Танысу қолданбаларында, мысалы, Tinder-де, жиі былай деп сұрайды: «Сіздің махаббат тіліңіз қандай?». Бұл сұрақ ықтимал серіктестерге қарым-қатынас құрып, бірін-бірі оңайырақ түсіну үшін қойылады. Иә, мәңгілік дилемма бар: адамдар сезімді әрқалай білдіреді әрі қабылдайды, соның салдарынан жиі келіспеушіліктер туындайды. Осы үрдісті байқаған отбасылық кеңесші Гэри Чепмен 1992 жылы «Махаббаттың бес тілі» кітабын шығарды. Оның тұжырымдамасына сәйкес, әр адамның сезімді білдіруінің негізгі тәсілі болады, деп хабарлайды People. Алайда бұл теория барлық мәселеге әмбебап шешім емес, өзара түсіністікті жақсартуға арналған құралдардың бірі ретінде қарастырылатынын ескерткен жөн. Өз махаббат тіліңізді немесе сүйіктіңіздің тілін білу үшін, әрі олар әртүрлі болса не істеу керегін түсіну үшін экранды төмен жылжытыңыз.
Махаббат тілдерінің негізгі түрлері
Сөздер
Бұл түрі сезімді сөзбен білдіруге негізделген. Комплименттер, алғыс айту, еңбекті мойындау және қолдау сөздері адамға өзін маңызды сезініп, эмоциялық жақындықты терең сезінуге көмектеседі. Иә, «ғашықтық құлақтан» — бұл тек қыздарға ғана қатысты емес.
Сыйлықтар
Мұнда маңыздысы — сыйлықтың материалдық құны емес, ықылас пен ниет. Ойластырылған қадам серіктесіңіздің қалауы мен қажеттілігін ескеретініңізді көрсетеді. Әрине, Hermès сөмкесін алу бірден-ақ қуантады, бірақ ол көптен аңсап жүрген шағын кулоннан да сіздің жартыңыз бас тартпайды.
Қамқорлық
Бұл махаббат тілі нақты әрекеттер арқылы көрінеді: күнделікті тірлікте қолғабыс ету, серіктестің жайлылығын ойлау, оның жүгінің бір бөлігін өз мойнына алуға дайын болу. Мұндай қимылдар қамқорлық пен қатысудың айғағы ретінде қабылданады.
Уақыт
Мұнда әңгіме бір-біріне толық ықылас қойып, бірге өткізген уақыт туралы. Маңыздысы — уақыттың ұзақтығы емес, оның мазмұндылығы: әңгіме, ортақ әсерлер, эмоциялық берілу.
Физикалық жанасу
Дене арқылы байланыс — құшақтасу, сүйісу, жанасу — мұндай адамдар үшін байланыс, қолдау және қауіпсіздікті сезінудің маңызды тәсілі. Ал тантралық секс олар үшін интимдік жақындықтың ең үздік түрі.
Қатынастың әр кезеңінде махаббат тілдерінің маңызы
Қатынастың басында сапалы уақыт ерекше маңызды. Дәл сол сіздің қызықты екеніңізді, басымдықта тұрғаныңызды, сізге күш-қуат жұмсауға дайын екенін көрсетеді. Ал ұзаққа созылған қарым-қатынаста бірінші орынға іс-әрекет шығады: күнделікті ұсақ-түйекке қамқорлық, қажеттіліктерге назар аудару, артық сөзсіз қолдау.
Сүйіктіңіздің махаббат тілін қалай анықтауға болады?
Ең сенімді жол — ашық сөйлесу. Иә, меңзеусіз, стористегі ишарасыз. Қажеттілік пен күтілім туралы ашық әңгіме талай жүйкені сақтап, артық жорамалдан құтқарады.
Бақылап көру де — бір әдіс. Адам махаббатын көбіне қалай білдіретініне, қандай ишараға ерекше әсерленіп, қайсысы оны шын толқытатынына, ал нені селқос қабылдайтынына назар аударыңыз.
Өз махаббат тіліңізді қалай түсінуге болады?
Өзіңізге бірер шынайы сұрақ қойыңыз:
— сізге шынайы жақындық сезімін не тудырады?
— қарым-қатынаста сізге көбіне не жетіспейді?
— өзіңіз өзгелерге деген махаббатыңызды қалай білдіресіз?
Кейде жақындарыңыздан сұраған да пайдалы, өйткені сырт көзге әдеттер айқынырақ көрінеді.
Махаббат тілдеріңіз сәйкес келмесе не істеу керек?
Сезімді білдіру тәсілдерінің әртүрлі болуы — кең тараған әрі табиғи жайт. Біреу сіз үйренген үлгіде махаббатын көрсетпейді екен деп, ол сезім жоқ дегенді білдірмейді.
Кейде біз «өз» форматымызға соншалықты беріліп аламыз, басқа қамқорлық көріністерін байқамай қаламыз. Оның үстіне эмоциялық қажеттіліктер уақыт өте өзгереді, сондықтан бір-біріңізбен қайтадан танысып, күтілімдерді мезгіл-мезгіл талқылау маңызды.
Сонымен бірге Harper's BAZAAR Kazakhstan редакциясы мынаны атап өткісі келеді: осы бес махаббат тілі — қарым-қатынастағы эмоциялық динамиканы жақсырақ түсінудің шынында да қолайлы тәсілі. Бұл теория серіктестің мінез-құлқын дәлірек түсінуге, сезімді саналы түрде білдіруге және жақындықты сақтауға көмектеседі. Бірақ үйлесімнің іргетасы әлі де сол ескі, бірақ сенімді жиынтық: ашық диалог, бір-біріндегі өзгерістерге зейін қою және ымыра.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.