«Екеуінің арасында ерекше тандем бар»: Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Абдукаримова «Сен және мен» спектаклінде бірге бой көрсетпек
Фото. ӨМІРБЕК АМРЕЕВ.

«Екеуінің арасында ерекше тандем бар»: Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Абдукаримова «СЕН және МЕН» спектаклінде бірге бой көрсетпек


Жаздың ең жарқын премьерасы! Мемлекеттік театрлар еңбек демалысына кеткен кезде тәуелсіз театр ұжымы ауқымды тұсаукесерге қызу дайындық үстінде. Нақтырақ айтсақ, «28 Company» шығармашылық бірлестігі көрерменге «СЕН және МЕН» атты драма ұсынбақ.

«СЕН және МЕН» спектаклі махаббат туралы ғана емес. Бұл – уақыт өте айтылмай қалған сөздердің салмағы, жоғалған мүмкіндіктер мен адам тағдырын өзгертетін таңдаулар жайлы қойылым. Жоба авторлары көрерменді сырттай бақылаушы емес, оқиғаның ішкі куәгеріне айналдырып, әр адамды өз өміріне үңілуге шақырады. Басты рөлдерді - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды мен актриса Жұлдыз Абдукаримова сомдайды.

Спектакльдің сюжеті бір кездері бір-бірін шексіз сүйген ерлі-зайыптылардың араға он жыл салып қайта қауышуына негізделген. Бір түн ішінде көмескіленген естеліктер жаңғырып, жүректе сақталған сезімдер мен жауапсыз қалған сұрақтар қайта тіріледі. Бұл – уақыт емдей алмаған жаралар, сағыныш, кешірім және адамның жан дүниесіндегі үнсіздік туралы сыр.

Сен және мен:
Азамат Сатыбалды

«Стереотипті бұзғым келеді!»

Премьераны жаз мезгілінде өткізудің өзіндік себебі бар екенін Азамат Сатыбалды ерекше атап өтті. Оның айтуынша, театр белгілі бір маусыммен ғана шектелмеуі керек.

- «Мен қалыптасқан стереотипті бұзғым келеді. Театр маусымы жылына тек бірнеше ай ғана болады деген түсініктен арылуымыз керек. Күллі әлемде театрдың нақты маусымы жоқ. Керісінше, жаз мезгілінде мәдени астанамыз Алматыға туристер де, қонақтар да көп келеді. Оларға мәдени демалыс ұсынуымыз қажет. Сондықтан премьераны қай уақытта қойсақ та, өз көрермені табылады деп сенемін. Ешқандай қорқыныш жоқ. Бұл – жақсы үрдіс деп ойлаймын», – деді актер.

«Екеуінің арасында ерекше тандем бар»: Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Абдукаримова «СЕН және МЕН» спектаклінде бірге бой көрсетпек
Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Абдукаримова

«Қателесуге хақым жоқ!»

Жұлдыз Абдукаримова бұл қойылым өзінің шығармашылық жолындағы ерекше кезеңдердің бірі екенін айтты. Актриса ұзақ үзілістен кейін сахнаға қайта оралғанын жасырмады.

- «Көпшілік білетіндей, бір жыл декреттік демалыста болып, шығармашылықтан сәл алыстап қалдым. Ал актер үнемі жұмыс істеген сайын шыңдалады. Сондықтан дәл қазір сахнадағы серіктесімнің Азамат Сатыбалды болғаны – мен үшін үлкен қолдау. Осындай мықты шығармашылық топтың ортасында жүрген соң, қателесуге хақым жоқ деп есептеймін», – деді актриса.

«Екеуінің арасында ерекше тандем бар»: Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Абдукаримова «СЕН және МЕН» спектаклінде бірге бой көрсетпек
Назгүл Қарабалина

«Сырт көзге Азамат пен Жұлдыздың арасында ерекше актерлік тандем қалыптасқаны анық байқалады!»

Азамат Сатыбалдының өмірдегі жары Назгүл Қарабалина – жобаның бас продюсері. Өнер иесі қойылымдағы актерлік тандемнің сәтті шыққанына сенімді. Бір қызығы, актриса не себепті басты рөлді өзі сомдамағанын да ашып айтты.

- «Ол рөлде мен тұрсам, бәлкім, басқаша болар ма еді. Бірақ бұл темпераменті мен фактурасы жағынан дәл Жұлдыздың рөлі. Оның ішкі әлеміне де, табиғатына да өте үйлеседі. Қазақта «оң жамбасына келді», деген сөз бар ғой, дәл сондай әсер қалдырады. Әрине, өзімді актриса ретінде ешқашан шеттетпеймін, бірақ бұл жолы емес. Басқа спектакльдер әлі алда. Ал қазір менің басты міндетім – продюсер ретінде осы тың жобаның көрерменге сапалы жетуін қамтамасыз ету. Дайындық барысын күнде бақылап жүрмін. Сырт көзге Азамат пен Жұлдыздың арасында ерекше актерлік тандем қалыптасқаны анық байқалады», – деді ол.

Қойылым танымал орыс драматургі Софья Прокофьеваның «Разговор без свидетеля» шығармасының желісі негізінде сахналанбақ. Қазақ тіліне аударған - Әлішер Рахат. Қойылымның композиторы – Серікжан Айтқали, ал қоюшы-режиссері – Фархад Молдағали.

«СЕН және МЕН» драмасының премьерасы 2026 жылдың 8 және 9 тамызында Алматыдағы Жас Сахна театрының Үлкен залында өтеді.


Фото. ӨМІРБЕК АМРЕЕВ.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше