Танымал актриса әрі «Мамский әңгіме» YouTube жобасының авторы, продюсері Айнұр Ілиясова «Шексіз ата-ана» атты әлеуметтік деректі фильмін көрерменге ұсынды. Бұл туынды – ата-ана болудың тек қуанышын ғана емес, жауапкершілігі мен күрделі кезеңдерін де шынайы көрсететін еліміздегі тұңғыш жоба.
Фильм жүктіліктен бастап, баланың мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі аралықтағы маңызды сәттерді қамтиды. Мемлекеттік медициналық көмек, міндетті тексерістер, ақылы және ақысыз перзентханалар жүйесі, босанудағы әйел құқығы мен жәрдемақылар, босанғаннан кейінгі күтім мен күйзеліс, балабақша мен мектепке орналастыру, жалғызбасты аналарға қолдау – барлығы да нақты деректер мен өмірлік оқиғалар арқылы баяндалады.
«Шексіз ата-ана» көрерменді құрғақ ақпаратпен емес, сезіммен жетелейді. Фильмде жас аналардың шынайы толғанысы, үміті мен қорқынышы, алғашқы аналық сезімнің қуанышы әсерлі көрініс табады. Спикерлер қатарында медицина мен заң саласының мамандарымен бірге өнер өкілдері де бар. Актриса Гүлнәр Сильбаева мерзімінен бұрын туған сәбиінің күтімі жайлы ашық әңгімелесе, блогер әрі тележүргізуші Камила Саян босанғаннан кейінгі күйзеліс туралы ой бөліседі. Сондай-ақ Әйгерім Үзембаеваның ұлының қырқынан шығару рәсімі арқылы ұлттық дәстүрдің тәрбиелік мәні ашық көрсетіледі.
Айнұр Ілиясованың айтуынша, бұл жоба – жай ғана деректі фильм емес, өмірдің өзінен алынған сабақ. Ол аналық пен әкелік жауапкершіліктің шексіз екенін, әр баланың дүниеге келуі – ғажайып әрі маңызды қадам екенін еске салады.
Жүректен туған шынайы үнге айналған «Шексіз ата-ана» фильмі Үндістандағы Нойда қаласында өтетін 13-ші халықаралық деректі кино фестивалінде көрсетілмек. Бұл – қазақстандық туындының халықаралық деңгейде де өзекті екенін айқындайтын маңызды қадам.