Иә, шындық кейде қатал: менопауза кезінде тек ішкі емес, сонымен қатар сырт көзге байқалатын өзгерістер де болады. Мысалы, шаштың түсуі. Мұндай мәселемен шамамен әрбір үшінші әйел бетпе-бет келеді. Бірақ жақсы жаңалық бар — мұнымен күресуге болады. Қалай? Бұл туралы Harper's BAZAAR Kazakhstan басылымы айтып береді.
Гормондар шашқа қалай әсер етеді?
Мұндай өзгерістердің негізгі себебі — гормондық қайта құрылу. Перименопауза мен менопауза кезінде эстроген мен прогестерон деңгейі төмендейді. Ал дәл осы эндокриндік реттеушілер шаштың саулығында маңызды рөл атқарады.
Эстроген шаштың белсенді өсу фазасын ұзартып тұруға көмектеседі. Оның мөлшері азайған кезде шаш тезірек түсу кезеңіне өтеді және біртіндеп жұқара бастайды.
Ал прогестерон андрогендердің — «ер» гормондары деп аталатын, бірақ әйел ағзасында да болатын гормондардың әсерін тежеуге көмектеседі. Эндогендік стероид деңгейі төмендеген кезде андрогендер шаш фолликулаларына күштірек әсер ете бастайды. Соның салдарынан шаштың құрылымы өзгеруі мүмкін, көлемін ұстап тұруы қиындайды, үлпілдеп тұрады және бұрынғыдай қалың көрінбеуі мүмкін.
Сонымен қатар бұл кезеңде бас терісі жиі құрғақ болып кетеді. Май бездерінің бөлінуі азаяды, соның нәтижесінде шаш өзінің үйреншікті жылтыры мен жұмсақтығын жоғалтады.
Шаш түсуінің қандай түрлері жиі кездеседі?
Менопауза кезеңінде көбінесе әйелдердегі андрогенетикалық алопецияның түрі байқалады — бұл шаштың орталық айырылған жерінде және бастың жоғарғы бөлігінде біртіндеп сиреуі. Ер адамдардағы шаш түсуінен айырмашылығы — әйелдерде шаштың өсу сызығы әдетте артқа шегінбейді, ал толықтай таз қалу өте сирек кездеседі. Дегенмен көзге көрінерлік түрде шаштың қалыңдығы айтарлықтай азаюы мүмкін.
Тағы бір жиі кездесетін құбылыс — фолликулдардың миниатюризациясы. Бұл дегеніміз уақыт өте келе шаш түбірлері кішірейіп, әлсіздеу шаш шығара бастайды. Бұрынғыдай қалың, ұзын және пигменті бар шаштың орнына қысқалау, жұқа әрі түсі әлсіз шаштар пайда болады. Кейде гормондық өзгерістер тағы бір ерекшелікпен қатар жүреді: бастың шашы сиреп, ал беттегі түктер керісінше айқынырақ бола бастайды. Бұл фолликулдардың андрогендерге әртүрлі әсер етуімен байланысты.
Неліктен стресс жағдайды одан әрі қиындатады?
Менопауза — ағза үшін өздігінен-ақ күрделі кезең. Ал күйзеліс бұл жағдайды одан әрі күшейтіп, шаштың түсуін арттыруы мүмкін. Стресс деңгейі жоғарылаған кезде шаштың қалыпты өсу циклі бұзылады. Көптеген фолликулдар мерзімінен бұрын тыныштық кезеңіне өтіп, кейін түсу фазасына көшеді.
Сондықтан стресс деңгейін бақылау — шаш күтімінің маңызды бөлігі. Ұйқының жеткілікті болуы, тұрақты физикалық белсенділік, тыныс алу жаттығулары, йога, серуендеу және релаксация тәсілдері ағзаға түсетін жүктемені шынымен азайта алады.
Бұл кезеңде шашқа тағы не көмектесе алады?
Мәселені шешуге кешенді түрде қарау қажет. Өкінішке қарай, тек бір шампунь ғана көбіне жеткіліксіз.
ТамақтануШаш қоректік заттардың жетіспеушілігіне өте сезімтал, ал гормондық өзгерістер кезінде бұл одан да айқын байқалады. Ең маңызды элементтердің бірі — ақуыз, өйткені шаштың негізгі құрылымдық материалы — кератин дәл осы ақуыздан түзіледі. Сонымен қатар темір, С дәрумені, А дәрумені және D дәрумені де маңызды рөл атқарады.
Егер ағзада қандай да бір жетіспеушілік бар деген күдік болса, тағамдық қоспаларды өз бетіңізше қабылдамаған дұрыс. Алдымен талдау тапсырып, нәтижесін дәрігермен бірге талқылаған жөн.
Емдеу және қолдау процедуралары
Егер шаштың түсуі айқын байқалса, бұл процесті баяулатып, шаштың өсуін қолдайтын әртүрлі құралдар мен әдістер қолданылуы мүмкін. Ең танымалдарының бірі — миноксидил негізіндегі сыртқы препараттар, кейбір тағамдық қоспалар, сондай-ақ төмен деңгейлі лазерлік терапия.
Сонымен қатар бас терісінің жағдайы да өте маңызды. Егер ол стайлинг құралдарының қалдықтарымен, артық маймен (себуммен) және өлі жасушалармен бітелсе, бұл шаштың жалпы жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан бас терісін жұмсақ әрі тұрақты түрде тазарту, сондай-ақ арнайы күтім процедуралары күнделікті күтімнің пайдалы бөлігі бола алады.
Алайда бір нәрсені есте ұстаған жөн: егер шаштың түсуі айқын байқалып, ұзақ уақыт жалғасса, тек үй жағдайындағы күтіммен шектелмей, трихолог немесе дерматолог маманға жүгінген дұрыс.
Гормондық терапия көмектесе ала ма?
Кейбір жағдайларда гормондық терапия шынымен менопауза белгілерін жұмсартып, шаштың жай-күйін жанама түрде жақсартуға көмектеседі. Ағзаға қызулау, ұйқысыздық, көңіл күйдің құбылуы және жалпы стресс сияқты белгілермен күресу жеңілдегенде, бұл шаш түбірлеріне де оң ықпал етуі мүмкін. Алайда мұндай нұсқа тек дәрігермен, жалпы денсаулық жағдайы мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып талқылануы керек.
Менопауза кезінде шашты қалай күткен дұрыс?
Шаш жіңішкеріп, мортталған кезде әдеттегі күтім әрдайым тиімді бола бермейді. Бұрын зиян келтірмеген нәрселер қазір сынғыштықты арттыруы мүмкін.
Бұл кезеңде әсіресе маңызды:
- тым қатты тартылған шаш үлгілерінен аулақ болу,
- қатты жылумен сәндеу құралдарын сирек пайдалану,
- тазарту мен күтімге арналған нәзік құралдарды таңдау,
- шашты ауыр стайлинг-құралдарымен шамадан тыс жүктемеу,
- дымқыл шашпен аса ұқыпты жұмыс істеу.
Ал шаш қиюға келсек, көбіне ұзындықты ауырлатпай, көзге көлем қосатын формалар жақсы жұмыс істейді. Бұл жұмсақ қабаттар, қысқалау нұсқалар немесе жеңіл толқындар болуы мүмкін.
Тағы нені ескерген жөн?
Кейде шаш түсуі тек менопаузамен байланысты емес. Шаштың жай-күйіне дәрі-дәрмектер, күрт салмақ тастау, қатты калория тапшылығы, созылмалы стресс және кейбір медициналық жағдайлар әсер етуі мүмкін.
Жедел арықтау да бөлек назар аудартуға тұрарлық. Салмақтың күрт төмендеуі немесе белгілі бір препараттарды қолдану аясында шаш жиі белсендірек түсе бастайды. Сондықтан ағзаға жасалатын кез келген елеулі араласуды міндетті түрде дәрігер бақылауымен жүргізу маңызды.
Ең маңыздысы, есте сақтайтын жайт
Жасқа байланысты шаштағы өзгерістер — өте кең таралған құбылыс, бұған үрейленіп қараудың қажеті жоқ. Мәселені неғұрлым ерте қолға алсаңыз, үдерісті баяулатып, шашты мүмкіндігінше ұзақ жақсы күйде сақтап қалу ықтималдығы соғұрлым жоғары.
Harper's BAZAAR Arabia журналындағы мақаланың түпнұсқасын осы жерден оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.