Жақында үйлену тойларының маусымы басталады. Өмірде мұндай сәттер көбіне дәстүр мен қалыптасқан ережелер аясында өтсе, кинода бәрі мүлде басқаша. Экрандағы бірде-бір неке қию рәсімі отбасылық қақтығыссыз, күлкілі, тіпті абсурдқа толы жағдайларсыз өтпейді. Мұндай фильмдерді жақсы көретініміз де сондықтан. Harper’s BAZAAR Kazakhstan бұл жолы үйлену тойы жайлы ең үздік фильмдерді бір материалға жинады — олардың кейбірін сіз әлі талай рет қайта көргіңіз келетіні анық.
«Қалыңдықтың әкесі» (1991)
Бұл — сүйікті қызының есейіп, тұрмысқа шыққалы жатқанын қабылдауы қиынға соғатын әке туралы әсерлі әрі өмірге жақын комедия. Той қамына бәрі қызу кірісіп жатқанда, ол ішкі жан дүниесінде нағыз эмоциялық дауылды бастан кешіреді: жоққа шығарудан бастап, үрей, қызғаныш пен сағынышқа дейін. Иә, ата-аналарға баласын ересек өмірге шығарып салу әрдайым оңай бола бермейді.
«Ең жақын досымның үйлену тойы» (1997)
Басты кейіпкер өзіне ең жақын досына баяғыдан ғашық екенін кенет түсінеді. Бірақ мұны тым кеш ұғынады: ол енді басқа қызға үйленгелі жатыр. Содан кейін кейіпкер не болса да араласып, мінсіз көрінетін құдалықты бұзуға бел буады.
«Жалдамалы жігіт» (2005)
Бұл — өзінен әлдеқайда жарқын әрі табысты құрбысының жанында өзін үнемі сенімсіз сезінетін ұялшақ қыз туралы жеңіл романтикалық комедия. Тағдырдың тәлкегімен сол құрбысы кезінде Кэттің көңілі ауған жігітке тұрмысқа шықпақ болады. Осы сәтте басты кейіпкер тойға жалғыз бармау үшін өзіне сүйкімді серік жалдайды. Алайда жай ғана көрініс үшін басталған бұл ойын оның өмірін күтпеген жерден түбегейлі өзгерте бастайды.
«Шақырылмаған қонақтар» (2005)
Тізімімізге енген тағы бір фильм — әйелдермен танысудың ерекше тәсілін ойлап тапқан екі дос туралы комедия. Олар бөтен адамдардың үйлену тойларына жасырын кіріп, көңіл көтеріп, флирт жасап, өздерін шақырылған қонақ ретінде көрсетеді. Бәрі әдеттегі сценариймен өтіп жатқандай көрінгенімен, бір күні олардың бірі шын ғашық болып қалады. Осы сәттен бастап жеңіл авантюра күлкілі, қисынсыз әрі кейде бейберекет оқиғалар тізбегіне айналады.
«Mamma Mia!» (2008)
Жарқын мюзикл өз үйлену тойының қарсаңында нағыз әкесінің кім екенін білгісі келген қыздың оқиғасын баяндайды. Анасының ескі күнделіктерін тауып алған ол грек аралына бірден үш ер адамды шақырады — үшеуінің кез келгені оның әкесі болуы мүмкін. Өткен мен бүгін бетпе-бет келгенде, кейіпкерлер махаббатты, отбасылық құпияларды және өмірлік таңдауларды саралайды. Мұның бәрі жаздың еркін атмосферасымен және ABBA тобының әндерімен әрленген.
«Қалыңдықтар қақтығысы» (2009)
Екі жақын құрбы бала кезінен бастап бір сәнді жерде ертегідей үйлену тойын өткізуді армандап өседі. Жылдар өткен соң екеуі де бір уақытта сүйіктісінен ұсыныс алады. Алайда күтпеген қателіктің салдарынан олардың тойлары бір күнге белгіленеді. Әрине, ешқайсысы шегінгісі келмейді...
«Іздеуге шығамын» (2019)
Бұл — хоррор элементтері бар қара комедия. Жас келіншек үйлену тойынан кейін күйеуінің әулетіндегі бір оғаш дәстүрге қатысуы керек болады: бай туыстарының алып сарайында ойын ойнау. Бастапқыда бәрі орынсыз әзіл секілді көрінгенімен, көп ұзамай бұл ойынның бағасы оның өмірі екенін түсінеді. Осылайша неке түні романтика емес, қатыгез аңдудың түніне айналады. Айтпақшы, қазір кинотеатрларда осы фильмнің екінші бөлімін де тамашалауға болады.
«Міне, нағыз драма!» (2026)
Елімізде 16 сәуірден бастап жарық көрген туындыда басты рөлдерді сомдаған Зендея мен Роберт Паттинсон үшін-ақ кинотеатрға баруға әбден болады. Сюжет бойынша, үйлену тойының дәл алдында күйеу жігіт қалыңдығының өткені туралы есеңгірететін шындықты біліп қояды. Сөйтіп, қос ғашықтың армандаған тойы үлкен қауіптің алдында қалады.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.