Шашқа арналған криотерапия — beauty-индустриядағы бір жағынан үміт сыйлайтын, екінші жағынан сәл үрейлі естілетін трендтердің бірі. Бірі мұздай процедураларға шаштың жылтырлығы мен тегістігі үшін жазылса, енді бірі суықтың көмегімен шаш түсуін тоқтатып, оның қалыңдығын қалпына келтіруге болады деп үміттенеді. Алайда салондық күтімнен «жаңа шаш» әсерін күтпес бұрын, бұл процедураның шынымен не бере алатынын, ал нені әлеуметтік желілер оған артық теліп жібергенін түсініп алған жөн.
Шашқа арналған криотерапия деген не?
Бастапқыда криотерапия beauty-индустрияда емес, медицина мен қалпына келтіру тәжірибелерінде қолданылған. Ол қабынуды азайту, ауырсынуды жеңілдету және тіндердің жалпы жағдайын жақсарту үшін пайдаланылды. Бірақ мұндай әдістердің шаш түсуін емдеуге арналған құрал ретінде жасалмағанын түсіну маңызды. Тіпті бас терісіне шамадан тыс суық әсер ету кей жағдайда қауіпсіз болмауы және оны зақымдауы да мүмкін.
Салонда бұл процедура қалай жасалады?
Сұлулық индустриясында бұл әдіс мүлде басқа мақсаттарға бейімделген. Әдетте алдымен шашқа нәрлендіретін маска немесе сарысу жағылады, содан кейін талшықтардың бойымен салқындатылған пластиналар жүргізіледі. Олардың мақсаты — белсенді компоненттерді шаш ішінде «бекіту», кутикуланы тегістеу және шашты жылтыр әрі жұмсақ ету.
Сол себепті процедурадан кейін шаш шынымен де жақсырақ көрінуі мүмкін. Ол жұмсақ, ұстағанда жағымды, көзге тығыздау болып көрінеді және азырақ үлпілдейді. Бірақ бұл әсерді шаштың шынайы қалыңдауы деп қабылдамау керек. Яғни нәтиже бар, бірақ ол емдік емес, косметикалық сипатта.
@javonford16 Replying to @nelabbb7 #stitch with @cryotherapyhairbyrania #cosmeticchemist #hairtok #cryotherapy #ice ♬ original sound - Javon Ford Beauty
Криотерапия шаш түсуіне қарсы көмектесе ме?
Қазіргі таңда криотерапияның жаңа шаш өсуін ынталандыратынын немесе шаш түсуін тоқтататынын нақты дәлелдейтін жеткілікті сенімді дерек жоқ. Кейбір зерттеулер суық терапияның алопецияның жекелеген түрлеріне әсерін қарастырғанымен, олардың нәтижесін әзірге біржақты деуге келмейді. Сондықтан мамандар бұл процедураны шаштың сиреуіне қарсы негізгі құрал ретінде ұсынбайды.
Дегенмен медицинада шашпен байланысты суық әсер етудің нақты бір түрі бар. Ол — химиотерапия кезінде қолданылатын арнайы салқындатқыш бас киімдер. Олар препараттардың шаш фолликулаларына баруын азайтып, сол арқылы шаш түсу қаупін төмендетуге көмектеседі. Бірақ бұл салондық күтім емес, тек мамандардың бақылауымен жүргізілетін медициналық қолдаудың бір бөлігі.
Онда неге процедурадан кейін шаш жақсырақ көрінеді?
Салондық криотерапия мүлде басқа нәтиже береді. Ол шаш өсуін бастамайды, бірақ шаштың сыртқы күйін айтарлықтай жақсарта алады. Кутикуланың тегістелуі, ылғалдың сақталуы және күтім құралдарының әсері арқасында шаш анағұрлым жанды, жылтыр әрі жинақы көрінеді. Сол себепті процедурадан кейін шаш көбейіп кеткендей әсер пайда болуы мүмкін.
Алайда мұнда әңгіме жаңа шаштың шығуы туралы емес, бар шаш ұзындығының сау әрі күтімдірек көрінуі туралы.
Кімдерге әсері көбірек байқалуы мүмкін?
Косметикалық криотерапия дұрыс жасалып, кәсіби жағдайда орындалса, әдетте қауіпсіз процедура саналады. Алайда үй жағдайында тым суық температурамен тәжірибе жасау — ең дұрыс шешім емес. Бас терісі өте сезімтал, ал шамадан тыс салқындату тітіркену, жайсыздық және тіпті зақымға әкелуі мүмкін.
Шашқа арналған криотерапияны шаштың сыртқы көрінісін жақсартатын күтім процедурасы ретінде қабылдаған дұрыс. Ол шашты тегістеп, жылтырлатып, көзге тығыздау етіп көрсетуі мүмкін. Бірақ егер мақсатыңыз — шаш түсуін тоқтату, қалыңдығын қалпына келтіру немесе өсуін ынталандыру болса, тек суыққа ғана үміт артпаған жөн. Мұндай жағдайда шынымен тиімді жол әлі де дұрыс диагностикадан және маманның кәсіби кеңесінен басталады.
Материалдың түпнұсқасын Harper's BAZAAR UK сайтынан оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.