Say Yes to the Dress: 2026 жылғы той көйлегінің басты трендтері
Фото. Spotlight. Alyne Bridal, күз-қыс 2026

Say Yes to the Dress: 2026 жылғы той көйлегінің басты трендтері

26 марта 2026

Той сәніндегі үрдістер сән әлеміндегідей жылдам алмаспайды, бірақ қызығушылық кем түспейді. Оның үстіне, көптеген қалыңдықтар сүйіктісін де, қонақтарды да таңғалдырып, өз дара стилін айқындағысы келеді. Осы ретте Harper’s BAZAAR Kazakhstan 2026 жылғы той көйлегінің басты трендтерін іріктеді, сіз өзіңізге лайық сәнді киімді дер кезінде таңдай алуыңыз үшін.

Ең алдымен — драпировка

Драпировка әлдеқашан үлкен сахнаға қайта оралды, сондықтан қалыңдықтардың да сұлулықпен мүсінделген қатпарлар мен бүрмелерге бай бейнелерді қалауында таңғаларлық ештеңе жоқ. Жұмсақ cowl-neck жағасы да тамаша нұсқалардың бірі бола алады.

Төмен бел сызығы

Тамырын 1920-жылдардан алатын бұл тренд мықтап орнығып, болашақ қалыңдықтардың гардеробына да батыл енді. XX ғасыр эстетикасына құрмет мұнда мүлде көне көрінбейді, керісінше — тың әрі ойнақы. Оның үстіне етек пен төмен бел сызығының айқын қарама-қарсылығы бейнеге соны екпін береді.

Көлемді гүлді декор

Иә, гүлдер әлі де қалыңдықтың айнымас серігі. Олар нәзік гүлшоқтарда ғана емес, той көйлегінің өзінде де көрініс табады. Үш өлшемді өрнектер мен аппликациялар бейнеге көлем мен фактура беріп, мұндай келбетті ешқашан сүреңсіз не ортақол дей алмайсыз.

Авангардтан қорықпаңыз

Бейнеңізді нағыз арт-объектке айналдыру оңай, егер сіз өзіңіздің шығармашылық түйсігіңізге сенім артсаңыз. Бейне шамадан тыс жарқын не тым дара болып кетер ме екен деп уайымдамаңыз — мәні де сонда. Шығармашылығыңызды бұдан өзге қашан осылай еркін көрсете аласыз?

Statement-декор

Декор жалпы кез келген киімді әсерлі ете алады. Айтпақшы, statement-тәсіл бір жылдан бері нық тренд саналады: соның көмегімен сіз сәндегі өз мәлімдемеңізді жасайсыз. Ірі банттар, қауырсындар мен қызықты фактуралар құпталады.

Ақ түспен ғана шектелмеңіз

2026 жылғы той көйлегі трендтері одан әрі алға басады. Ең маңызды күніңізге ақ түс қана емес, басқа да реңктер жарасады. Нәзік, пастель палитралары — неке қиюға әзірленгендер үшін тамаша таңдау. Бұл — сіздің күніңіз, демек, ереже де сіздікі. Сондықтан ерекшеленуден және қонақтарды сәл-пәл таңғалдырудан именбеңіз.

Фатаның орнына

Қалыңдық бейнесіндегі фатаның киелі мәні бар — ол тазалықты, пәктікті және кішіпейілділікті білдіреді. Алайда бұл ұғым бәріне бірдей жақын бола бермейді. Ұзын вуальдің орнына мұндайда шифоннан тігілген кейптер, жұқа шарфтар немесе болеро жарайды. Ең қолайлысы — қызу биге кезек келгенде, бұл элементті оп-оңай шешіп тастай аласыз.


Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше