Поло жейде қайта трендте: оны қалай сәнді киюге болады
Фото. Spotlight

Поло жейде қайта трендте: оны қалай сәнді киюге болады

30 апреля 2026

Рене Лакост 1926 жылы поло жейдені ойлап тапқалы бері бұл бұйым нағыз сән иконасына айналды. Оның танымалдығы кейде артып, кейде бәсеңдегенімен, жағалы әрі ыңғайлы бұл жейде сән әлемінен ешқашан тыс қалған емес — ол әлдеқашан классика мәртебесіне ие болды. Ал теннис эстетикасы мен преппи стиліне деген қызығушылық әлі де бәсеңдемегендіктен, бұл гардероб элементі бүгін де өзектілігін жоғалтпай, сұранысқа ие болып отыр. Harper’s BAZAAR Kazakhstan поло жейдені сәнді әрі әсерлі етіп үйлестірудің бірнеше жарқын тәсілін ұсынады.

Болашаққа қадам

Футуристік силуэттер күнделікті өмірімізге бекерден-бекер еніп жатқан жоқ. Біз көптен күткен болашақ әлдеқашан келіп қойғандай. Кем дегенде, жоғары технологиялық дизайндағы практикалық киімдер мен аксессуарларды ұсынатын кейбір брендтер соны аңғартады.

Біз ойлағаннан да оңай

Ұзын жеңді ерекше поло жейде — серуенге таптырмас таңдау. Ыңғайлы пикник сөмкесі мен қысқа шорттар қаладағы серуеніңізге ерекше сән береді. Мұндай образды міндетті түрде суретке түсіріп алғыңыз келетіні сөзсіз.

Жұмыс күндеріне арналған стиль

Егер жұмысыңызда қатаң дресс-код болмаса, онда жарқын әрі стильді образ жасауға әбден болады. Лайм түстес трикотаж поло жейде ықшам әрі минималистік бұйымдармен үйлескенде анағұрлым ұстамды көрінеді. Ақ шалбар мен қара түсті аксессуарлар кез келген жағдайға жарасатын үйлесімді образ құруға көмектеседі.

Романтикалық көңіл күй

Көктем ерекше романтикалық көңіл күй сыйлайды. Оған қарсы тұрудың қажеті жоқ. Поло жейдені көлемді, желбірлі белдемшемен де тамаша үйлестіруге болады. Оның үстіне, бұл маусымда мұндай белдемшелер қайтадан сәнқой қыздардың гардеробындағы басты трендтердің біріне айналды.

Ретро-классика

Ретро эстетикасы, біз үнемі айтып жүргендей, сән әлемінің келбетіне үлкен ықпал етіп келеді. Және бұл бізге ұнайды. Жаңа образдардағы винтаж элементтері көпшілігіміз өмір сүрмеген кезеңге деген сағынышты оятады. Бірақ бұл — 1960 жылдардағы америкалық инженердің гардеробынан шабыт алмауға себеп емес. Ол стильді заманауи сәнмен оңай үйлестіруге болады.

Принттерді араластыру

Ерекше аксессуарлармен толықтырылған нәзік образдар әрдайым тың әрі өзгеше көрінеді. Бір образдың ішінде түрлі принттерді араластыруға болады және тіпті керек те, бірақ мұны ұқыптылықпен жасаған жөн. Ең басты өлшем — сіздің өз талғамыңыз. Қалғанының бәрі — тек кеңес қана, оны ұстану да, ұстанбау да өз еркіңізде.

Harper's BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше