Димаш Құдайбергеннен су жаңа experience! Әлемдік сахнада Қазақстанның атын танытып жүрген әнші тыңдарманына кезекті музыкалық тосынсыйын ұсынды. Музыкант тіпті «AQERKE» трегін барлық стриминг платформаларында жариялап қана қоймай, жанкүйерлеріне арналған ауқымды челлендж бастады.
Өнер иесі туындының тұсаукесерімен қоса, #DimashAqerkeChallenge атты халықаралық би челленджін іске қосқан. Қатысушылар Димаштың талабы бойынша «AQERKE» әніне би билеп, өздерінің энергиясын, эмоциясын және ерекше қимылдарын бейнеролик арқылы көрсетуі қажет. Челленджге жеке орындаушылар да, талантты би ұжымдары да қатыса алады. Ең бастысы — шығармашылық көзқарас пен көрерменнің ықыласына ие болу.
Бұл бастаманың ең қызықты тұсы — жүлде. Димаштың айтуынша, 1 тамызға дейін ең көп қаралым жинаған бейнероликтің авторы оның келесі музыкалық бейнебаянының түсіріліміне қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Яғни жанкүйерлердің бірі өнер иесінің жаңа клипінің бір бөлігіне айналады.
«Қазақстаннан әлемге» деген ұранмен ұсынылған «AQERKE» туындысы қазірдің өзінде тыңдарман арасында қызу талқыланып жатыр. Енді әннің айналасындағы шығармашылық толқын жаңа жұлдыздың ашылуына себеп болуы мүмкін.