Қыс мезгілі артта қалды, сондықтан дәл қазір шашты қалай жылтыр әрі сау етіп көрсетуге болатыны туралы іздеулер күрт көбейіп жатыр. Суық маусымнан кейін шашты қалпына келтіру уақытты, тұрақты күтімді және дұрыс тәсілді талап етеді, деп жазады Harper’s BAZAAR UK. Көпшілік ойлағандай, қалаулы «шыныдай жылтыр шаш» әсері тек табиғи ерекшелікке емес, ең алдымен дұрыс күтімге байланысты. Мамандардың айтуынша, қоңыр және қара шаш жарықты жақсырақ шағылыстыратындықтан, әдетте жылтырырақ көрінеді. Дегенмен ақшыл, бұйра немесе толқынды шаш иелері де дәл сондай айнадай жалтыр нәтиже ала алады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan оған қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіреді.
Уақтылы шаш қию
Сарапшылардың пікірінше, шашты дер кезінде қию — «шыныдай» эффектке жетудің басты қадамдарының бірі. Бір ғана процедураның өзінде ұштанған, сынған ұштарды алып тастауға болады. Ал дәл осы зақымданған бөліктер шаштың табиғи жылтырын бәсеңдетеді.
Ылғалдандыру — негізгі қағида
Бет терісіне арналған ылғалдандыратын компоненттер теріні сау, серпімді әрі әдемі ететіні секілді, шашқа да дәл солай әсер етеді. Қоректендіргіш құралдар шашты ылғалмен қанықтырып, оны іштен нығайтады және жеңілдік сезімін береді.
Егер шашыңыздың жылтыр болғанын қаласаңыз, күтіміңізде ши майы, кастор майы және авокадо майы болғаны жөн. Ал бұйра шашты арулар үшін стайлингке арналған крем міндетті өнімдердің бірі — ол шаштың үлпілдеп, бытырап кетуінің алдын алады.
Айтпақшы, бальзам-хайлайтерлер де жақсы көмекші бола алады. Олар шашты қосымша ылғалдандырып қана қоймай, табиғи жылтырлық сыйлайды.
Шашқа жылтыр беретін өнімдер
«Шыныдай жылтыр шаш» әсеріне қол жеткізу үшін күтімге арнайы жылтырлық беретін косметикалық өнімдерді қосуға болады. Олардың кейбірі жартылай тұрақты әсер берсе, енді бірін әр жуғаннан кейін қайта қолдану қажет болады. Қалай болғанда да, дәл осы өнімдер қалаған глянц эффектіні жасауға көмектеседі.
Салонда не істеуге болады?
Егер сіз үшін шаштың айрықша жылтырлығы басты орында болса, бояу процедурасын да қарастыруға болады. Мұнда міндетті түрде шаш түсін түбегейлі өзгерту туралы сөз болып отырған жоқ. Қазіргі заманауи бояу өнімдерінің кейбірі құрамындағы арнайы компоненттердің арқасында шашты қосымша «жарықтандырып», жарқырата түседі. Оның үстіне, боялған шаш көбіне визуалды түрде жылтырырақ көрінеді.
Сондай-ақ салондық процедуралар да жақсы нәтиже береді. Бұл туралы шеберіңізбен кеңесіп көріңіз: ол сіздің шаш түріңізге сай ең тиімді күтімді ұсынады. Мысалы, бұл бас терісінің саулығына бағытталған күтім, немесе белгілі бір уақытқа дейін шаштың үлпілдеуін азайтатын арнайы процедура болуы мүмкін.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.