2026 жылы үйлену тойындағы салтанатты рәсім мен одан кейінгі кешкі ас «көрерменге арналған шоу» ұғымынан біржола алыстап, әрбір қонақ жұптың жеке хикаясының бір бөлігіне айналатын иммерсивті тәжірибеге көшуде. Енді мереке ауқымды декорациялармен емес, сәттің шынайылығымен және кеңістіктің сезім арқылы қабылдануымен ерекшеленеді. Harper’s BAZAAR Kazakhstan 2026 жылдың басты үйлену тойы трендтерін ұсынады.
Үйлену уикендтері
Бір күндік банкеттердің дәуірі артта қалып барады. Биыл жұптар Wedding Weekend форматын — жақындарына арналған толыққанды шағын саяхатты — көбірек таңдауда. Мереке еркін стильдегі концептуалды welcome dinner-ден басталып, келесі күні неке қию рәсімімен жалғасады және жайлы бранчпен аяқталады. Мұндай формат қонақтарға мерекелік атмосфераға толықтай енуге мүмкіндік береді.
Дөңгелек форматтағы отырғызу және иммерсивті рәсімдер
Дәстүрлі «алтарь» мен қатар-қатар қойылған орындықтардың орнын енді дөңгелек форматтағы отырғызу басуда: жұп ортада тұрады, ал оларды жақындарының махаббаты қоршап тұрады. Бұл тіпті ауқымды шараларда да жақындық пен тұтастық сезімін тудырады. 2026 жылы неке қию рәсімі — дыбыс, жарық, тіпті арнайы осы той үшін жасалған хош иіс арқылы ортақ эмоциялық атмосфера қалыптастыратын тұтас ритуалға айналады.
Гастрономиялық перформанс
Классикалық үш кезеңнен тұратын ас мәзірінің орнына интерактивті станциялар мен chef’s table форматтары келуде. Трендте — өңірлік fine dining интерпретациясы: устрица барларынан бастап жергілікті асхананың заманауи үлгіде ұсынылатын тағамдарына дейін. Мысалы, қазақ тағамдарының жаңа форматтағы нұсқалары, шексіз джелато рожоктары немесе мини-бургер станциялары. Енді тағам тек ас емес, қонақтарды пікір алмасуға және жаңа дәмдерді бірге зерттеуге шақыратын ойын-сауықтың бір бөлігіне айналды.
Цифрлық детокс және аналогтық эстетика
QR-кодтар арқылы фотосуреттермен жылдам бөлісу кең таралғанына қарамастан, рәсім кезінде unplugged ережесі жиі енгізілуде — қонақтар телефондарын бір сәтке шетке қойып, дәл сол мезетті шынайы сезінуге тырысады. Бұл тренд аналогтық эстетиканың қайта оралуымен үндеседі: қолмен құйылған фактуралы қағаздағы шақыру билеттері, пленкаға түсірілген фотосуреттер және тушьпен жазылған каллиграфия қайта сәнге айналды.
Ностальгиялық китч
2026 жылы торттар мен десерт аймақтарының дизайнында ирония мен шығармашылық еркіндік алдыңғы қатарға шықты. Торттар сюрреалистік мүсіндерге айналуда: гүл құмырасына ұқсас пішіндер, тирамису-кекстер, майлы пастель стиліндегі өрнектер мен ретро-декорлар. Бұл — визуалды манифест іспетті: үйлену тойының десерті тек дәмді ғана емес, аздап оғаш, күлкі сыйлайтын әрі әлеуметтік желіге бірден жүктегің келетіндей болуы керек.
Иммерсивті ойын-сауық
Дәстүрлі конкурстардың орнына әсер сыйлайтын ерекше аймақтар келді. 2026 жылғы тойларда менталистерді, тарологтарды, жылдам скетч салатын суретшілерді немесе әр қонақ өз иіссуын жасай алатын парфюм барларын кездестіруге болады. Басты мақсат — қонақтарға күтпеген әсер сыйлап, кешті ұзақ уақыт есте қалатын жеке шытырман оқиғаға айналдыру.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Gemini.