Терезе сыртындағы ауа райы қыркүйектің келгеніне әлі де сендірмегенімен, күнтізбе күздің басталғанын анық көрсетіп тұр. Сондықтан жаңа маусымның гардеробын қазірден ойластыра бастаған жөн. Оған қоса Harper’s BAZAAR Kazakhstan күздің алғашқы күндеріне арналған ерекше, практикалық әрі өзіндік сипаты бар образдарды жинап қойды. Енді түрлі-түсті топтарды, тартымды көйлектер мен қатаң пішімді шалбарларды қайда киіп баратыныңызды шешу ғана қалды.
Өзіңізді танытыңыз
Киім біз туралы кейде өзіміз ойлағаннан да көп нәрсе айтып береді. Сән әлемінің сарапшылары да осы пікірмен келіседі. Сондықтан биылғы күзде қиялыңызға шектеу қоймаңыз. Қайда барсаңыз да, образыңыз сенімділігіңізді айқындап, өзіңізді еркін танытуға көмектессін. Ықшам пішімді киімдерді әдемі реңктермен немесе көзге бірден түсетін айқын детальдармен толықтырыңыз. Сондай-ақ биыл қайтадан танымалдық шыңына көтерілген культтік Chloé Paddington сөмкесін де назардан тыс қалдырмаңыз.
Жүрегі бүлікке толы арулар
Сән әлемінде ережені бұзу әрдайым жоғары бағаланады. Әсіресе оны талғаммен жасай білсеңіз. Ең алдымен өзіңізді шабыттандыратын образ жасау үшін түрлі фактураларды бір-бірімен батыл үйлестіріңіз. Былғары, күдері мен жүн жаңа маусымда сән төріне қайта оралып, гардеробымыздан лайықты орнын алып отыр. Анималистік акценттер де артық болмайды. Жануарлар әлемінен шабыт алған аксессуарлар образға ерекше мінез бен көңіл күй сыйлайды.
Күннің жылуына ғана сенбеңіз
Versace бірнеше маусым бұрын каприге тағы бір мүмкіндік беруге шақырған еді. Енді сол ұсынысты қабылдайтын уақыт келді. Қысқа джинсы мен шалбардан бірден бас тартпаңыз: олар образға ойнақылық беріп, 1980-жылдардың эстетикасын еске салады. Күздің алғашқы күндерінде таңертең салқын болуы мүмкін, сондықтан былғары күрте таптырмас серікке айналады. Ал өкшелі резеңке вьетнамкалар образға күтпеген контраст қосып, соңғы акцент болмақ.
Нәзіктікті ұмытпаңыз
Бір нәрсеге сенімдіміз: әйелдік нәзіктік ешқашан сәннен шықпайды. Күздің келуі де одан бас тартуға себеп емес. Қысқа әрі нәзік көйлектерді ұзын тренчтермен немесе жеңіл пальтомен үйлестіріңіз. Ұзындықтар арасындағы контраст образды әлдеқайда әсерлі етеді. Копенгаген сән апталығындағы стритстайл жұлдыздары биік шұлықтар мен гетрлердің келесі көктемнің әмбебап стильдік тәсілдерінің біріне айналатынын көрсетті. Бірақ оны қолданып көру үшін тағы жарты жыл күтудің қажеті қанша? Бұл трендті дәл қазір-ақ гардеробыңызға енгізуге болады.
Әдемілік пен жайлылық қатар
Спорттық және классикалық стильдерді бір образда үйлестіру әлдеқашан тосын құбылыс болудан қалды. Соған қарамастан мұндай комбинациялар әлі де назар аудартады. Серуенге, достармен пикникке немесе құрбыңызбен кофеханаға баруды жоспарласаңыз, мұндай образ тек ыңғайлы ғана емес, сонымен бірге өте стильді таңдау болмақ.
Іскерлік көзқарас
2026 жылғы күз-қыс сән апталықтарында сарапшылар белдемшелі костюмдердің шалбарлы жиынтықтарға қарағанда әлдеқайда танымал бола бастағанын атап өтті. Power dressing жаңа деңгейге көтеріліп, іскерлік стильдегі мини және миди белдемшелердің әдемілік пен жайлылықты қатар бағалайтындар үшін ұтымды таңдау екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Жақсы көңіл күйдің формуласы
Біздің гидтегі күздің алғашқы күндеріне арналған образдар көңіл күйіңізді көтеруге әбден қауқарлы. Мұның сыры — қанық реңктерде, әдемі фактуралар мен маусымның трендтік киімдерінде. Классикалық джинсыны жылы джемпермен және контраст түсті жеңдері бар бейсбол футболкасымен үйлестіріңіз — соңғысы сән рейтингтерінің төріне қайта оралды. Ал ашық жасыл реңктегі балеткалар — маусымның тағы бір фавориті — мен рафиядан тоқылған сөмке 2026 жылдың жазының жарқын сәттерін еске түсіреді.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.