Жылы мезгілде жарқын әрі қанық реңктер гардеробыңызда жиі көріне бастайды. Бұл — кездейсоқтық емес. Алуан түсті палитра айналамызды түгел қоршап тұрады: әлеуметтік желілерден бастап, көшедегі жасыл желек пен базар сөрелеріне дейін. Бірден мойындайық: 2026 жылдың көктем-жаз маусымындағы тренд түстердің кейбірі шынымен де өте «тәбетті» көрінеді. Тіпті олар бірдеңе жегіңіз келетіндей әсер қалдырады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan сізді көп күттірмей, білуге тиіс барлық түстерді бірден таныстырады.
Аспан түстес көк
Біз бұл нәзік, таза әрі әсем реңктің биылғы маусымның басты түсіне айналғанын бұған дейін де айтқанбыз. Ең ыңғайлысы — оны кез келген образға оңай бейімдеуге болады: күнделікті қарапайым киімнен бастап, салтанатты әрі іскерлік стильге дейін. Dior, Victoria Beckham және Dolce & Gabbana бұл пікірмен толық келіседі.
Лайм түстес жасыл
Лайм немесе васаби реңкі өмірге құштарлық сыйлайтындай әсер қалдырады. Жасыл түстер сән әлемінің назарын біраздан бері өзіне аударып келеді. Айтпақшы, мұндай палитраның танымалдығы wellness-мәдениетке деген қызығушылықпен қатар өскен болуы да мүмкін. Бұл рас па, жоқ па — белгісіз, бірақ шырынды реңктердің тренд қатарынан берік орын алғанына біз қуаныштымыз.
Нефрит жасыл
Бұл — жасыл түстің тағы бір нұсқасы, бірақ бұл жолы әлдеқайда жұмсақ әрі тылсым. Нефриттің ұзақ өмірдің, биліктің және даналықтың символы екенін сіз жақсы білетін шығарсыз. Сондықтан бұл реңк образдың артықшылықтарын айқындап, өз-өзіңізге деген сенімді арттыра алады. Дизайнерлер бұл палитраны көбіне жеңіл, төгілмелі маталар арқылы ашуға тырысқан. Сол себепті Balenciaga, Armani Privé, Valentino және Mugler ұсынған образдар тартымды әрі жұмбақ көрінеді.
Мандарин реңкі
Жаңа жыл әлдеқашан артта қалды, бірақ мандариндер өмірімізден әлі де кете қойған жоқ. Бұған біз тек қуанамыз. Жылы әрі ыстық маусымда цитрустардың «билігі» күшейе түседі — бұл тек сән әлеміне ғана емес, beauty-индустрияға да (мысалы, хош иістерге) қатысты. Сондықтан сіз латтенің орнына апельсин шырыны қосылған бамбл-кофеге тапсырыс беріп жүргенде, гардеробыңызға да шырынды, «піскен» мандарин түстес киімдерді қосуды ұмытпаңыз.
Қанық қара өрік реңкі
Бір қызығы, 2026 жылы парфюмерия әлемінде де қара өрік аккордтары ерекше сұранысқа ие бола бастады. Көктем-жаз маусымының тренд түстері де бұл үрдістен қалыспайды. Бренд командалары қанық күлгін гаммаларды киюді ұсынады — олардың бұрын аса танымал болған шоколад реңкінің орнын басуға толық мүмкіндігі бар.
Harper's BAZAAR España ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.