Қазақстандық UMAY герлзбенді «Sezim» атты үшінші ресми синглін жарыққа шығарды. R&B мен synth-pop элементтері тоғысқан жаңа композиция бірде жақындасып, бірде алыстайтын екі адамның арасындағы күрделі сезімді баяндайды.
Қазір қазақстандық музыка кеңістігінде қарқын алып, әлеуметтік желілерде де трендке айналып келе жатқан UMAY алғашқы релиздерінен-ақ тыңдарман назарын аударды. Топ продюсері — отандық шоу-бизнестегі бірқатар танымал жобалармен жұмыс істеген Алуа Қонарова. Оның жетекшілігімен қыздар заманауи саунд, визуал және әр мүшенің даралығын біріктіретін өзіндік стиль қалыптастырып келеді.
«Sezim» — топтың музыкалық тұрғыдан жаңа қырын көрсететін жұмыс. Ән мәтінін UMAY мүшесі Сабина Жеңісханова жазған. Бұл қыздардың дайын материалды орындаумен ғана шектелмей, шығармашылық процеске де белсенді араласа бастағанын көрсетеді.
Жаңа релизде ырғақты әуен меланхолиялық көңіл күймен астасып, махаббаттағы қарама-қайшы эмоцияларды жеткізеді. Осылайша «Sezim» UMAY-дың өз аудиториясын қалыптастырып, қазақстандық поп-сахнадағы жаңа буын герлзбенд ретінде позициясын нығайтып келе жатқанын аңғартады.