Соңғы жылдары миди ұзындық сән әлеміндегі жетекші орнын ешкімге бермей келгендей көрінді. Алайда мұндай үстемдік мәңгі жалғаса алмайтыны анық. Ойнақы әрі нәзік мини-белдемшелер қайта оралып, гардеробымыздағы лайықты орнын баяғыда-ақ иеленгенін тағы бір мәрте еске салды. Тіпті сән апталығында да Джонатан Андерсон өз образдарына тартымды әрі батыл элементтерді енгізді. Өзге дизайнерлер де бұл трендтен қалысар емес. Сондықтан Harper’s BAZAAR Kazakhstan дәл қазір-ақ киюге болатын мини-белдемшемен күнделікті образдарды ұсынады.
Қала стилінің классикасы
Классикалық қара белдемше кез келген образға мінсіз үйлеседі: кеңсе стилінен бастап серуенге арналған киімге дейін. Соңғысын еркін әрі жайлы ету үшін оған жемпір, балетка және өрілген сөмке қоссаңыз жеткілікті. Көктемге арналған жеңіл әрі сәнді аутфит дайын.
Нағыз леди стилі
Соңғы маусымдарда lady like стилі нәзіктік пен әйелдік болмысты бағалайтын сәнқойлардың жүрегін жаулап алды. Қысқа жакет пен мини-белдемше сізді әп-сәтте «Менің сұлу ханымым» фильмінің заманауи кейіпкеріне айналдырады.
60-жылдарға оралу
1960-жылдардағы Лондонды елестетіп көріңізші: Мэри Куант таныстырған қысқа белдемшелер, тізеден жоғары былғары етіктер және ұзын тренчтер. Атмосфералық образ үшін тек афган стиліндегі пальто жетіспей тұрғандай, бірақ оған қазір күн тым жылы.
Ата-аналарға қақпан
Егер шабытты қайдан іздеуді білмей жүрсеңіз, 90-жылдардағы фильмдерге назар аударып көріңіз. «Ата-аналарға арналған тұзақ» фильміндегі егіздердің анасы Элизабет Джеймске інжу реңкті мінсіз атлас жинақ пен біртүсті аксессуарлардан құралған образ сөзсіз ұнар еді.
Былғары мен күдері үйлесімі
Былғары мен күдері — әлі де мінсіз үйлесім. Мини-белдемшемен текстураға бай образ жасау аса қиын емес. Ең бастысы — базалық киімдерді фактурасы айқын бөлшектермен дұрыс үйлестіріп, нәзік тепе-теңдікті сақтау.
Жеңіл асимметрия
Образға аздап еркіндік пен күтпеген акцент қосқыңыз келсе, ерекшелігі бар бөлшектерді таңдаңыз. Preppy стиліндегі іскерлік образ асимметриялы белдемшемен үйлескенде ерекше әрі заманауи көрінеді. Егер кеңсеңізде дресс-код тым қатаң болмаса, мұндай киіммен жұмысқа да баруға әбден болады.
Спорттық сән — әрдайым өзекті
Спорттық эстетика күнделікті стилімізге соншалық үйлесімді сіңіп кетті, тіпті сән сахнасынан кеткісі де келмейді. Біз де оған қарсы емеспіз. Себебі худи мен кроссовкалармен тіпті ең нәзік әрі әйелдік образдардың өзі табиғи әрі ыңғайлы көрінеді. Ал көпшілік үшін жайлылық кез келген қызу трендтен де маңыздырақ.
Harper's BAZAAR мақаласының түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.