Бір кездері біз KeshYOU тобының әндерін махаббат туралы әдемі поп-композициялар ретінде тыңдадық. Біріне ғашық болдық, біріне мұңайдық, енді бірін құрбыларымызбен бірге қосыла шырқадық. Алайда арада жылдар өтіп, сол тректердің мәтініне бүгінгі көзқараспен қайта үңілсек, кезінде аса мән бермеген астарлы ойларды байқауға болады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan редакциясы KeshYOU хиттерінен бүгінде жиі айтылатын жеке шекара, өз қадірін білу, қарым-қатынастағы қауіпті белгілер мен зиянды байланыстар секілді ұғымдардың ізін аңғарды
Топтың 20 жыл ішінде әр кезеңде жарық көрген композициялары әйел бейнесінің қалай өзгергенін де көрсетеді. Бірінде ол — рухын ешкімге сындырмайтын ару, енді бірінде қоғамның «ұят боладысына» қарсы шығады, ал тағы бірінде «абьюз» ұғымын еш астарсыз ашық атайды. Сонымен, KeshYOU бізге осы жылдар ішінде нені үйретті?
KeshYOU сабағы: Өзіңді өзгелердің стандартына сәйкестендірудің қажеті жоқ. Өз болмысыңды жоғалтпай, өзің болып қалу да — өзіңді сүюдің бір көрінісі
12 желтоқсан, 2013 - «Қазақ қыздары»
Бірінші кеңес: Өз болмысыңнан ұялмау
KeshYOU-дың «Қазақ қыздары» трегі қазақ қызының бейнесін сұлулықпен ғана емес, тәрбие, мінез, ұлттық болмыс пен өзіндік құндылық арқылы сипаттайды. Әннің негізгі ойы — өзіңді өзгеге ұқсатуға тырыспай, кім екеніңді мақтанышпен қабылдау. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл — өзіңді қабылдау мен өз болмысыңды тану туралы сабақ. Трендтер мен әлеуметтік желідегі мінсіз образдардың арасында өзіңді өзгелермен салыстыру оңай. Ал «Қазақ қыздары» бізге қарапайым нәрсені еске салады: тартымдылықтың жалғыз стандарты жоқ, ал өз ерекшелігіңді сақтау — әлсіздік емес.
KeshYOU сабағы: Сезімге уақыт беріңіз. Біреудің қарқынына ілесемін деп өзіңіз дайын емес қадамға барудың қажеті жоқ. Кейде «асықпа» — қарым-қатынастағы ең дұрыс ескерту
12 желтоқсан, 2013 - «Асықпа»
Екінші кеңес: Қарым-қатынаста асығыс шешім қабылдамау
KeshYOU-дың «Асықпа» әнінің өзегінде сезімге ерік беріп, бірден шешім қабылдаудан бұрын адамды танып-білуге уақыт беру идеясы жатыр. Яғни ұнату бар екен деп қарым-қатынастың келесі кезеңіне бірден өту міндетті емес. Бүгінгі танысу мәдениеті тұрғысынан айтсақ, бұл — асықпай танысу қағидасына жақын. Алдымен адамның сөзі мен ісінің сәйкестігін бақылау, өз сезіміңді түсіну және жеке шекараңды сақтай білу маңызды. Себебі шынайы қызығушылық сізді асықтыруды немесе қысым көрсетуді қажет етпейді.
KeshYOU сабағы: Махаббаттың дайын формуласы жоқ. Біреудің қарым-қатынасын қайталауға емес, өз сезіміңізді түсінуге және сол қарым-қатынаста өзіңізді жоғалтпауға мән беріңіз
14 ақпан, 2014 — «Махаббат»
Үшінші кеңес: Махаббатты формулаға айналдырудың қажеті жоқ
KeshYOU-дың «Махаббат» трегі сезімге нақты анықтама беруге тырыспайды. Керісінше, оны бірде жұмбақ, бірде жалын, бірде шексіз теңізге теңейді. Әннің басты ойы да осында: махаббатты бәріне ортақ бір сценарийге сыйғызу мүмкін емес. Бүгінгі қарым-қатынас мәдениетінде біз кейде сезімнің өзін тым көп талдап кетеміз. «Қанша күннен кейін жазуы керек?», «Қарым-қатынас қашан ресми болуы тиіс?», «Шын жақсы көрсе, міндетті түрде осылай істер еді» деген дайын формулаларға жауап іздейміз. Бірақ екі адамның арасындағы байланыстың қалай дамитынын әмбебап ережемен өлшеу қиын.
Махаббаттың бар-жоғын әлеуметтік желідегі белгілермен немесе басқа жұптардың қарым-қатынасымен салыстыру да міндетті емес. Маңыздысы — сол байланыстың ішінде өзіңізді қалай сезінетініңіз: сізді тыңдай ма, құрметтей ме, қасыңызда өзіңіз болып қала аласыз ба? Осы тұрғыдан қарағанда, KeshYOU-дың осыдан он жылдан астам уақыт бұрын қойған «Махаббат деген не?» деген сұрағы әлі де өзекті. Өйткені кей сезімді анықтап, атаудан бұрын оны сезініп көру керек.
11 сәуір, 2016 — «Рухты ару»
Төртінші кеңес: Қарым-қатынаста өзіңді жоғалтпау керек
«Рухты аруды» бүгін тыңдасаңыз, оны махаббат әнінен гөрі әйелдің өзі туралы манифесі ретінде қабылдау оңай. Мұндағы кейіпкер өзін біреудің қызы, сүйіктісі немесе жары ретінде таныстырмайды. Оның басты анықтамасы — өзінің рухы. Мұны түсіну үшін «Қырандай самғар, мәңгілік рухым бар» деген жолдардың өзі жеткілікті.
Бүгінде мұні «өз қадірін білу» деп атар едік. Яғни сіздің құндылығыңыз: біреудің сізді таңдауына, хабарламаңызға қанша уақытта жауап беруіне немесе қарым-қатынасыңыздың мәртебесіне тәуелді емес екенін ұғыну дер едік. Әннің тағы бір маңызды ойы — төзімділік әлсіздік емес. Бірақ төзу деген бәріне көну де емес. Қазіргі қарым-қатынас тілімен айтсақ: сүйіспеншілік сіздің тұлғаңызды кішірейтпеуі керек.
KeshYOU сабағы: Ғашық болуға болады, бірақ сол махаббаттың ішінде өзіңнен айырылып қалуға болмайды
15 наурыз, 2017 — «Қалай ғана?»
Бесінші кеңес: Ультиматум — махаббат тілі емес
2017 жылы жарық көрген «Қалай ғана?» KeshYOU үшін де эксперимент болды: топ әнде рэп элементтерін пайдаланды. Ал мәтінді 2026 жылдың қарым-қатынас ұғымдарымен оқысаңыз, бір қызық деталь көзге түседі: әнде «қол жеткіземін» немесе «кетіп қаламын» деген тәрізді кесімді сөздерге қарсылық бар. Қазір мұндай қарым-қатынас тәсілін эмоциялық қысымның немесе манипуляцияның бір белгісі ретінде қарастыруымыз мүмкін. «Мен айтқандай болмаса, кетемін» деген сөз романтикалық табандылық емес. Сол сияқты адамның «жоқ» деген жауабын «әлі көндіремін» деп қабылдау да махаббаттың дәлелі емес. Сау қарым-қатынас «қалай ғана сені көндіремін?» деген сұрақтан емес, «сен не қалайсың?» деген сұрақтан басталады.
KeshYOU сабағы: Сізді жақсы көретін адам сезіміңізді ультиматуммен тексермеуі керек
19 ақпан, 2018 — KeshYOU & Baller — «Swala La La»
Алтыншы кеңес: Кейде ең жақсы жауап — өз өміріңмен айналысу
2018 жыл. Танымалдық, шоу-бизнес және өзіне деген абсолютті сенімділік. «Swala La La» терең романтикалық баллада болуға тырыспайды. Керісінше, KeshYOU қыздары өздерінің кім екенін жақсы білетінін жариялайды. Әннің негізгі энергиясын бір сөйлемге сыйғызуға болады: «Аламыз жүректі жаулап». Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл — өз өмірінің басты кейіпкері болу. Біреудің назарын аудару үшін өзіңді өзгерту, «неге ол сторисімді көріп, лайк баспады?» деп телефонды қайта-қайта тексеру немесе біреуге ұнау үшін өзіңнің басқа нұсқаңа айналу жоқ. Әрине, әндегі «жігітіңді байлап ұста» деген кеңесті тура қабылдаудың қажеті шамалы. Керісінше, 2026 жылғы түзетуіміз мынадай болсын: ұстап тұру керек адамды ұстап тұрудың қажеті жоқ.
KeshYOU сабағы: Сіздің ең тартымды қалпыңыз — біреуге ұнауға тырысып жүрген кезіңіз емес, өз өміріңізден ләззат алып жүрген шағыңыз
6 ақпан, 2019 — «Ұят емес»
Жетінші кеңес: «Ұят» пен жеке шекараны шатастырмаңыз
Бұл — KeshYOU дискографиясындағы бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған әндердің бірі. «Ұят емес» әйелге қоғамның сыртқы келбетіне, киіміне, мінез-құлқына қатысты қоятын талаптарына басқа қырынан қарады. Әнде қысқа киіну, еркін билеу немесе өз ойын ашық айту «ұят» емес екені айтылады. Оның орнына зорлық, жемқорлық пен екіжүзділік әлдеқайда үлкен моральдық мәселе ретінде көрсетіледі. Қазіргі көзқараспен бұл әнді әйелдің өз таңдауын өзі жасау еркіндігі туралы поп-манифест деп те оқуға болады. Қыздың ашық киінуі — келісім емес. Флирт — келісім емес. Бірге кездесуге бару — келісім емес. Бір әрекетке бұрын «иә» деу — кейінгі әр әрекетке автоматты түрде келісім беру деген сөз емес. Ал ең маңыздысы — жеке шекараңызды белгілеу үшін ешкімнің алдында ақталуға міндетті емессіз.
KeshYOU сабағы: «Жұрт не дейді?» деген сұрақ сіздің «мен не қалаймын?» деген сұрағыңыздан маңызды болмауы керек
30 сәуір, 2024 — «Ya Krasiva»
Сегізінші кеңес: Комплиментті алдымен өзіңнен күт
Егер 2000-жылдардағы романтикалық поп-мәдениет бізге «сен мені сұлу деп айтсаң ғана, мен өзімді сұлу сезінемін» деген сценарийді жиі ұсынса, жаңа буынның формуласы басқаша: Ya Krasiva. Бұл жерде растау сырттан келмейді. Өзіңді әдемі сезіну үшін әлеуметтік желідегі өзара сәйкестік, Instagram-дағы лайк немесе бір жігіттің «бүгін ерекше әдемісің» деген хабарламасы міндетті емес. Бұл нарциссизм емес. Бұл — сыртқы мақұлдауды өзіндік құндылықтың жалғыз өлшеміне айналдырмау. Өйткені біреудің сізді әдемі деп санамауы сіздің сұлулығыңызды жоққа шығармайды. Біреудің сізді таңдамауы сізді «жеткіліксіз» етпейді.
KeshYOU сабағы: Өзіңді жақсы көруді біреудің комплиментінен бастасаңыз, оның үнсіздігіне де тәуелді болып қалуыңыз мүмкін
21 сәуір, 2026 — «Абьюз»
Тоғызыншы кеңес: Кауіпті белгілерді романтика деп атауды доғарайық
2016 жылы KeshYOU «мәңгілік рухым бар» десе, он жылдан кейін олардың сөздік қорында «абьюз» пайда болды. Бұл — жай ғана заманауи термин емес, әйелдердің қарым-қатынас туралы сөйлесу тілі қаншалықты өзгергенінің белгісі. Әндегі кейіпкер өз өміріндегі шешімдерді өзі қабылдағысы келеді және айналасындағы абьюзға қарсылық білдіреді. «Шектеу жоқ, бәрі қалағанымдай» деген идея әннің басты өзегіне айналады. Бір кездері қызғанышты «қатты жақсы көргеннен», бақылауды «уайымдағаннан», телефон тексеруді «сенімсіздіктен», кіммен кездесетініңізді шешуді «қамқорлықтан» деп романтизациялау оңай еді. Бүгінде мұндай әрекеттердің кейбірін қарым-қатынастағы қауіпті белгілер деп атауға сөздік қорымыз да, батылдығымыз да жетеді. Сізге не кию керегін айту — қамқорлық емес. Достарыңыздан алыстату — махаббат емес. Үнемі қайда екеніңізді дәлелдеуді талап ету — романтика емес.
KeshYOU сабағы: Бақылау махаббаттың синонимі емес
24 тамыз, 2026 — «Өзіңе қара»
Оныншы кеңес: Ең ұзақ қарым-қатынас — өзіңмен
KeshYOU-дың осы хронологиясын аяқтауға бұдан лайық атау табу қиын: «Өзіңе қара». Өйткені біз кейде қарым-қатынасты сақтаймын деп өзімізге қарауды ұмытып кетеміз. Оның көңіл күйін түсінуге тырысамыз. Неге жауап бермегенін талдаймыз. Оның эмоциялық байланыс стилін зерттейміз. Құрбыларымызбен оның бір сөйлемін екі сағат талқылаймыз. TikTok-тан «ер адам шынымен жақсы көрсе...» деген он жетінші видеоны көреміз. Ал осының арасында ең маңызды сұрақ қалып қояды: маған бұл қарым-қатынаста жақсы ма? Мүмкін, кейде оның парақшасына емес, өзіңізге қарау керек шығар. «Ол мені таңдай ма?» деген сұрақты «Мен осы адамды таңдаймын ба?» деп өзгерткен сәтте қарым-қатынастағы күш тепе-теңдігі де өзгереді.
KeshYOU сабағы: Өзіңді таңдауды эгоизммен шатастырмаңыз
Әрине, поп-әндерді психотерапияның орнына қоюдың қажеті жоқ. Бірақ кейде үш минуттық трек біз ұзақ уақыт бойы тұжырымдай алмай жүрген ойды әлдеқайда қарапайым жеткізеді. Сондықтан KeshYOU әндерінен түйген қарым-қатынас туралы жеті кеңесті бір жерге жинасақ, шамамен былай шығар еді:
Өзіңді жоғалтпа. Ультиматумды махаббат деп қабылдама. Біреудің назарын өміріңнің орталығына айналдырма. «Ұят болады» деп жеке шекараңнан бас тартпа. Сұлулығыңды сыртқы мақұлдаумен өлшеме. Бақылауды қамқорлықпен шатастырма. Ең соңында — өзіңе қара.
Бәлкім, KeshYOU бізге махаббаттың дайын формуласын үйретпеген шығар. Бірақ олардың әр кезеңдегі әндерін бүгінгі көзқараспен қайта тыңдасақ, бір ой анық естіледі: қанша ғашық болсаң да, өз өміріңнің басты кейіпкері болып қал.