Қазақстандық музыка индустриясында тағы бір жарқын жоба! Продюсер Алуа Қонарова көптен күткен жаңа гелзбенді — UMAY тобын ресми түрде таныстырды. Жобаның алғашқы pre-debut жұмысы — «TRUE» әні тыңдарманға жол тартты. Еркежан Рахимова, Сабина Жеңісханова, Ақнұр Сатыбалды, Әдел Амангелді және Бибімәриям Серік — есімді талантты арулар енді бір сахнада. Батыл образ, еркін стиль және шексіз энергияны біріктірген жаңа буын қыздар тобы алғашқы қадамынан-ақ көпшіліктің назарын өзіне аударып үлгерді.
UMAY ресми дебютке дейін-ақ әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, ерекше визуал эстетикасымен, performance-видеоларымен және заманауи концептісімен қызығушылық тудырған еді. Тыңдарман әсіресе топтың стилі мен халықаралық деңгейдегі вайбын қызу талқылап жатыр. Ал «TRUE» — жай ғана ән емес, бұл топтың музыкалық бағытын таныстыратын алғашқы манифест іспеттес. Заманауи pop-дыбыс, динамикалық перфоманс және fresh атмосфера UMAY-дың қандай бағытта дамитынын анық көрсетеді.
Жаңа туындының бейнежұмысын Алуа Қонарованың шәкірті, жас режиссер Батыр Байназаров түсірген. Клиптің визуалы мен кадрлық шешімдері де тыңдарман назарынан тыс қалмады. Айта кетейік, жобаға іріктеу бірнеше ай бойы жүрген.
Ауқымды кастинг жарты жылға
созылып, ең мықты қатысушыларды таңдау үшін үлкен жұмыс атқарылған. Сол кезеңде
продюсердің бұрынғы жобалары — Rin’Go және Ayumi топтарының өнерпаздары да
қолдау көрсетіп, кастинг процесіне атсалысқан болатын. Бүгінде сол ұзақ
еңбектің нәтижесі тыңдарманға ұсынылып отыр. Ал алда — ресми дебют, жаңа
релиздер және үлкен сахна.