Күздің алғашқы айы қазақстандық кино үшін жаңа премьераларға толы болмақ. Қыркүйекте үлкен экранға тарихи драма, криминал, экшн және шынайы оқиғаларға негізделген бірнеше отандық туынды шығады. Кинотеатрдан қандай фильмдерді көруге болады? Назар аударарлық 8 премьераны жинадық.
«Жеңіс баласы» — 3 қыркүйек
Қазақстан, Беларусь және Ресей кинематографистерінің бірлескен жобасы көрерменді соғыс жылдарына жетелейді. Оқиға майдан шебіне хат жеткізуді қасиетті борышына айналдырған жас қазақ жауынгерінің тағдыры төңірегінде өрбиді.
Бұл — ерлік пен махаббат, адалдық пен үміт, сондай-ақ ең қиын кезеңде де мойымаған адам рухы туралы әсерлі хикая. Басты рөлдерде Әлихан Нұржауов, Юлия Лазовская, Василий Копейкин, Сергей Маркеев, Олег Васильков және Константин Адаев.
«38. Соңғы нүкте» — 3 қыркүйек
Фильм 2023 жылы Семей орманында болған алапат өрт оқиғасын арқау етеді. Тәжірибелі орманшылар Марат, Ғани, Рауан және олардың әріптестері тілсіз жаудың ортасында қалып, адам өмірін құтқару үшін уақытпен жарысады.
Алайда оқиға өрбіген сайын апатқа табиғаттың ғана емес, орманды заңсыз кесумен айналысатын қылмыстық топтың да қатысы бары анықталады. Өрт күшейген сайын кейіпкерлердің алдында отбасы, ар-ождан мен адамгершілік арасындағы күрделі таңдау тұрады.
«Фамилия» — 3 қыркүйек
Қарапайым архитектор Марат Сұлтанбековтің туған ағасы Әділбек Сұлтанбеков күтпеген жерден билікке келген соң күрт өзгереді. Кеше ғана жанында болмаған адамдар енді оған жақындап, құрмет пен қошемет көрсете бастайды.
Жалған достық пен аяқ астынан келген бедел Маратты өзгерте ме? Әлде ол фамилиясының салмағын көтере ала ма? Фильм билік пен мәртебенің адам болмысына қалай әсер ететінін көрсетуге тырысады.
«Бүркітші» — 10 қыркүйек
Тергеуші Әлия қоғамдағы зорлық-зомбылық пен ауыр қылмыстардың ізін қуып, әділдік үшін қауіпті күреске түседі. Драма мен криминалды тоғыстырған туындының сценарий авторы әрі қоюшы режиссері — Қуаныш Стаханов. Сценарийді Ефрат Шариповпен бірлесіп жазған.
«Жарығым-ай» — 10 қыркүйек
Кішкентай қызын ауыр шындықтан қорғағысы келген Берік одан маңызды құпияны жасырады. Алайда уақыт өте келе әкесінің өтірігі екеуін де тығырыққа тірей бастайды. Енді Берік қызының жүрегін жараламау мен оған бар шындықты айтудың бірін таңдауы керек.
Сержан Серікбаев режиссерлік еткен драмада Данагүл Темірсұлтанова, Раяна Бақытжанқызы, Шерхан Пірназар, Назерке Серікболқызы, Азат Сейтметов және басқа актерлер бой көрсетеді.
«Қара алтын» — 10 қыркүйек
Оқиға Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында өрбиді. Шағын құрылыс кооперативінің басшысы Қасым Исағалиев өзі үшін мүлде бейтаныс мұнай бизнесіне қадам басады. Алайда үлкен бизнестің өз заңы мен қатал ережелері бар.
Шынайы оқиғаға негізделген бизнес-драма тек мұнай мен ақша туралы емес. Туынды сәтсіздіктен кейін қайта тұрып, бәрін басынан бастауға тәуекел еткен адамның жігері мен күресін баяндайды. Ал Қасымның тағдырын қазақ ойшылы Шәкәріммен не байланыстыратыны фильм барысында белгілі болмақ.
«Жасмин мен Балу» — 17 қыркүйек
Полициядан қашқан байкер Балу ауруханаға кіріп, ауыр дертке шалдыққан Жасминнің палатасына тығылады. Қыз оны полициядан жасырып қалады да, есесіне өзі ұйықтап кеткенше жанында отыруын сұрайды.
Күтпеген кездесу қатал мотожарысшы мен жалғыздықты сезінген кішкентай қыздың екі бөлек әлемін тоғыстырады. Жасминнің батылдығы Балуға жауапкершіліктен қашпай, өміріне басқаша қарауға себеп болады.
«7 қарақшы» — 24 қыркүйек
1970-жылдардың соңы. Фильм желісі бойынша Дінмұхамед Қонаев қылмыскерлер мен панасыздардың арасынан жеті қазақты жинап, оларға кеңестік режимге қарсы аса құпия миссия тапсырады. Олардың мақсаты — Семей ядролық полигонындағы адамзатқа қауіп төндірген ядролық қару сынағын тоқтату. Шытырман оқиға мен экшн элементтерін біріктірген фильмнің режиссері — Қуаныш Бейсек.
Осылайша, қыркүйек айының отандық киноафишасы бір ғана жанрмен шектелмейді. Тарихи оқиғалар, әлеуметтік мәселелер, отбасылық драма, криминал мен экшн — күздің алғашқы айында қазақстандық көрерменді үлкен экранда түрлі оқиғалар күтеді.