Көйлек — көктемгі гардеробтың ажырамас бөлігі. Күн жылына түскен сайын, нәзік болмысымызды айқындай түсетін образдарға деген ықылас та арта түседі. Дизайнерлер подиумда стиль мүмкіндіктерін кеңейтсе, сәнқойлар оны күнделікті өмірде шебер үйлестіріп жүр.Осы маусымның басты трендтерінің қатарынан 90-жылдардан шабыт алған силуэттер, жарқын әрі көлемді көйлектер, сондай-ақ жібек орамалды еске салатын модельдер орын алды. Алайда көктемнің трендтегі көйлектері мұнымен шектелмейді. Harper’s BAZAAR Kazakhstan материалынан бұдан да көп қызықты идеялар мен өзекті модельдерді таба аласыз.
Белі төменірек
Бірнеше маусым қатарынан көйлектердегі төмен бел сызығы басты трендтердің бірі саналып келеді. Бұл пішім дене бітімін визуалды түрде ұзартып, силуэтті сымбаттырақ етіп көрсетеді. Мұндай көйлектерді босоножкамен жеке киюге де, сондай-ақ шалбармен немесе джинсымен үйлестіріп киюге болады. Иә, 2000-жылдар стилі әлі де өз ықпалын жоғалтқан жоқ.
Толықтай асимметрия
Егер образдарыңызға көбірек динамика, төгілмелі фактуралар мен нәзік тартымдылық қосуды қаласаңыз, асимметриялы силуэттерге назар аударған жөн. Мұндай үлгілерге драпировкалар, қанық түстер палитрасы және әсерлі, сезімтал пішімдер ерекше визуалды тартымдылық пен сәнді интрига береді.
Шартрез реңктері
Жасыл реңктер палитрасы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, ал шартрез түстері маусымның ең ыстық трендтерінің біріне айналды. Лайм мен зәйтүн реңктерінің орнын енді қанық әрі шырынды гамма басты. Бұл — пастель мен карамель түстеріне жарқын әрі тосын балама.
Спорттық рух
Спорттық эстетиканың бүгінде аса өзекті трендтердің бірі екеніне бұған дейін де бірнеше рет тоқталған едік. Енді бұл бағыт көктемнің ең сәнді көйлектерінен де айқын көрініс тапты. Жоғары технологиялық материалдардан тігілген комбинациялар мен сарафандар, сондай-ақ функционалды бөлшектері бар модельдер қазірдің өзінде Chloé мен Saint Laurent көрсетілімдерінде бой көрсетті.
Бахрома — биыл сұраныста
Шашақ та бұл маусымда сән әлемінен кетуге асығар емес. Бұл ойнақы әрі өзіндік ерекшелігі бар деталь кез келген көйлекті әсерлі етіп, оған бірден назар аудартады. Ал образдарындағы драмалық акцентті ұнататын сәнқойлар мұндай элементтен, сөзсіз, бас тартпайды.
Кейпі бар драпировкалы модельдер
Антикалық эстетикаға сілтеме жасайтын драпировкалы образдарды алдағы Met Gala 2026 қызыл кілемінен көруіміз әбден мүмкін. Дизайнерлер мұндай бағытпен шектеліп қалмай, төгілмелі силуэттерді түрлі салтанатты кештерде де таңдауға кеңес береді. Мүсіндік пішіндегі көйлектер, әсіресе кейппен толықтырылған нұсқалары, алдағы уақытта одан әрі сұранысқа ие болмақ.
Жібек орамалды еске салатын көйлектер
Жібек орамалдардан тігілген көйлектерді елестетіп көріңізші: жеңіл текстура, асимметриялы жиектер және винтаждық реңк. Алайда дизайнерлерге мұны қиялдаудың өзі қажет болмады — олар мұндай үлгілерді әлдеқашан ұсынып үлгерді. Осылайша, ретро эстетикасы гардеробыңызға нәзік әрі табиғи түрде қайта оралуға тағы бір мүмкіндік алып отыр.
Қиялға толы романтика
Ертегіден шыққандай қиялға толы, концептуалды ханшайым көйлектері енді біздің образдарымыздың бір бөлігіне айналды. Мұнда басты назарды көлемді силуэттерге, паньеге, гүлді аппликацияларға және тосын сәндік бөлшектерге аударған жөн. Бұл бағытта қағида қарапайым: образ неғұрлым кокеткалы әрі сәл инфантильді болған сайын, соғұрлым әсерлі көрінеді.
Harper's BAZAAR мақаласының түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.