Ауа райы болжамы әзірге шуақты күндермен қуантып тұр. Алайда мұндай жаймашуақ кезеңнің ұзаққа созылмайтынын жақсы білеміз. Сондықтан дәл қазір 2026 жылдың күз-қыс маусымындағы басты аяқ киім трендтерін мұқият зерттеп, гардеробыңызға лайық жұптарды таңдаудың сәті келді.
Бір ғана нұсқамен шектелу оңайға соқпайтын сияқты: биылғы тенденциялардың басым бөлігі әрі практикалық, әрі әмбебап. Маусымның ең өзекті аяқ киім үлгілері туралы Harper’s BAZAAR Kazakhstan материалынан оқыңыз.
Коньяк реңкі
Коньяк реңкіндегі күдеріге деген қызығушылық енді аяқ киім трендтеріне де ауысты. Қанық әрі асыл каштан түсті аяқ киімдер осы маусымның ең өзекті таңдауларының біріне айналды.
Қоңыр түстің сан алуан реңкі сән әлемінде бұрыннан ерекше орын алады. Сондықтан 2026 жылы коньяк түстің басты тенденциялардың қатарына қосылуы таңғаларлық емес.
Рептилия терісіне ұқсас фактура
Жылан жылы артта қалғанымен, оның терісін имитациялайтын фактуралар сәннен кетер емес. Бүгінде көптеген брендтер, соның ішінде зергерлік үйлер де, анималистикалық мотивтерге қайта-қайта жүгініп жүр.
Бұл нені білдіруі мүмкін? Табиғи әрі жабайы бастауларға қайта оралуды ма, әлде бәрімізге аздап «азуымызды көрсету» керегін еске салуды ма? Бұл жағы — философиялық сауал. Ал рептилия терісіне ұқсас аяқ киімнің маусым трендіне айналғаны анық.
Лаконикалық ковбой етіктері
2026 жылдың трендтері соңғы бірнеше жылдағы сән тенденцияларының тоғысқан нүктесіндей. Ковбой эстетикасы 2024 жылы шарықтау шегіне жеткенімен, сән индустриясы вестерн стилінен әлі де бас тартқан жоқ.
Сондықтан осы күзде образдарыңызды ковбой стиліндегі етікпен толықтыру мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Биыл артық декордан ада, ықшам әрі күнделікті гардеробқа оңай үйлесетін модельдерге назар аударған жөн.
Слаучи етіктері
Еркін силуэт богемалық бохо эстетикасының заңды жалғасына айналды. Слаучи етіктері бірнеше маусым қатарынан сәнқойларға образда да, өмірде де аздап еркіндік қажет екенін еске салып келеді. Ал біз бұған қарсы емеспіз.
Жұмсақ қонышы төмен қарай табиғи жиырылып тұратын мұндай модельдер көйлекпен де, кең шалбармен де, көлемді сырт киіммен де жарасымды көрінеді.
Атқа мінуге арналған етік стилі
Атқа мінуге арналған классикалық биік етіктер Hermès, Proenza Schouler және Tory Burch көрсетілімдерінің басты акценттерінің біріне айналды. Ат спортына қызықпасаңыз да, сәннен кетпейтін бұл силуэтке назар аударуға себеп жеткілікті.
Мұндай етіктер алғашқы аязда аяқтарыңызды жылы ұстап қана қоймай, романтикалық образдардан бастап рок эстетикасындағы аутфиттерге дейін оңай үйлеседі.
Сүт түстес былғары
Күзгі монохром образдарды сол реңктегі етік немесе ботильонмен толықтырып көріңіз. Соның ішінде сүт түстес аяқ киімдер маусымның ерекше таңдауларының бірі болмақ.
Ақшыл аяқ киім күзгі лайсаң ауа райына қарамастан өзектілігін жоғалтпайды. Ең бастысы — дұрыс күтім. Әсіресе ақ және сүт түстес былғары одан көбірек назарды талап етеді.
Табиғи жер реңктері
Бірнеше жыл бұрын танымал бола бастаған табиғи жер реңктері әлі де сән индустриясындағы позициясын берер емес. Табиғатпен байланыс дизайнерлер мен брендтер үшін маңызды шабыт көздерінің біріне айналды.
Сол себепті зәйтүн, қылқан жапырақ реңкі және жаңғақ түстес етік пен ботинкалар 2026 жылдың күз-қыс маусымындағы басты трендтердің қатарына енді.
Классикалық веллингтондар
Резеңке етіктер әлдеқашан сән гардеробының must-have элементіне айналған. Олар практикалық әрі әмбебап болумен қатар, образға еркін әрі романтикалық cottagecore эстетикасын қосады.
Әсіресе мұндай аяқ киімді нәзік көйлектермен, тоқыма кардигандармен және көлемді жемпірлермен үйлестірсеңіз, күзгі образ ерекше үйлесімді көрінеді.
Треккинг ботинкалары
Gorpcore эстетикасының сән әлеміне ықпалы соншалық, туристік киім мен аяқ киім элементтері тіпті подиумдарға дейін жетті. 2026 жылдың күз-қыс маусымындағы аяқ киім трендтері де мұны тағы бір мәрте дәлелдейді.
Бастапқыда жорықтар мен белсенді демалысқа арналған треккинг ботинкаларын сән сарапшылары енді күнделікті образдарға қосуды ұсынады. Ыңғайлылық пен функционалдылықтың сәнмен үйлесуі — суық маусым үшін бұдан артық не керек?
Harper’s BAZAAR түпнұсқа материалында 2026 жылдың күз-қыс маусымындағы аяқ киім трендтері туралы толығырақ танысуға болады.
Авторы. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.