималистік бейне жасау қиын, бірақ оған мұқтаждық та жоқ.
Принтті джинстер көпшілікке шынымен қызықты болды, өйткені олар подиумдардан мегаполистердің көшелеріне лезде жетті. Мода апталығындағы стритстайл жұлдыздары қазірдің өзінде пейсли өрнегі бар колоритті модельдерді, леопард принтті шалбарларды және граффити салынған шалбарларды көрсетіп жүр.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.