Кеңінен танылмаған махаббат жайлы ерекше фильмдер
Фото. Mandarin Films.

Кеңінен танылмаған махаббат жайлы ерекше фильмдер

04 февраля 2026

Кең танымал болмаған фильмдер әрдайым жұрт аузында жүре бермейді, бірақ көбіне көрермен жадында терең із қалдырады. Олар көпшілік талқысына жиі түспейді, кинотеатрларда ұзын-сонар кезек те жинамайды. Соған қарамастан, мұндай туындылар сезім туралы шынайы сыр шертіп, жанға жақын әсер сыйлайды. Дәл осындай кинокартиналарды Harper’s BAZAAR Kazakhstan назарларыңызға ұсынады.

«Ұрланған сүйіс», 1968 жыл

Малоизвестные, но классные фильмы о любви
Фото. Les Films du Carrosse.

Франсуа Трюффоның фильмі Антуан Дуанельдің тарихын жалғастырады — әскерден босап шыққаннан кейін өмірдегі орнын іздеген жас жігіт. Ол өзін түрлі кәсіпте сынап көреді: түнгі күзетші, жеке детектив, аяқ киім дүкенінің сатушысы болып жұмыс істейді. Әрбір жұмыс оған айналаны да, өзін де танудың бір жолына айналады.

Онымен қатар оның жеке тарихы да өрбиді. Антуан шынайы да сабырлы қыз Кристинмен қарым-қатынасын жалғастырып жүр, бірақ сонымен бірге тұрмыстағы, қол жетпес басқа бір әйелге әуестеніп қалады.

«Сезім тәрбиесі», 2008 жыл

Малоизвестные, но классные фильмы о любви
Фото. Sony Pictures Classics.

Оқиға 1960-жылдардың басындағы Ұлыбританияда өрбиді. Он алты жастағы Дженни — Оксфордқа түсуге талпынған алғыр оқушы. Оның өмірі Дэвидпен танысқаннан кейін өзгереді — ересек, сымбатты ер адам оған сән-салтанат, көңіл көтеру және мәдени ләззаттар әлемін ашады.

Жаңа әсерлердің ықпалымен кейіпкер оқу мақсаты мен беделді ұстанымдардан алшақтай бастайды. Алайда уақыт өте елестер сейіліп, қыз өз таңдауының салдарымен бетпе-бет келеді.

«Анонимді романтиктер», 2010 жыл

Малоизвестные фильмы о любви
Фото. Pan-Européenne.

Фильм өз-өзіне сенімсіз, қарым-қатынаста қиналатын екі ұяң жан туралы. Жан-Рене — жеке қарым-қатынаста қиындық көретін шоколад фабрикасының иесі. Анжелика — елдің алдына шығудан гөрі тасада қалуды, адамдармен тікелей араласудан қашуды жөн көретін талантты кондитер.

Екеуі де психологиялық қолдау топтарына жүгінеді, өздерінің қаншалықты ұқсас екенін білместен. Тағдыр оларды жұмыста тоғыстырып, бірте-бірте өзара симпатия туады. Бірақ қорқыныш пен айтылмағанның кесірінен жақындасу жолы оңайға соқпайды.

«Есінен ауғандай», 2011 жыл

Малоизвестные, но классные фильмы о любви
Фото. Paramount Vantage.

Фильм АҚШ-та білім алып жүрген британдық студент Анна мен жолын енді бастаған америкалық сәулетші Джейкобтың тарихын баяндайды. Таныстық терең эмоциялық байланысқа ұласады, бірақ оқу біткен соң қыз виза шектеулеріне байланысты Ұлыбританияға оралуға мәжбүр болады.

Айрылысу жұп үшін ауыр сынаққа айналады. Қашықтан қарым-қатынасты сақтап қалу талпыныстары түсінбестікпен, қызғанышпен және біртіндеп эмоциялық алыстаумен қатар жүреді. Кейіпкерлер жаңа шешімдер қабылдап, басқа байланыстар бастайды, бірақ бір-біріне деген тартылыс сезімі жоғалмайды. Бәрі қалай аяқталады?

«Сөз бен суреттегі махаббат», 2013 жыл

Малоизвестные фильмы о любви
Фото. Latitude Productions.

Сюжеттің өзегі — екі шығармашылық әлемнің қақтығысы. Джек Маркус — мінезі қиын, кәсіби дағдарысты бастан кешіп жүрген әдебиет пәнінің мұғалімі. Дина Дель Санто — сол мектепке бейнелеу өнерінен сабақ беруге шақырылған суретші.

Олардың таныстығы адамға қайсысы көбірек әсер етеді — сөз бе, әлде бейне ме — деген даудан басталады. Кәсіби бәсеке бірте-бірте жеке қарым-қатынасқа ұласып, осы жолда екеуі де ішкі мәселелері мен қорқыныштарымен беттеседі.

«Қардағы пальмалар», 2015 жыл

Малоизвестные, но классные фильмы о любви
Фото. Nostromo Pictures.

Оқиға бірнеше онжылдық пен екі елді — Испания мен Экваторлық Гвинеяны — қамтиды. Жас испан Килиан какао плантациясына жұмысқа аттанып, бөгде мәдениетпен және отар кезеңіне тән күрделі әлеуметтік қатынастармен бетпе-бет келеді.

Тарихи оқиғалардың аясында оның жеке драмасы да өрбиді — жергілікті әйелге деген тыйым салынған сезім. Арада жылдар өткенде, оның жиені Кларенс отбасылық құжаттарды тауып алып, өткеннің өз зерттеуін бастайды. Бара-бара ол бірнеше буынның тағдырына әсер еткен құпияларды ашады.

«Франц», 2016 жыл

Малоизвестные, но классные фильмы о любви
Фото. Mandarin Films.

Оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі Германияда өтеді. Жас әйел Анна күн сайын майданда қаза тапқан сүйіктісі Францтың қабіріне келеді. Бір күні ол зират басында Адриен есімді бейтаныс французды байқайды. Ол марқұммен жақын дос болғанын айтады да, бірте-бірте Аннамен және оның ата-анасымен жақындаса түседі. Оның болуы отбасына жұбаныш сыйлайды, бірақ бұл әңгімелердің тасасында айтылмаған шындық жасырулы.

«Кафе "Көк сойка"», 2016 жыл

Малоизвестные фильмы о любви
Фото. Duplass Brothers Productions.

Сюжет бұрынғы ғашықтар — Джим мен Аманданың — айырылысып кеткендеріне көп жыл өткесін туған қаласында кездейсоқ қайта қауышуына шоғырланған. Күтпеген кездесуі өткен күннің естеліктеріне толы ұзақ әңгімеге ұласады.

Бір күннің ішінде кейіпкерлер ақталмаған үміттерді, жіберілген қателерді және неге олардың қарым-қатынасы тәмамдалғанын талқылайды. Әрі өткендегі шешімдердің кейінгі өмірлеріне қалай әсер еткені бірте-бірте айқындалады.

«Жалаңаш Джульетта», 2018 жыл

Малоизвестные фильмы о любви
Фото. Los Angeles Media Fund.

Басты кейіпкер Энни Ұлыбританиядағы шағын қалада тұрады және әуестігі — аз танымал рок-орындаушы Такер Кроудың музыкасы — бүкіл өмірін жаулап алған ер адаммен ұзаққа созылған қарым-қатынаста. Жағдай Энни көптен бері жұрт көзінен жоғалып кеткен музыканттың өзімен хат жазыса бастағанда өзгереді.

«Құлаған жапырақтар», 2023 жыл

Малоизвестные, но классные фильмы о любви
Фото. Sputnik.

Аки Каурисмякидің картинасы Хельсинкиде өмір сүретін екі жалғыз адам туралы баяндайды. Анса супермаркетте жұмыс істейді және жұмыстың тұрақсыздығымен бетпе-бет келеді. Холаппа — тәуелділікпен және ішкі құлазумен күресіп жүрген жұмысшы.

Олардың танысуы кездейсоқ болады әрі көптеген үзіліс пен түсініспеушілікке толы баяу дамиды. Күнделікті қиындықтар, әлеуметтік қорғансыздық және жеке қорқыныштар өзара түсіністікке апарар жолды күрделендіреді.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше