Құрғақ және күңгірт шашты көктемде қалай қалпына келтіруге болады?
Фото. Shutterstock.com. Автор. puhhha.

Құрғақ және күңгірт шашты көктемде қалай қалпына келтіруге болады?

23 апреля 2026

Көктем келгенде тек тері күтімі ғана емес, шаш күтімі де жаңаруды қажет етеді. Суық маусымнан кейін шаш көбіне әлсіреп көрінеді: құрғап, жылтырынан айырылып, сыртқы факторларға сезімтал бола түседі. Сондықтан дәл осы кезеңде, Harper’s BAZAAR Kazakhstan редакциясының пікірінше, күнделікті бьюти-рутинаны қайта қарап, оған көбірек қоректендіруді, қорғауды және нәзік күтімді енгізу маңызды.

Ылғалдандыру — қалпына келтірудің басты негізі

Қыста шаш ылғалды жоғалтады, соның салдарынан сынғыш болып, дұрыс қалыпқа келмей қалады. Оған қайтадан жұмсақтық пен серпімділік беру үшін күтімді жүйелі түрде ұйымдастыру қажет:

  • терең ылғалдандыру үшін нәрлендіретін маскаларды пайдалану;
  • әр жуғаннан кейін кондиционер жағып, әсерін бекіту және шаш құрылымын нығайту;
  • күтімге шаш ұзындығына арналған сарысулар немесе майлар қосу — олар үлпілдеуді азайтып, жылтыр береді;
  • мүмкіндігінше ыстық құралдарды сирек қолдану. Егер онсыз болмайтын болса, міндетті түрде термоқорғаныш пайдалану қажет.
Сухие и тусклые волосы? Обновляем уход к весне
Фото. Shutterstock.com. Автор. Dmytro Buianskyi.

Шашқа жылтырды қалай қайтаруға болады?

Қыстан кейін шаштың күңгірттенуі — жиі кездесетін мәселе. Бірақ дұрыс күтім құралдары мен тәсілдеріне мән берсеңіз, оны тез қалпына келтіруге болады:

  • жылтыр әсері бар сусабындарды таңдап, жуу кезінде бас терісін жұмсақ уқалау — бұл қан айналымын жақсартып, мықты шаштың өсуін қолдайды;
  • арган немесе кокос секілді табиғи майларды қолдану — олар шашты нәрлендіріп, тегістеп, сыртқы әсерден қорғайды;
  • шашты салқын сумен шаю — бұл кутикуланы тегістеп, табиғи жылтырды күшейтеді;
  • ылғалдандыратын компоненттері бар қалпына келтіретін маскаларды тұрақты қолдану;
  • шашты таңертең және кешке тарау — бұл кірді кетіріп, табиғи майлардың біркелкі таралуына көмектеседі.
Сухие и тусклые волосы? Обновляем уход к весне
Фото. Shutterstock.com. Автор. Tatiana Kachailo.

Шаш түсуін қалай азайтуға болады?

Көктемде маусымдық шаш түсуі күшеюі мүмкін, әдетте бұл бірнеше аптаға созылады. Осы кезеңде шашты қолдау үшін мына әдеттерге назар аударған жөн:

  • өсімдік компоненттері бар нығайтушы құралдарды қолдану;
  • шаш өсуін ынталандыру үшін бас терісіне тұрақты массаж жасау;
  • тамақтану рационын бақылау: А, C, D, E дәрумендеріне, сондай-ақ темір мен мырышқа бай өнімдерді көбірек тұтыну;
  • кәдімгі жастыққаптарды жібек немесе сатин нұсқасына ауыстыру — олар үйкелісті азайтып, сынуды болдырмайды және шаштың сау қалпын сақтауға көмектеседі.

Көктемде шаш ерекше күтімді қажет етеді

Көктем мезгілінде шаш ерекше қамқорлықты қажет етеді. Аз ғана көңіл бөліп, дұрыс күтім әдеттерін қалыптастырсаңыз, шашыңыздың күшін, тегістігін және табиғи жылтырын қысқа уақытта қайтара аласыз.

Harper's BAZAAR France ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше