«Сізді сүйем...»: Алматы эстетикасы мен махаббат философиясы тоғысқан қойылым сахналанбақ
Фото. Өмірбек Амреев.

«Сізді сүйем...»: Алматы эстетикасы мен махаббат философиясы тоғысқан қойылым сахналанбақ


Мәдени әлемде кезекті премьера! Театр және кино актрисасы Индира Құлмағамбетова продюсерлікті қолға алып, көрерменге «Сізді сүйем...» атты музыкалық драма ұсынбақ. Бұл жаңа тәуелсіз театр жобасы.

Ерекше сюжет желісінен бөлек, әуезді әнмен әрленетін қойылым — шынайы махаббат, адам жанының ішкі қайшылығы және Алматының рухани болмысы туралы әсерлі хикая. Бұл тек махаббат жайлы спектакль емес. Сезім мен сана, таңдау мен жауапкершілік, үміт пен жалғыздық арасындағы нәзік психологиялық тартысты арқау еткен музыкалық драма. Туындыда адам жүрегіндегі күрделі эмоциялар мен қабылданған шешімдердің салдары терең көркемдік тілмен өріледі.

«Сізді сүйем»: Алматы эстетикасы мен махаббат философиясы тоғысқан қойылым сахналанбақ

Спектакльдің басты ерекшелігінің бірі — Алматы қаласының ерекше рухын сахна тілі арқылы жеткізуі. Қойылымда мегополис тек оқиға өтетін мекен ретінде емес, тірі образ, мәдени жады мен эстетиканың символы ретінде көрініс табады. Кезінде ғалымдар мен суреткерлердің, шығармашылық зиялы қауымның орталығына айналған шаһардың рухы спектакльдің көркемдік өзегіне айналмақ.

«Сізді сүйем…» музыкалық драмасының шығармашылық құрамында қазақстандық театр өнерінің танымал өкілдері бас қосады. Қойылым авторы — Қолғанат Мұрат, композиторы — Әсел Омарова, ал қоюшы-режиссер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева.

«Сізді сүйем»: Алматы эстетикасы мен махаббат философиясы тоғысқан қойылым сахналанбақ

«Кез келген шығармашылық адам өз туындысын жүрегіне жақын жанға, рухани орны ерекше тұлғаға арнағысы келеді. Мен үшін бұл алғашқы продюсерлік жобада режиссер ретінде ұстазым Алма Кәкішевамен бірлесе жұмыс істеудің өзіндік мәні бар. Театр адамдары үшін ұстаздың орны әрдайым бөлек. Сондықтан біз бұл қойылымды қазақ театр өнерінің мастері, педагог, профессор, Қазақстанның Халық артисі - Есмұхан Обаевтың рухына арнауды жөн көрдік. Бұл — ұстазға деген құрметіміз бен рухани тағзымымыз», — дейді актриса Индира Құлмағамбетова.

Музыка, әсерлі драма және Алматының ерекше атмосферасы тоғысқан бұл қойылым көрерменді терең эмоциялық сапарға жетелейді. Ал премьера 13 маусым күні Almaty Theatre сахнасында өтпек.


Фото. Өмірбек Амреев.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше