Жаңа зерттеу құстарды бақылау жадыны жақсартуға көмектесетінін көрсетті. People басылымының мәліметінше, бұл іспен әуестенетін адамдардың есте сақтау қабілеті жоғары болып, деменция қаупіне сирек ұшырайды.
Ғалымдар табиғатты зерттеу клубтарының қатысушыларын — Toronto Ornithological Club және Toronto Field Naturalists мүшелерін — зерттеуден өткізді. Оларды басқа белсенді демалыс түрлерімен айналысатын мамандармен, мысалы бағбандармен, балықшылармен және жаяу серуендеуді ұнататындармен салыстырды.
Қатысушыларға құстардың суреттері көрсетіліп, оларды ұқсастығына қарай топтарға бөлу тапсырылды. Бір топ егжей-тегжейлі белгілерге — құйрық ұзындығына, тұмсық пішініне және басқа да ерекшеліктерге назар аударды. Ал екінші топ түс секілді жалпы, үстірт белгілерге сүйенді.
Кейін зерттеуге қатысушыларға құстардың суреттері қайта ұсынылды — олардың бір бөлігі бұрын көрсетілген, ал жартысы жаңа болды. Нәтижесінде нақты детальдарға мән бергендердің бұрын көрген суреттерді әлдеқайда жақсы есте сақтағаны анықталды.
Бұл қалай жұмыс істейді? Мамандардың айтуынша, жинақталған білім ми үшін өзіндік «қаңқа» қалыптастырады. Соның арқасында жаңа ақпаратты қабылдау және есте сақтау жеңілдейді. Қарапайым тілмен айтқанда: көкжиегіңіз неғұрлым кең болса, жаңа мәліметті меңгеру соғұрлым оңай.
Бір қызығы, мәселе тек құстарда емес. Жақсы нәтиже тек орнитологтарда ғана емес, кез келген салада терең білімге ие адамдарда байқалған. Демек, белгілі бір бағытта жүйелі түрде білім жинау жадыны күшейтуге ықпал етеді.
Ғалымдардың қорытындысы:
- Ұзақ мерзімді оқу ми құрылымын өзгертеді;
- Мұндай өзгерістер музыканттарда, спортшыларда және навигациямен айналысатын адамдарда да байқалған;
- Жаттығулар мидың тек құрылымына ғана емес, белсенділігіне де әсер етеді.
Жадыны жақсартудың тиімді жолы — қызығушылық танытқан салаңызда терең білім жинау және оны үнемі дамыту.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.