Шідер – қозғалысты шектейтін тұсау: Алматыда алғаш рет детектив-драма сахналанбақ
Фото. Тұмар Мәулен

Шідер – қозғалысты шектейтін тұсау: Алматыда алғаш рет детектив-драма сахналанбақ

Гүлдана Мұқан
10 апреля 2026

Алматының мәдени күнтізбесінде көптен күткен ерекше премьера өтпек. 15–16 сәуір күндері Almaty Theatre сахнасында алғаш рет триллер элементтері бар «Шідер» атты детектив-драма көрерменге жол тартады. Бұл — махаббат пен парыз, құпия мен тағдыр, ішкі арпалыс пен азаматтық жауапкершілік жайлы қойылым.

Шідер – қозғалысты шектейтін тұсау: Алматыда алғаш рет детектив-драма сахналанбақ
ШІДЕР спектаклінен үзінді

«Шідер» — жай ғана спектакль емес

Бұл үнсіз күрес туралы хикая. Бір-бірін сүйсе де, сезімін еркін жеткізе алмайтын екі жанның, ел мүддесі жолында өз тағдырын құрбан етуге мәжбүр болған қос кейіпкердің жан жарасы. Кино және театр актері Ержан Нұрымбет пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Айнұр Болат – Қосан мен Ақжан есімді кейіпкерлердің рөлінде. Оларды табыстырған — Алматының ыстық көшелері. Ал оларды айырған — уақыт пен құпияға толы тағдыр.

Екеуі де ел қауіпсіздігі үшін шетелде қызмет еткен барлау өкілдері. Бірі — үнсіз күрескер, екіншісі — шеттегі қорған. Олардың арасында махаббат бар. Бірақ айтуға болмайды. Сағыныш бар. Бірақ жол жабық. Сол сезімге тұсау болған — шідер.

Dior музасымен байланыс: спектакльдің ең жұмбақ қыры

«Шідердің» басты ерекшелігінің бірі — оның басты кейіпкері әлемдік сән тарихында із қалдырған Christian Dior музасы Алла Елшіннің (Алла Ильчун) прототипінен шабыт алған. Алла Ильчун — Dior таңдаған аңызға айналған модель, қазақ қызының сұлулығы мен ішкі еркіндігін әлемге танытқан тарихи тұлға. Оның бейнесі сән әлемінде жұмбақ, нәзік әрі асқақ символға айналды.

Ал «Шідердегі» әйел бейне — сол эстетиканың сахналық жалғасы іспетті. Сұлулық, тылсым тағдыр, ішкі еркіндік және үнсіз қарсылық — екеуін байланыстыратын негізгі желі. Спектакль мен Dior музасының арасындағы шынайы байланысты көрермен қойылым барысында өзі ашады.

Қойылымда сондай-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы тағдыры, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, ядролық полигон қасіреті, Кеңес Одағының ыдырауы, Михаил Горбачёв дәуірі, патриотизм сынды күрделі тақырыптар тоғысады.

Шідер – қозғалысты шектейтін тұсау: Алматыда алғаш рет детектив-драма сахналанбақ
ШІДЕР спектаклінен үзінді

«Шідердің» басты ерекшелігі — небәрі екі актердің тұтас спектакльдің драмалық салмағын арқалауы. Олар бір кейіпкерден екіншісіне жылдам ауысып, сахнадағы уақыт пен кеңістікті үздіксіз өзгертіп отырады. Ал декорациялық шешімдер қойылымның әсерін күшейтіп, оқиғаға тереңдік береді. Туынды авторы — Бақытжан Қаратегі, ал қоюшы-режиссері — Әлібек Өмірбекұлы.

Оның әр қойылымы қоғамда дүмпу тудырады

Режиссердің айтуынша, бүгінгі қоғам, әсіресе жас буын, тіпті бертіндегі тарихтан да алыстап барады. Ал барлау қызметінің шынайы табиғаты көпшілік үшін әлі де жұмбақ. «Шідер» осы көмескі әлемнің бір үзігін сахна тілімен жеткізуді мақсат етеді.

Шідер – қозғалысты шектейтін тұсау: Алматыда алғаш рет детектив-драма сахналанбақ
Қоюшы-режиссер: Әлібек Өмірбекұлы

«Шідер» — махаббатты романтика ретінде емес, жауапкершілікпен шектелген сезім ретінде көрсетеді. Ал парызды — салтанатты ұғым емес, адам жанын қажытатын ауыр таңдау ретінде ашады.


Фото. Тұмар Мәулен

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше