Қазіргі таңда сөрелер толы түрлі косметика мен күтім құралдарына қарамастан, көптеген адам табиғи өнімдерге қайта бет бұрып жатыр. Бір қызығы, бүгінде трендке айналған көптеген тәсілдерді біздің әжелеріміз әлдеқашан қолданған. Олар қымбат косметикасыз-ақ шашын қалың, терісін таза, өңін ажарлы күйде сақтай білген. Қазақ әйелдерінің сұлулық құпиясы күрделі рәсімдерде емес, табиғат берген қарапайым өнімдерді дұрыс пайдалануда жатқан.
Айран мен қатық — табиғи бет маскасы
Қазақ әйелдері айран мен қатықты тек тағам ретінде ғана емес, тері күтіміне де пайдаланған. Әсіресе күнге күйген немесе құрғаған теріні жұмсарту үшін бетке жұқалап жағып, 10-15 минут ұстаған. Сүт қышқылы терінің өлі жасушаларын жұмсақ тазалап, беттің өңін ашуға көмектеседі. Қазіргі косметологияда да дәл осы компонент көптеген пилинг пен күтім құралдарының құрамына кіреді. Кей өңірлерде келіндер мен қыз-келіншектер маңызды жиындардың алдында бетіне қатық жағып, терісін сергітіп алғаны туралы деректер кездеседі.
Ылғалдандыратын маска
-2 ас қасық қатық немесе айран
- 1 шай қасық бал
Ингредиенттерді араластырып, бетке 10-15 минут жағыңыз. Кейін жылы сумен шайыңыз. Тері жұмсақ әрі сергек көрінеді.
Өңді ашатын маска
- 2 ас қасық айран
- 1 шай қасық сұлы ұны
Қоспаны бетке жағып, 15 минут ұстаңыз. Бұл теріні жұмсақ тазартып, өңін біркелкі етуге көмектеседі.
Ұзын шаштың құпиясы — табиғи күтімде
Қазақ қыздарының қолаң шашы ежелден сұлулықтың белгісі саналған. Әжелеріміз шаш күтіміне ерекше мән берген. Олар шашты жуғаннан кейін қалақай, түймедақ немесе жусан тұнбасымен шайған. Мұндай тәсіл шаш түбін нығайтып, бас терісін тыныштандыруға көмектескен. Көпшілік арасында тараған тағы бір әдіс — шаш ұшына айран немесе қаймақ жағу. Бұл шаштың сынғыштығын азайтып, табиғи жылтырлық берген. Сонымен қатар шашты күніне бірнеше рет тарау қан айналымын жақсартып, шаштың өсуіне оң әсер етеді деп есептелген.
Қалақай тұнбасымен шаю
- 2 ас қасық кептірілген қалақай
- 500 мл ыстық су
Қалақайды қайнаған суға салып, 30 минут тұндырыңыз. Суығаннан кейін сүзгіден өткізіп, шашты жуған соң соңғы рет шаю үшін қолданыңыз.
Шаш ұштарына арналған нәрлендіргіш маска
- 3 ас қасық айран
- 1 шай қасық зәйтүн майы
Шаштың ұштарына жағып, 20 минут ұстаңыз. Кейін сусабынмен жуыңыз.
Бал — табиғи косметиканың патшасы
Қазіргі таңда сөрелер толы түрлі косметика мен күтім құралдарына қарамастан, көптеген адам табиғи өнімдерге қайта бет бұрып жатыр. Бір қызығы, бүгінде трендке айналған көптеген тәсілдерді біздің әжелеріміз әлдеқашан қолданған. Олар қымбат косметикасыз-ақ шашын қалың, терісін таза, өңін ажарлы күйде сақтай білген. Қазақ әйелдерінің сұлулық құпиясы күрделі рәсімдерде емес, табиғат берген қарапайым өнімдерді дұрыс пайдалануда.
Балдан жасалған нәрлендіретін маска
- 1 ас қасық табиғи бал
- 1 шай қасық қаймақ
Араластырып, бетке 10-15 минут жағыңыз. Маска теріні нәрлендіріп, жұмсартады.
Ерінге арналған күтім
- Жарты шай қасық бал
Балды ерінге жұқалап жағып, 5-10 минут ұстаңыз. Кейін жылы сумен сүртіңіз.
Қымыз бен шұбаттың пайдасы
«Сұлулық алдымен іштен басталады» деген түсінік қазақ халқында ертеден бар. Қымыз бен шұбат дәрумендерге, пайдалы микроэлементтерге бай сусындар саналады. Олар ас қорытуды жақсартып, иммунитетті нығайтуға көмектеседі. Халық арасында қымыз ішетін адамның өңі кіріп, жүзі нұрланады деген түсінік те болған.
Қымыздан сергітетін маска
- 2 ас қасық қымыз
- 1 шай қасық сұлы ұны
Қоспаны бетке 10 минутқа жағып, кейін шайып тастаңыз. Теріні сергітіп, балғындық сыйлайды.
Ішкі күтім дәстүрі
Қазақ әйелдері күніне 1 стақан қымыз немесе шұбат ішуді денсаулық пен сұлулықтың бір бөлігі санаған. Бұл ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етуге көмектескен.
Табиғи майлардың күші
Қыс мезгілінде бет пен қол терісін аяздан қорғау үшін түрлі табиғи майлар қолданылған. Әсіресе қойдың құйрық майы немесе сары май аз мөлшерде теріге жағылып, оны құрғаудан сақтаған. Бұл бүгінгі күнгі қорғаныш кремдерінің қызметіне ұқсайды. Әрине, мұндай тәсілдер қазіргі адамның талғамына сәйкес келе бермеуі мүмкін. Бірақ олардың негізінде теріні табиғи жолмен қорғау идеясы жатыр.
Қол терісіне арналған күтім
- 1 шай қасық еріген сары май
Ұйықтар алдында қолға жұқалап жағып, мақта қолғап киіп қоюға болады. Таңертең тері жұмсақ болады.
Құрғақ теріге арналған маска
- 1 шай қасық сары май
- 1 шай қасық бал
Араластырып, бетке 10 минут жағыңыз. Кейін жылы сумен шайыңыз.
Ескерту: табиғи өнімдерге аллергияңыз болса немесе теріңіз сезімтал болса, кез келген қоспаны қолданар алдында білектің кішкентай бөлігіне сынап көрген жөн.
Әжелер тәжірибесі неге қайта сұранысқа ие?
Соңғы жылдары әлемде clean beauty және slow beauty бағыттары қарқынды дамып келеді. Бұл қозғалыстар табиғи құрамды, қарапайым әрі қауіпсіз күтім тәсілдерін насихаттайды. Шын мәнінде, бұл біздің әжелеріміз ұстанған қағидаларға өте жақын. Олар сұлулықты табиғатпен үйлесімде көрді, ағзаға зиян келтірмейтін өнімдерді таңдады және күтімнің тұрақтылығына мән берді.
Бәлкім, бүгінгі күні жаңа өнім іздемес бұрын, әжелерімізден қалған қарапайым әрі тиімді тәсілдерге назар аударған жөн шығар. Өйткені кейде ең жақсы сұлулық құпиялары дәл өз тарихымызда жасырынып жатады.
Фото. Gemini жасанды интелектімен жасалған.