13 маусымда Алматы тағы да аңызға айналған Picnic by Partners фестивалін қарсы алады. Десе де биыл бәрі мүлде жаңа форматта өтпек. Біздің команда жобаны түбегейлі жаңартып, дәстүрлі жазғы іс-шараны жыл бойы қала өмірін жандандыратын ауқымды интерактивті платформаға айналдырды. Мұнда басты инфлюенсерлер, кәсіпкерлер мен шығармашылық қауым өкілдері жиналып, жаңа гаджеттерді, технологияларды және, әрине, маусымның ең өзекті трендтерін сынап көреді. Фестивальдегі міндетті түрде баруға тиіс орындардың бірі — Harper’s BAZAAR Kazakhstan кеңістігі. Біз бұрынғы форматтардан бас тартып, дәстүрлі дала мәдениетін заманауи сән контексінде қайта пайымдадық. Нәтижесінде, әрбір бөлшегі ұлттық әрі мәдени кодымызды танытатын ерекше алаң пайда болды. Ешқандай жалықтыратын дәрістер жоқ — тек стиль, әсерлі музыка және қызықты интерактив.
Аймақтың басты музыкалық шарасы — қобызшы Ләйлә Тәжібаеваның өнер көрсетуі болмақ. Эксперименттік перформанстарымен танымал музыкант Қазақстанның рекордтар кітабына да енген. Ол 3500 метр биіктікте парашютпен секіру кезінде қобызда ойнап, ерекше жетістікке қол жеткізген. Сонымен қатар Ләйлә өз өнерін АҚШ пен Үндістандағы ірі халықаралық фестивальдерде таныстырған. Енді осы ғажайып музыкалық әлемді Picnic қонақтары да тамашалай алмақ. Арнайы бағдарлама аясында өнерпаз көне қобыздың терең әрі әсерлі үнін Mado-ның электронды DJ-сетімен үйлестіреді.
Сән әлеміндегі соңғы өзгерістер туралы ашық әңгіме тыңдағысы келетіндер үшін біз танымал стилист, fashion-аналитик әрі индустрия инсайдері Гоша Карцевті шақырдық. Медиа тұлға Harper’s BAZAAR Kazakhstan сайтының редакторы Яна Пучковамен бірге қазіргі трендтер мен сән индустриясындағы өзекті тақырыптарды талқылайтын шынайы әрі иронияға толы public talk өткізеді. Кездесу тақырыптары кейінірек жарияланады, сондықтан жаңалықтарды сайт пен әлеуметтік желілерімізден бақылап отырыңыздар. Қызықты әрі пайдалы әңгіме болатыны сөзсіз.
Эксклюзивті мерч сүйер қауымға арналған тағы бір ерекше нүкте — «Өрнек-бар». Бұл кеңістік жергілікті танымал Aigul Kassymova брендімен бірлесіп ұйымдастырылады. Коллекциялары Миландағы беделді Pitti Super көрмесінде ұсынылған дизайнер фестивальге өзінің FW24 топтамасындағы этникалық пиндерін алып келеді. Қолмен жасалған металл белгішелер қарапайым футболкадан бастап классикалық пиджакқа дейін кез келген образға ерекше сипат береді. Сондай-ақ брендтің жазғы сапарларға таптырмас кестеленген косметикалық сөмкелерін де сатып алуға мүмкіндік болады.
Әлеуметтік желіге арналған әсерлі кадрларсыз да қалмайсыздар: алаңда арнайы эстетикалық фотозона орнатылады. Ал күнге аздап жұмбақ пен қызық қосқысы келетіндер үшін құмалақ ашып, болашаққа болжам жасау мүмкіндігі ұсынылады. Бұл – алдағы жаздың қандай болатынын білуге мүмкіндік беретін ежелгі дала дәстүрі.
Осы күнді сәнді, көңілді әрі жақсы адамдардың ортасында өткізіңіз. Арнайы оқырманымызға арналған жағымды жаңалық: билетті сатып алу кезінде HBALMPIC26 промокодын енгізіп, 20% жеңілдікке ие болыңыз. 13 маусымда Алматыда кездескенше!
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.