8 наурыз күні Рианнаның Лос-Анджелестегі үйінде болған атыс салдарынан әншінің мерекелік күні қайғылы оқиғамен аяқталды. Бұл туралы Harper's BAZAAR хабарлайды. Ең алаңдатарлығы — атыс болған сәтте әнші үйдің ішінде болған.
Полиция мәліметінше, оқиға жергілікті уақыт бойынша шамамен түскі сағат бірлерде болған. Үйдің жанында тұрған көліктегі белгісіз әйел әнші тұратын резиденция аумағына қарай оқ атқан. Рианна бұл үйде рэпер A$AP Rocky және олардың балаларымен бірге тұрады.
Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Полиция Рианнаның жарақат алмағанын хабарлады. Оқиға кезінде үйде тағы кімдердің болғаны әзірге нақтыланбады.
Атыс салдарынан зәулім сарайдың аумағына зақым келген. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше оқ үйдің қабырғасына, қақпаға және аулада тұрған трейлерге тиген. Оқ атқаннан кейін күдікті ақ түсті Tesla көлігімен оқиға орнынан кетіп қалған.
Полиция шақырылғаннан кейін шамамен жарты сағат өткен соң, сауда орталығының автотұрағында бір әйел ұсталды. Ол — 35 жастағы Иванна Ортис екені анықталды. Көлігін тексеру барысында полицейлер шабуылда қолданылған автоматты қару мен жеті гильзаны тапқан.
Шабуылдың нақты себебі әзірге белгісіз. Дегенмен сот күдіктіге 10 миллион доллардан астам кепілдік белгіледі.
Айта кетейік, оқиға алдында Ортис әлеуметтік желілерде Рианнаны атап өткен оғаш жазбалар жариялаған. Ол сондай-ақ Ким Кардашьян мен Cardi B секілді жұлдыздармен байланысы бар екенін айтқанымен, бұл мәлімдемелерге ешқандай дәлел келтірмеген.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.