Қазақ киносы үшін айтулы жаңалық — режиссер Әділхан Ержановтың жаңа толықметражды фильмі «ТУРГАУД» әлемдік премьерасын Берлинале аясындағы беделді Berlin Critics’ Week бағдарламасында өткізді. Бұл — халықаралық киносыншылар назары ауатын, авторлық киноны дәріптейтін ерекше алаң. 11 ақпан күні фильмнің алғашқы көрсетілімі Берлиндегі тарихи Hackesche Höfe Kino кинотеатрында өтті. Тұсаукесерде режиссердің өзі және түсірілім тобының мүшелері қатысқан. Премьерадан кейін дәстүрлі Halbwissen форматындағы сыншылар дебаты ұйымдастырылып, жоба қызу талқыға түсті. Алғашқы пікірлер-ақ «ТУРГАУД»-тың қазақстандық және еуропалық сыншылар тарапынан жылы қабылданғанын көрсетті.
«ТУРГАУД» — адалдық пен ымыра, жеке сезім мен жабық жүйенің логикасы арасындағы текетірес туралы драма. Бұл — кез келген ережеден ауытқу қауіп ретінде қабылданатын ортадағы адамның таңдауы жайлы кино. Клан басшысын қорғап жүрген күзетші оны өлтіруге келген киллер қызға ғашық болады. Ал картинаның отандық көрерменге қашан ұсынылатыны әзірге белгісіз.