Микронидлинг — тері күтімі саласындағы ең көп талқыланатын процедуралардың бірі. Оның басты себебі — бұл әдіс қандай да бір заттарды енгізу арқылы емес, терінің өзін-өзі қалпына келтіру қабілетін белсендіру арқылы әсер етеді.
Микронидлинг дегеніміз не?
Бұл — аз инвазивті процедура. Оның барысында тері өте жіңішке, стерильді инелермен ұқыпты түрде микротесіледі. Осындай микрожарақаттар терінің табиғи жазылу процесін іске қосады: ағза коллаген мен эластинді белсендірек өндіре бастайды. Нәтижесінде дерма тығыздалып, тегістеле түседі, ал ұсақ әжімдер мен тері бедеріндегі кемшіліктер азаяды.
Микронидлингтің жетілдірілген түрі де бар — RF-микронидлинг. Бұл жағдайда инелермен бірге радиожиілікті энергия қолданылады, ол процедураның әсерін күшейтеді: теріні тартуға, құрылымын жақсартуға, постакне іздері мен созылу белгілерінің айқындылығын азайтуға көмектеседі.
Маңызды: бұл процедура кәсіби тәсілді талап етеді. Инелердің ену тереңдігі мен орындау техникасы, әсіресе пигментацияға бейім тері үшін, аса маңызды рөл атқарады.
Қандай артықшылықтары бар?
Микронидлингтің негізгі әсері — теріні ішкі деңгейде жаңарту. Процедуралар курсынан кейін мынадай нәтижелер байқалуы мүмкін:
- тері бедерінің тегістелуі
- тері тесіктерінің кішіреюі
- ұсақ әжімдердің азаюы
- тыртықтар мен акне іздерінің көрінісін жақсарту
- тері тонусының артуы және табиғи жарқыраудың пайда болуы
Процедура алдында не істеу керек?
Дайындық күрделі емес, бірақ өте маңызды. Сеансқа дейін бір апта бұрын ретинол, қышқылдар және агрессивті күтім құралдарын қолдануды тоқтатқан жөн. Тері жақсы ылғалдандырылған және күннен қорғалған болуы керек, өйткені күнге күйген теріге процедура жасауға болмайды.
Сондай-ақ, процедураға бірнеше күн қалғанда беттегі эпиляциядан бас тартқан дұрыс. Процедура күні тері таза болуы тиіс: макияжсыз және күтім құралдарынсыз.
Процедура кезінде не болады?
Процедура басталар алдында теріге жансыздандыратын крем жағылады, сондықтан жайсыздық өте аз болады. Сезім көбіне ауырсынудан гөрі жеңіл діріл мен қысымға ұқсайды. Жалпы процедура шамамен 30 минутқа созылады.
Қалпына келу кезеңі
Сеанстан кейін теріде қызару және аздап сезімталдық пайда болуы мүмкін. Бұл — қалыпты реакция. Әдетте қалпына келу 2–5 күнге созылады: осы кезеңде жеңіл қабыршақтану мен құрғақтық сезілуі мүмкін. Бұл уақытта жұмсақ күтім қолданып, теріні күн сәулесінен міндетті түрде қорғау қажет.
Нәтиже қашан байқалады?
Алғашқы өзгерістерді 1–2 процедурадан кейін-ақ байқауға болады. Бірақ айқын әрі ұзақ сақталатын нәтиже үшін көбіне курс қажет. Көп жағдайда бұл — бірнеше апта аралықпен жасалатын 3–4 сеанс, дегенмен кейбір жағдайда процедура саны көбірек болуы мүмкін. Бұл терінің жағдайы мен күтілетін нәтижеге байланысты.
Қауіптері бар ма?
Көбіне уақытша реакциялар байқалады: қызару, ісіну, сезімталдықтың артуы және сирек жағдайда — көгерулер. Ал инфекция, тыртық немесе пигментация сияқты күрделі асқынулар дұрыс емес техника немесе жеткіліксіз стерильдік салдарынан туындауы мүмкін. Сондықтан бұл процедураны үй жағдайында өз бетіңізше жасауға болмайды.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.