Бәлкім, әрқайсымыз кем дегенде бір күнге болсын басқа бір ғасырда өмір сүріп көргіңіз келген шығар: жанды дыбыста музыка ойнаған балда, шам жарығы жылтырап тұрған салтанатты кеште, екі жасырын ғашықтың сезімін жасырып тұрған зәулім қоныста немесе айтылған әр сөздің салмағы бар тыныш провинцияда. Абырой болғанда, мұндай қиялды шындыққа жақындататын тарихи драмалар бар. Олар бізді өткен заманға жетелеп, махаббат қатаң ережелерге бағынған, әлеуметтік мәртебе тағдырды айқындаған, ал жеке таңдау қоғамға қарсы шығумен тең болған дәуірлерге сүңгітеді. Кейіпкер әйелдердің тағдыры, күмәні, ішкі күші мен өз дауысын естірту жолындағы күресі арқылы бұл фильмдер өткенді эмоционалды тұрғыда жақын әрі бүгінгі күнмен үндес етіп көрсетеді.
«Ақыл мен сезім», 1995 жыл
Джейн Остиннің аттас романының экранизациясы әпкелі-сіңлілі Дэшвудтардың — Элинор мен Марианнаның тағдырын баяндайды. Әкелерінен айырылған соң, қыздар қиын қаржылық жағдайға тап болып, бұрынғы әлеуметтік мәртебесінен айырылған отбасы провинциядағы шағын үйге көшуге мәжбүр болады.
Әпкелер өмір мен махаббатты әрқалай қабылдайды: сабырлы Элинор ақылға жүгініп, жеке сезімдерінде де ар-намысын сақтауға тырысады. Ал сезімтал Марианна эмоциямен өмір сүріп, сүйіспеншілігі мен көңіл қалуын жасырмайды. XVIII ғасырдың соңындағы ағылшын қоғамы аясында олар өмірлік серік таңдау, қоғамдық үміттер мен ішкі ымыраларға байланысты сынақтарға тап болады.
«Ғашық Шекспир», 1998 жыл
Оқиға XVI ғасырдың соңындағы Лондонда өрбиді. Жас драматург Уильям Шекспир шығармашылық дағдарысты бастан кешіреді: шабыт та жоқ, сахнаға дайын пьеса да жоқ. Алайда оның өмірі театрды жан-тәнімен сүйетін, білімді Виола де Лессепспен танысқан соң өзгереді. Әйелдерге сахнаға шығуға тыйым салынғандықтан, Виола ер адам кейпіне еніп, репетицияларға қатысады. Уақыт өте келе олардың арасында махаббат оты тұтанып, бұл сезім Шекспирдің жаңа туындысына шабыт береді.
«Күнәні өтеу», 2007 жыл
Сюжет 1930 жылдардағы Англияда басталып, Брайони мен Сесилия Таллис атты әпкелердің және олардың отбасында жұмыс істейтін бағбан Робби Тернердің тағдырына негізделеді. Сесилия мен Робби арасында терең сезім пайда болады, алайда бірқатар түсінбеушілік пен он үш жастағы Брайонидің қате айыптауы олардың өмірін тас-талқан етеді.
«Джейн Эйр, 2011 жыл
Шарлотта Бронтенің классикалық романына негізделген бұл фильм қатал жағдайда өскен, ерте жастан өзіне ғана сенуді үйренген жетім қыз Джейн Эйрдің өмірін баяндайды. Білім алған соң ол Торнфилд поместьесінде гувернант болып жұмыс істеп, оның тұйық әрі жұмбақ қожайыны Эдвард Рочестермен танысады.
Екеуінің арасында өзара құрмет пен рухани жақындыққа негізделген күрделі байланыс орнайды. Алайда Рочестердің өткенінен қалған құпиялар олардың бақытына қауіп төндіреді. Ал Джейн өзіне маңыздысы не екенін — сезім бе, әлде өз қағидаларына адалдық па — таңдауға мәжбүр болады.
«Жасырын тұлғалар», 2016 жыл
Фильм шынайы оқиғаларға негізделіп, 1960 жылдардың басында NASA зерттеу орталығында жұмыс істеген үш афроамерикалық әйел — Кэтрин Джонсон, Дороти Вон және Мэри Джексонның еңбегін көрсетеді. Олар алғашқы америкалық ғарыш миссияларын іске асыруда шешуші есептеулер жүргізеді. Алайда жоғары кәсіби біліктілігіне қарамастан, нәсілдік және гендерлік кемсітушілікке тап болады.
«Елес жіп», 2017 жыл
Оқиға 1950 жылдардағы Лондонда өтеді. Басты кейіпкер — британдық ақсүйектерге киім тігетін атақты сәнгер Рейнольдс Вудкок. Оның өмірі қатаң тәртіпке бағынған, ал жұмыс — басты құндылығы. Дегенмен жас даяшы Альмамен танысқаннан кейін бәрі өзгереді: ол оның музасына да, сүйіктісіне де айналады. Уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы тәуелділікке, бақылау үшін күреске және үнсіз келісімдерге негізделген күрделі психологиялық одаққа ұласады.
«Таңдаулы», 2018 жыл
Фильм XVIII ғасырдың басындағы, ағылшын-француз соғысы кезіндегі патшайым Аннаның сарайында өтеді. Елді іс жүзінде оның жақын құрбысы әрі сенімді серігі Сара Черчилль басқарады. Алайда сарайға кедейленген дворян қызы Абигейл Хилл келген соң, күш теңдігі өзгере бастайды.
«Кішкентай әйелдер», 1994 жыл
Луиза Мэй Олкоттың классикалық романына негізделген фильм АҚШ-тағы Азамат соғысы кезіндегі Жаңа Англияда өмір сүрген Марч әпкелерінің — Джо, Мег, Эми және Беттің тағдырын баяндайды. Әрқайсысы қоғамның күткен үміттері, қаржылық қиындықтар мен ішкі күмәндерге қарамастан өз жолын табуға тырысады.
«Эмма», 2020 жыл
Джейн Остиннің аттас романының экранизациясы. Басты кейіпкер — ағылшын провинциясында тұратын, бай әрі өзіне сенімді Эмма Вудхаус. Өзін шебер құдаша санайтын ол айналасындағылардың жеке өміріне белсенді араласады. Алайда өзгенің бақытына жол ашамын деген әрекеттері күтпеген түсінбеушілік пен көңіл қалуға әкеледі.
«Гамнет», 2025 жыл
Жақында жарық көрген бұл фильм Мэгги О’Фарреллдің аттас романына негізделген және Уильям Шекспир отбасының өміріне көркемдік тұрғыда үңіледі. Оқиға драматургтің жұбайы Агнес пен олардың ұлы Гамнеттің төңірегінде өрбиді. Баланың кенеттен сырқаттанып, өмірден өтуі бүкіл отбасының тағдырына ауыр із қалдырады. Бұл — Шекспирдің шығармашылығынан гөрі, ана қайғысы, жоғалтудың ауыртпалығы мен үнсіз мұң туралы терең әрі әсерлі хикая.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.