Ninety One тобының бұрынғы мүшесі, A.Z лақап атымен танымал музыкант Азамат Зенкаев соло шығармашылығына қайта оралды. Бір ай бұрын көптен күткен камбэгін жасаған рэпер енді репертуарын жаңа туындымен толықтырды. A.Z-дің кезекті релизі — «Örmekşı Adam». Әнге арнайы бейнебаян да түсірілген. Тың туындыда музыкант тыңдарманға өзін басқа қырынан танытып, жеке шығармашылық бағытын жалғастырып отыр.
«Қала ұйықтағанда шамдар жанып тұрды бөлмемде,
Мен өрмекші адам секілді жүрдім өрмелеп.
Еңбегімді бағаламай, шетке бөлмеңдер,
Кінәлі бәрі, менен көрмеңдер!» — деп әндеткен A.Z трегі арқылы тыңдарманға үндеу жолдағандай.
Еске салайық, бірнеше жыл шығармашылық үзілістен кейін Азамат Зенкаев осыдан бір ай бұрын «BiZDiN Yi» трегімен оралған еді. Бұл оның Ninety One құрамынан кеткеннен кейінгі жаңа шығармашылық кезеңін айқындаған жұмыстардың бірі болды.
Нео-нуар эстетикасында түсірілген «BiZDiN Yi» бейнебаянында қазақ қоғамына таныс той мәдениеті арқылы бәсеке, ысырапшылдық пен несиеге той жасау мәселелері астарлы түрде қозғалады. Дәстүрлі қазақы детальдар қараңғы, кинематографиялық визуалмен үйлесім тапқан. Азаматтың айтуынша, ән бірнеше жыл бұрын жазылғанымен, көтерілген тақырыптар әлі де өзекті. Ал жаңа туындылары арқылы музыкант тыңдарманға шығармашылығының мүлде басқа қырын көрсетуді жоспарлап отыр.