Тректері трендтен түспейтін Yenlik тыңдарманына жаңа музыкалық туындысын тарту етті. Өнерпаздың «Time» атты әніне түсірілген ерекше бейнебаян жарық көрді. Туындының атауы айтып тұрғандай, «Time» уақыттың құндылығы, өмірдің өткіншілігі және адамның ішкі сезімдері туралы ой қозғайды. Әннің әуені мен мәтіні тыңдарманды өз өміріндегі маңызды сәттерге қайта үңілуге шақырады.
Жаңа бейнебаян табиғат аясы мен қарапайым ауылда таспаланғанына қарамастан эстетикалық кадрлар мен эмоцияға толы көріністер арқылы композицияның негізгі идеясы ашылған. Визуалды шешімдер арқылы әрленген видеода уақыттың тоқтаусыз қозғалысы мен адамның сезімдері астасып, көрерменге ерекше атмосфера сыйлайды. Сондай-ақ, клиптен Yenlik-ті түрлі эпатажды образдардан көре аласыз.
Yenlik соңғы жылдары өзін заманауи қазақстандық музыканың жарқын өкілдерінің бірі ретінде танытып келеді. Оның әрбір жаңа жұмысы тыңдарман арасында қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде кеңінен таралады. «Time» де сол қатарға қосылып, әншінің шығармашылығындағы жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін.